×

«Пар бар ма?», «Однаразка»: Мектеп оқушыларының 80 пайызы электронды темекі шегеді

Астанадағы мектеп менеджері электронды темекіге қатысты заңды барынша күшейтуді сұрап отыр

 Наима Нұрәлі 21.10.2022 | 14:05

Елордалық мектептердің бірінде оқитын 11-сынып оқушысы Диляның (аты-жөні өзгертілген – авт.) электронды темекіге әуес болғанына үш жылдан асқан. 9-сыныпта оқып жүргенде құрбыларымен бірге әлеуметтік желідегі жарнамаға қызығып, сатып алған. Бірден ұнап қалыпты. Қазір ол электронды темекіге тәуелді екенін мойындап отыр. Мектеп оқушыларының арасында «пар бар ма?» деген тіркес трендке айналған. Осылайша 2-3 мың теңге тұратын электронды шылымды мектеп дәретханасында 5-6 қыз болып бірге шегетінін жасырмады.

«Басында қызық үшін шегіп көрдік, бірден ұнап қалды. Мектепте 5 минут сайын дәретханаға барып шегеміз. Онсыз болмайды. Әрі бәрі бір-бірінен «пар бар ма?» деп сұрап жүреді. Мектепте кімде «одноразка» бар, соны іздейді. Сұрап шегеді. Егер өзімізде болмаса, 7-сынып оқушыларынан сұраймыз. Дәретханаға бесеуіміз бірге кіріп, электронды темекінің қызығына батамыз. Кальян шекпеймін, өйткені оған бару керек, ұзақ процес. Ал электронды темекіні кез келген жерде шеге бересің, алып жүруге ыңғайлы», - дейді Диля.

Диляның сыныптастарының арасында ата-анасының көзінше де электронды шылым тартатындар бар екен.

«Мен анама бір рет ұсталып қалғанмын. Қатты ұрысты. Бірақ шегуді тоқтатқан жоқпын. Оның адамды тәуелді ететінін білемін, алайда аса қатты зиян емес. Құрбыларымның арасында анасымен бірге отырып шегетіндер бар. Өйткені анасы түсінеді. Онсыз мектепте қызық жоқ. Күнделікті қайталана беретін әрекеттен, негативтен шаршайсың. Осы электронды темекінің арқасында оны ойламай, сабақта өзіңмен-өзің отыра аласың», - деп ағынан жарылды биыл мектеп тәмамдайтын түлек.

Оқушылардың электронды шылымға тәуелділігінен мұғалімдер де хабардар екен. Ұстаздар мен мектеп директоры қанша тосқауыл қоюға тырысқанымен, оқушылар одан оңайлықпен бас тартқысы жоқ. Себебі, оларға ұнайды, тәуелді екенін жасырмайды. Десе де, Диля болашақта бұл қылығын қойғысы келетінін айтып, қуантып қойды. Денсаулығын ойлайды.

Көбі мұны шеккеннен кейін кәдімгі темекіге көшесің дейді. Мен олай ойламаймын. Мектеп бітірген соң мүлде қолыма алмайтын шығармын. Өз-өзімізді басқара аламын ғой. Кәдімгі шылымның иісі сасық, өкпені құртады. Алкогольді тіпті ұнаптаймын. Біздікі сол қарапайымы ғой, - деді Диля.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстанда жүргізген зерттеуі бойынша 11 жастан 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында электронды темекіні тұтыну төрт жыл ішінде 3 есе өскен. Азық-түлік дүкендерінде ашық сатылып жатқан вейптің бағасы 2000 теңгеден басталады. Негізі, елімізде вейпті 21 жасқа толмағандарға сатуға заңмен тыйым салынған. Алайда, саудасы қызғанын ойлайтын кәсіпкерлер мұны елеп-ескеріп жатқан жоқ. 

Астанадағы № 56 мектеп-лицейі құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі менеджері Сабира Досжанова электронды темекінің барлық түрін Қазақстанға кіргізуге жол бермеу керектігін айтады. Ол электронды темекіге қатысты заңды барынша қатаңдату керек деп отыр.

«Электронды темекі құрамында никотин, көмір қышқыл газы, көміртек тотығы, көгеретін қышқыл, аммиак, шайырлы заттар, органикалық қышқылдар сияқты 30-дан астам улы зат бар. Электронды темекі адам өкпесін ірітіп жібереді. Вейптің дәмі мен хош иісін шығару үшін пайдаланылатын түрлі қоспада май компоненттері болады, өкпеге түскеннен кейін пневмонияға шалдығады. Тыныс алу жолдары бітеліп, соңы адам өлімімен аяқталады», - дейді құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі маман Сабира Досжанова.

Электронды темекінің залалы көп. Ал мектепте оқып жүрген оқушыны одан аластату үшін мемлекеттік деңгейде шаралар қабылданбаса, олар одан өздігінен бас тарта қоюы екіталай. Бір кездері АҚШ-та «вейпинг» белең алып, адам өлімімен аяқталған. Екі жарым мыңнан аса адам өкпе ауруына шалдығып, 50-і қайтыс болғаны жайлы дерек бар. Осыдан кейін 2019 жылы Америкада электронды темекі түрлеріне тыйым салынды. 2020 жылдың басында бүкіл АҚШ-та электронды темекіге арналған картридждерді сатуға шектеу қойды. Қазақстанда да электронды темекі мен вейпке тыйым салынуы мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі тиісті заң жобасын халықтық талқылауға шығарды. Құжатта электронды темекіні айналымға шығаруға тыйым салу қарастырылған.

Осылайша, министрлік «Халықтың денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі» туралы кодекске сәйкес, вейпті ашық жарнамалау мен 21 жасқа дейінгі тұлғаларға сатуға тыйым салуды көздеп отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама