×

Тоқаев президенттікке келгелі қай шенеуніктерге сөгіс жариялады

Қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескертуі болып немесе қызметі төмендетіле тұра, тағы тәртіп бұзса, онда жұмыстан шығарылады

 Ербол Тұрымбет 14.07.2022 | 14:35
коллаж: Halyq Uni

Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сауда және интеграция министріне, Ауыл шаруашылығы министріне, сондай-ақ Экология, геология және табиғи ресурстар министріне сөгіс жариялап, Цифрлық даму және аэроғарыш министріне ескерту жасады. Жалпы Тоқаев президенттікке келгелі бері тағы кімдерге тәртіптік жаза қолданды? Halyq Uni тілшісі соларды тізіп шықты.

2019 жылы 15 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында әскери ведомствоға бақылауды әлсіреткені және Арыстағы жарылысқа жол берілгені үшін Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевқа қатаң сөгіс жариялады.

2019 жылдың 7 тамызында Арыстағы жарылысқа байланысты елдің бұрынғы Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақовты Қарулы күштер қатарынан шығарды. Жасұзақов 2016-2018 жылдар аралығында Қорғаныс министрі болған.

Одан бөлек, Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – қарулы күштер бас штабының бастығы Мұрат Бектановқа, Қарулы күштер бас штабының экс-бастығы Мұрат Майкеевке және Қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары Талғат Жанжүменовке де қатаң сөгіс жариялады.

2019 жылы 29 қазанда Алматы әкімдігінде өткен жиында қала әкімінің орынбасары Ерлан Қожағапановқа Көктөбе баурайындағы 2 мыңдай алма көшетін отырғызып, қараусыз қалдырғаны үшін сөгіс жариялады.

2021 жылдың 3 тамызында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа 2019 жылы жұмысында едәуір олқылықтарға жол беріп, қызметінен босатылған Қ. Досаевты әкімдіктің басқарма басшысы етіп тағайындағаны үшін сөгіс жариялады.

2022 жылы 6 мамырда мемлекеттік қызметшілер Әдеп кодексі 9-тармағының талаптарын сақтамағаны үшін Мысыр Араб Республикасындағы төтенше және өкілетті елшіміз Қайрат Лама Шарифке сөгіс жариялады. Ол КСРО және отаршыл Ресей кезіндегі даулы атаулардан арылып, елорданың атын Астанаға қайтаруды ұсынған еді.

2020 жылы 29 маусымда коронавирус індетінің таралуына қарсы шаралар қабылдау жөніндегі кеңесте жұмысына салғырт қараған Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновке, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалинге, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовқа және ведомствоаралық комиссияның төрағасы Ералы Тоғжановқа сөгіс жариялады. Ал елорда әкімі Алтай Көлгінов пен Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевқа, сондай-ақ Инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевке ескерту жасаған.

Айта кетейік, «Мемлекеттік қызмет туралы» заң бойынша, тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін мемлекеттік қызметшілерге мынадай жаза түрлері қолданылады:

  • ескерту
  • сөгіс
  • қатаң сөгіс
  • қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту (сайланбалы мемлекеттік әкімшілік қызметкерлерді санамағанда)
  • мемлекеттік лауазымын төмендету
  • лауазымынан босату.

Ал квазимемлекеттік сектор қызметкерлері үшін Еңбек кодексі бойынша шара қолданылады. Онда:

  • ескерту
  • сөгіс
  • қатаң сөгіс
  • қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту
  • жұмыс берушінің бастамасымен еңбек шартын бұзу.

Осындай тәртіптік шара мерзімі бітпеген қызметкер қайтара тәртіп бұзса, қызметі төмендетілуі мүмкін. Егер қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескертуі болып немесе қызметі төмендетіле тұра, тағы тәртіп бұзса, онда жұмыстан шығарылады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама