×

Жаттықтырушы һәм құрылысшы: бір көзінен айырылған балалар бапкері Америка аспақ

Балаларды тегін жаттықтырып жүрген Қайырлы алдағы жоспарымен бөлісті

 Наима Нұрәлі 26.01.2023 | 14:30

Professional MMA BERKUT командасынын бапкері 33 жастағы Қайырлы Қадырханұлы Астанадағы 66 шаршы метрлік жертөленің бірінде аралас жекпе-жектен чемпиондарды жаттықтырып жүр.

Ол күндіз бапкер, кешке құрылыста жұмыс істейді. 2009 жылы құрылыста жүргенде оң көзіне шыны кіріп кетіп, жанарының бірінен айырылған. Содан кейін чемпион болу мақсатын мәжбүрлі түрде бас тартып, бапкерлік жолды таңдаған. Өзі жете алмаған жетістіктерге шәкірттері жетсе деп армандайды. Бапкерлік жолды таңдағанына 15 жыл уақыт болған, бірақ ол үшін әлі ешкім қолдау көрсетпеген.

«Бес жыл болды, осы жерден чемпиондар шығып жатыр. Жабдықталған, ыңғайлы жер емес. Бірақ алдымызға қойған мақсаттарға жету үшін кедергі емес. Мақсатымыз – UFC шыңын бағындыру. Мен әкесіз өстім, анам таңнан кешке дейін жұмыста болды. Отбасында төрт ұлмыз. Кішкентай кезімнен спортпен айналыстым. Үйде бір үзім нан табу мұң болатын. Бірде ұлты орыс көрші кісі "шуламай, тыныш отырыңдар!" деп тамақ беріп кетті. Ертесіне тағы да шулап, солай тамақ жедік. Анамыз жұмыстан келгенде тойған қозыдай томпиып отыратынбыз. Сосын ол күнде қайталанатын болды. Анамыз жұмыста жүргенде аш қалдырмаған көршіме алғыс айтамын», - дейді Қайырлы Қадырханұлы.

Қайырлының достары еңбегі үшін ақы алмайтын бапкердің әрекетін сынап, тегін жаттықтырғанын құптамайды екен.

«Олар "тегін дүние адамды құртады. Бүгін спортқа баулыған балалардың ертең жаман жолға түсіп кетпесіне кім кепіл?" дейді. Олардың арасында әке қамқорлығынан айырылған балалар бар, қалай шеттетесің... Астанаға келгеніме 8 жылдан асты. Келуімнің себебі – Қазақстан чемпионын дайындау еді. Осы бір ойымды басқаларға айтқанда күлген. Қазір шәкірттерімнің арасында Қазақстан емес, әлем чемпиондары бар. Баста залды жалдау ақысын төлей алмай қиналдым. 60 мың теңге еді, қазір 130 мың теңгеге көтерілген. Құрылыста жүріп, ақша жинадым. Мен өмірде қиындықпен күрескенді жақсы көремін. Себебі адаммен күрессең, жарақат саласың. Ал қиындықпен күрессең, жаңа деңгейге көтерілесің. 2009 жылға дейін күреспен айналыстым, күнде жаттығу залында, бос уақытта құрылыста жұмыс істедім. Өмірім керемет еті. Одан кейін күрт өзгерді», - дейді бапкер.

Дәрігерлер алғаш операция жасағанда көзіне кірген шыны сынығын алып шыққан. Екінші рет операция жасағанда сау көзіне кері әсер болмас үшін сау көзін түгел алып тастауға мәжбүр болыпты. Басына қиындық түскенде айналасындағы жора-жолдастарының бірі де табылмай, тек анасы қолдау көрсетіпті. Сосын анасына салмақ салмау үшін талпынысын тоқтатпаған.

«Жоқшылықта өскен балалардың 90 пайызы бір жерді тесіп шығады. Өйткені оларда намыс, жігер бар. Қазір басымда баспана, астымда көлігім жоқ. Дүние жию – мақсат емес. Америкадан шақырту алдым, бапкерлікті сонда жалғастыруыма болады. Шәкірттерімді алып шетелге кетуді жоспарлап отырмын. 16 жастағы шәкіртім бар, анасы Америкаға алып кетуіме толықтай рұқсатын берді. Әкесі қайтыс болған. Жертөледе жүре берсем, мен де, шәкіртерім де бір орында қалып қоямыз. Балалар 18-19 жасқа толғанда "ағай, мен шетелді бағындырғым келеді" дейді. Ал мен ештеңе істей алмаймын. Себебі тамыр-танысым аз. Қазақта бауырмашылдық жоқ. Әлем чемпионаттарына барғанда қазақтарда бірлік жоқ екеніне көзім жетті. Бапкерлер бір-бірін танымайды. Ортақ чаттарда біреудің пікіріне қарсы шықсаң, жау санап шығады. Сонымен бәрі бітеді», - дейді Қайырлы Қадырханұлы.

Басында Әділет есімді шәкіртінің анасы аралас жекпе-жек қауіпті спорт түрі екенін айтып, жаттығуға баруына қарсы болыпты. Кейін анасының ойы өзгерген, тіпті АҚШ-қа баруына рұқсат еткен.

«Оның көзінде от бар. Әкесіне "ақша керек емес, балаңды маған бер. Қазақстан чемпионы етемін" дедім. Ол кезде Әділеттің жасы 11-де еді. Бір аптадан кейін баланың әкесі дүниеден озды. Үйіне барып, құран оқыдым. Шыққан соң бойымда мазасыздық пайда болды. Ұйықтай алмадым. Әкесіне берген уәдем бар еді, ал баласы Қазақстан тұрмақ, әлі қала чемпионы емес. Сосын жаттықтырып, Арал қаласындағы чемпионатқа апардым. Ол жарыста ІІІ орын алды. Бірақ көңілім тыншымады. Кейін Степногорск қаласында өткен жарысқа апардым, ІІ орын алды. Одан кейін де қиналып жүрдім. Әділет күйзеліске салынып, спортты тастап кете ме деп қатты алаңдадым. Сосын Көкшетау қаласындағы Қазақстан чемпионатына 8 бала апардым. Әділет І орын алып, спорт шеберіне үміткер атанды. Көз тимесін, Әділет осы күнге дейін жеңіліп көрмеген спортшы. Әкесі жоқ, маған сеніп отыр. Америкаға бара алмай жатсам да, Әділетті жіберемін», - дейді бапкер.

Қайырлы тәртіпті бірінші орынға қояды. Оны үнемі шәкірттерінің есіне салып отырады. Сондай-ақ әйгілі боксшы Майк Тайсонның «Ең мықты бапкер – жетістікке жетпеген адам» деген сөзін үнемі жадында сақтайтынын айтты.

«Мен бағындырмаған биіктен шәкірттерім көрініп жатыр. Бұл жағдай мені қатты қуантады. Мәселен, мен өзім ойлағандай даңқты спортшы болсам, бапкер ретінде биікке жетер ме едім?! Тіпті, Олимпиада чемпионынан да керемет бапкер шықпауы мүмкін. Мен мойныма медаль тағып көрмедім. Жеңіске келгенде ашқарақпын. Енді соған шәкірттерім жетіп жатыр. Олар Қазақстан чемпионатын бағындырып, әрі қарай бір орында тоқтап қалмасы үшін Америкаға баруды мақсат тұттым», - дейді Қайырлы Қадырханұлы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама