«Үрейлену орынсыз»: Вендорлар Қазақстандағы АЭС құрылысына қатысты пікір білдірді

Ербол Тұрымбет

Еліміздегі АЭС тақырыбына отандық және шетелдік мамандар пікір айтты

Фото: Halyq Uni

Астанада ядролық технологиялардың алғашқы халықаралық көрмесінде шетелдік мамандар Қазақстанда АЭС салу мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Қытай ұлттық ядролық корпорациясының өкілі Чао Ган мырзаның айтуынша, Қытайда бүгінде 57 АЭС жұмыс істеп тұр, тағы 47-сі салынып жатыр. Оның пікірінше, халықтың қауіптенуі негізінен «ядролық қалдықтарды кейін қайтеді, олардың қоршаған ортаға әсері қалай болады?» деген мәселелерге келіп тіреледі.

Қытайда табиғатқа келтірер залалы жоқ. Бірнеше онжылдық бойы аздаған, орташа және жоғары әсері бойынша тәжірибе жүргізіп көрдік. Қазіргі жағдайда кері әсері байқалмайды. Оның үстіне, Қытайда ядрлық қалдықтарды қайта өңдейтін арнайы орындар бар, – дейді ол.

Electricite de France мемлекеттік компаниясының өкілі Пьер-Поль Антениссенстің айтуынша, ел ішінде әрқандай күдіктің болатыны түсінікті. Францияда да бүкіл электр энергиясының 75%-ы ядролық энергетикадан алынып отырса да халықтың арасында қорқыныш әлі де бар. Бұл қалыпты жағдай. Бастысы, жүйенің қауіпсіздігіне жеткілікті мән беру керек. Ядролық энергетика ауаға лас қалдық шығармайды. Сол үшін Еуропалық одақ оны жасыл энергия санатына қосты. Сондықтан біздің компания да алдымен қауіпсіздікке мән береді.

Негізі АЭС салу өте ұзақмерзімді жоба. Ол үшін мамандарды оқытып, оларды біліктілік тұрғысынан дайындау керек. Біздің компания жергілікті қазақ мамандарымен жұмыс істегісі келеді. Сол үшін осы мәселеде компаниямыз көмек көрсетуге дайын, – дейді ол.

«Пайдасымен бірге қаупін де ашық талқылау қажет»

Тағы бір франциялық Assystem компаниясының вице-президенті Гийом Пуравенің сөзінше, Қазақстанның уран өндірісі саласында белгілі бір деңгейде тәжірибесі бар. Уран өндіруден әлемдегі жетекші елдердің бірі. Сондықтан компания Қазақстанның ядролық саласын дамыта алатынына сенеді.

Сондай-ақ ол АЭС салу мәселесінде үш түрлі дәстүрлі мәселелерге мән беру қажет деп санайды.

Біріншіден, озық елдердің тәжірибесін үйрену. Екіншісі, барынша ашық болу. Халықпен сөйлесіп, түсіндіріп, оның тек пайдасын ғана айта бермей, қаупін де ашық талқылау тұрақтылыққа әкелуі мүмкін. Үшіншіден, технология күннен-күнге дамып жатыр. Соған сай мамандар да заманына лайық біліктілігін шыңдап отыру керек.

Ядролық физика институты Астана қаласы филиалы директорының орынбасары Дарын Бөргековтің айтуынша, АЭС тақырыбы әу бастан Қазақстан үшін таңсық дүние емес. 

Алматыдан 20 шақырым жерде, Алатау шағын ауданында орналасқан суық сулы атом реакторы бар. Оның жұмыс істеп тұрғанына 57 жыл болды. Қазір «ЖЭС пен АЭС-тің айырмашылығы неде?» деген сұрақ туса, ЖЭС-те суды буға айналдыру үшін көмір жағылады. Ал АЭС-те атом реакторы ғана, айырмашылығы сол ғана. Ойлап қарасаңыз, 57 жыл бойы тоқтамай жұмыс істеп тұрған атом рекаторы болса, «енді 10 жылдан кейін АЭС салсақ бола ма?» деген сұрақ орынды ма?, – дейді Дарын Бөргеков.

Оның сөзінше, Алматыдағы Ядролық физика институтында 750 адам жұмыс істейді. Онда радиациялық қауіпсіздік және ядролық қауіпсіздік бойынша екі орталық бар. Ядролық қауіпсіздік ортылығы МАГАТЭ-нің бір орталығы ретінде саналады. Соның бәрін көре тұра, «елімізде АЭС салса, маман жетіспейді» деу дұрыс еместігін айтады.

Сонымен қатар, бізде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Е. Гумилев атындағы ЕҰУ-мен келісім бар. Олардың студенттері, магистрант, докторанттары осы реакторда зерттеулерін жасап, диссертацияларын қорғап, білікті маман болып шығып жатыр. Тіпті, зертханаларға лаборант ретінде жұмысқа алып, оларды оқуын бітіргенше дайын маман етіп шығарамыз, – дейді ол.

Тағы бір айтары, егер біздің мамандарға сенім болмаса, дүние жүзіндегі барлық АЭС-ті МАГАТЭ жылына 3-4 рет тексеріп отырады. Егер ақау табылса, бірден тоқтатады. Сондықтан АЭС-тің қауіпсіздігіне отандық мамандар ғана емес, әлемдік ұйым да жауап береді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Теориялық және ядролық физика кафедрасының меңгерушісі Медеу Әбішевтің айтуынша, АЭС салынатын болып шешім қабылданса, салатын компаниямен келісімшарт жасалады. Олар сол реакторда жұмыс істейтін адамдарды өз технологияларымен қалай жұмыс істейтініне дайындап шығару керек.

Ондай сертификат алу үшін адам 8 жыл дайындалады. Мәселен, бізде Ядролық физика институтын бітірген түлектер компания 8 жыл бойы салып жатқан шақта, сонша уақыт бойы машықтарын жетілдіреді. Сайып келгенде, құрылыс біткен шақта мамандар да дайын болып тұрады, – дейді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан тұрғындарының жартысынан көбі АЭС салуды қолдайтынын жазған едік.

Биыл 7-18 тамыз аралығында телефон арқылы сауалнама жүргізіліп, оған 1200 респондент қатысқан. Жалпы сауалнамаға қатысқандардың көпшілігі (53,1%) АЭС салу идеясын қолдайтынын айтқан. АЭС салу идеясын қолдайтындар оған үлкен үміт артатынын және олар 2030 жылға қарай бұл нысан электр тапшылығы мәселесі шешетініне сенетінін білдірген.

Ал премьер-министр Олжас Бектенов АЭС бойынша референдум өткізуге қатысты үкімет қаулысының жарлық жобасын Президент әкімшілігіне енгізуді тапсырды.