×

«Баспана бермесе, бай тауып берсін». Астанада үш отбасы қуықтай бөлмеде тұрып жатыр

Елордалық көпбалалы ананы пәтер иесі қуып шыққан

 Наима Нұрәлі 07.10.2022 | 10:27

Көпбалалы ана Айша Мейірбек пәтер жалдау үшін балаларының санын жасыруға мәжбүр. Бүгінде 3 отбасы бірігіп, 40 шаршы метрлі 1 бөлмелі пәтерді жалдап тұрып жатыр. Себебі 4 баламен жалдамалы пәтер табу қиын екенін айтады.

Оған дейін бірнеше рет пәтер иесі негізсіз жалдау құнын өсіріп, жалғызбасты ананы жайлы орнынан қуып шыққан. Қазір тұрып жатқан жерінде үй иесі бала-шағаның көптігін біліп қойса, бұл отбасының суықта далада қалуы әбден мүмкін.

Балаларыма тиесілі жәрдемақыны пәтерақыға жұмсаймын. Бізбен бірге тағы 2 отбасы тұрады, сонда әрбіріміз шамамен 55 мың теңгеден төлейміз. 8 жыл бұрын күйеуіммен ажырастым. Бір рет алимент төлеген жоқ, - дейді Айша Мейірбек.

30 жастағы келіншек бала-шағасын асыру үшін үш жерде жұмыс істейді. Құрылыс пен сауданы қатар алып жүр, одан қалды еден жуады. Астанаға 2013 жылы көшіп келген әйел бұл қаладан әбден қажығанын жасырмады. Басында нан алуға 100 теңге таппай қиналған кездері болыпты. Сол кезде сенген серігі ішімдікке салынып, құмар ойынның жетегінде кеткен. Өзіне күш көрсете бастағанда, ажырасуға шешім қабылдағанын айтты.

«Күйеуім күнделікті жұмысын істеп, жағдайымызды жасап отырса, ұрыс-керіс болмайды ғой. Әрі тағдырдың тезіне шыдай алмады, ішімдікке салынды. Есірткі қолданатын. Соның бәрін ой елегінен өткізіп, мықты болуға бекіндім. Қазір балаларымның әкесі де, анасы да өзіммін. Жасым болса 30-ға енді таяды. Жастығым осылай өтіп барады. Кейде тіршілік қажытып, балаларымның сұрағанын тауып бере алмаған сәтте не істерімді білмей, қиналып кетемін. Қазір бәрі қымбат. Оның үстіне елге ресейліктер келгелі пәтер бағасын тағы өсіреміз дейді. Атаулы әлеуметтік көмек те алмаймын. Себебі оған өтініш беру үшін тұрақты жұмысың болуы шарт. Бір жұмысты істеп, 80 мың теңге жалақы ал дейді, ол өзіңе де жетпейді ғой. Мен сияқты келіншектер «мемлекет баспана бермесе, бай тауып берсін» деп әзілдейді. Маған жалдамалы пәтер берсе де разымын», - деді Айша Медетбек.

2020 жылы көпбалалы ана ретінде тұрғын үй кезегіне тіркелген Айшаға былтыр әкімдіктегілер «тұрмыстық жағдайыңызды ескере отырып, пәтер мәселесін шешіп береміз» деп уәде еткенін көрінеді. Ол үшін пәтер құнының алғашқы жарнасын жинаңыз депті. Содан екі-үш банктен қарыз алып, 2 миллион теңге жинаған. Алайда енді «Бақытты отбасы» бағдарламасымен үй аламыз деген арманы орындалмай қалайын деп тұр. Өйткені, биыл бұл бағдарламаға өзгерістер енгізіліп, жалғызбасты аналар санаттан шығып қалған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама