×

«Бала тусаң жазылып кетесің». Астанада жалғызбасты ана Тоқаевтан көмек сұрайды

Жалғызбасты ана дерті асқынып бара жатқанын айтады

 Наима Нұрәлі 13.01.2023 | 10:10

Жасы 40-тан асқан жалғызбасты ана Жадыра Төлеу қатерлі ісікке шалдыққан. Оған қоса 2007 жылдан бері теміреткімен күресіп келеді. Екі баласы бар, күйеуі 2019 жылы қайтыс болыпты. Жамбасында ине салар орын қалмағанын жеткізген Жадыра қиналғанда зияны болса да, екпені ішіп алатынын айтады. Ал дертін жеңілдететін қымбат дәрі-дәрмекке қалтасы көтермейді. Бүгінде мемлекеттен бірде-бір көмек алмайтын, пәтер жалдап тұратын бұл отбасының жалғыз ғана асыраушысы бар – Жадыраның 21 жастағы қызы. Оның да денесін түгел теміреткі қаптаған, қазір ауру анасы мен інісінің болашағы үшін күні-түні жұмыс істеуге мәжбүр.

«Маған жақпа майларын алу керек. Оның 10 грамы 6695 теңге тұрады, сондағысы үш-ақ күнге жетеді. Күніне 4 рет ауырсынуды басатын дәрі қабылдауым керек. Қызымның бар табысы дәріге кетіп жатыр. Қатерлі ісік ұлғая берсе, емдеуге де келмей қалады. Екі балам үшін жазылғым келеді. Қызым уайымнан псориазға шалдықты. Денесінің сау жері жоқ. 21 жастағы балаға обал ғой. Жұмыты тастап емделейін десе, пәтер ақысын төлеуіміз керек», - дейді Жадыра Төлеу.

Осы уақытқа дейін Жадыра мемлекеттен бірде-бір көмек алмапты. Блогерлерге, қайырымдылық қорларына да өтініш жазған. Өкінішке қарай одан нәтиже болмапты.

«Былтыр қараша айында атаулы әлеуметтік көмекке өтініш бердім. Дегенмен жәрдемақы әлі күнге дейін қолыма тиген жоқ. AMANAT партиясы Астана қалалық филиалына барып, көмек сұрағанмын. Күтіңіз деп үміттендірді. Сырқатым асқынып бара жатқан соң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап отырмын. Балаларымды анасыз қалдырмасаңыз екен. Менің өмір сүргім келеді. Балаларымды аяққа тұрғызуыма көмектессеңіз. 4 жыл бұрын жатырда миома пайда болды. Дәрігерлер балалы болсам жазылып кетуім мүмкін екенін айтты. Сеніп, ұлымды дүниеге әкелдім. Бірақ 2 жылдан аса уақыттан соң жағдайым қиындай бастады. Дәрігерлер «псориаз» деді. Міне, сол кезде теріс диагноз қойған екен. 2022 жылы қараша айында қатерлі ісік бары анықталды. Содан бері ұйқы жоқ», - дейді жалғызбасты ана.

Осы ретте AMANAT партиясы Астана қалалық филиалы атқарушы хатшының орынбасары Сақтаған Сәдуақасов ресми жауап беріп, Жадыраға қолдау көрсетілетенін жеткізді.

«Партия тарапынан Жыдыра ханымның арызын қарастырып, көмегімізді аямаймыз. Астанада бірқатар денсаулық сақтау мекемесі бар. Соларға жүгініп, сұрастырамыз. Әрі қарай көмек болады деп ойлаймыз. Былтыр ғана 4 мыңға жуық арыз келіп түсті. Көбі баспана, жұмысқа орналасу бойынша жүгінеді. Кейбір мемлекеттік органдар тұрғындардың арыз-талабына жауап бермей жататыны көпке мәлім. Сондай кезде партияның атынан қолдау көрсетеміз», - деді Сақтаған Сәдуақасов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама