×

АЭС бойынша референдум: үкімет мақұлдаған құжат президент әкімшілігіне жіберіледі

Премьер-министрдің айтуынша, атом энергетикасын дамыту Қазақстан үшін болашағы өте зор бағыт

 Дәурен Ерболат 27.08.2024 | 11:39
Фото: Коммерсантъ/ Олег Харсеев

Премьер-министр Олжас Бектенов АЭС бойынша референдум өткізуге қатысты үкімет қаулысының жарлық жобасын Президент әкімшілігіне енгізуді тапсырды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Үкімет отырысында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бұл мәселені қарауды ұсынды.

«Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша республикалық референдумға бастамашылық жасау және республикалық референдумды өткізу туралы Қазақстан президентінің жарлығы жобасын президент қарауына енгізу туралы үкімет қаулысының жобасын қарауға шығаруды ұсынамын», - деді министр.

Оның сөзін премьер-министр толықтырды.

«Қазақстанда атом энергетикасын дамыту мәселесі көптен бері көтеріліп келеді. Бұл саланың перспективасы зор екені анық. Бізде ядролық отын өндірісі толықтай дерлік игерілген. Шағын реакторларды пайдалану тәжірибесі жинақталды. Бұл бағытта мамандар мен ғалымдарымыз да бар. Кадр даярлауға да көңіл бөлініп келеді. Сондықтан атом энергетикасын дамытудың келесі кезеңіне көшу дұрыс қадам болып табылмақ. Әсіресе, еліміздің энергетикалық инфрақұрылымына жүктеме артып отырған бүгінгідей жағдайда бұл мәселенің маңызы айрықша», - деді Олжас Бектенов.

Ол қазір елімізде энергетикалық қуат тапшылығын барын атап өтті.

«Проблеманы осы бастан шешпесек, онда экономиканың әрі қарай өсуіне қажетті электр энергиясын үлкен көлемде сатып алуымызға тура келеді. Көптеген ел атом энергиясына иек артады. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің мәліметінше бүгінде әлемнің 31 елінде 415 ядролық энергоблок жұмыс істейді. Қазір 15 мемлекетте, соның ішінде Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания мен Түркияда жаңадан 61 атом станциясының құрылысы жүріп жатыр.

Оның үстіне халықаралық қаржы институттары көмір электр станцияларына инвестиция салудан бас тартып жатыр. Өйткені жаһандық күн тәртібінде көміртегі бейтараптығы мәселесі тұр. Осы тұрғыдан алғанда да аталған мәселенің маңызы арта беретін болады. Ал жаңартылатын қуат көздері тұрақты энергиямен қамтамасыз ете алмайды. Алайда экономиканың дамуы мен халық санының өсуін ескерсек, келешекте ол да электр энергиясының тапшылығын жабуға жеткіліксіз болады», - дейді премьер-министр.

Айтуынша, атом энергетикасын дамыту Қазақстан үшін болашағы өте зор бағыт. Заманауи Атом электр станциялары көп деңгейлі қауіпсіздік жүйесімен жабдықталған.

«Қазақстанда Атом электр станциясын салу туралы шешім қабылданған жағдайда оны жобалау, салу және пайдалану кезінде МАГАТЭ-нің халықаралық қауіпсіздік стандарттары қатаң басшылыққа алады. Сонымен қатар шикізат базасы өзімізде, яғни уран бағасының ауытқуы бізге әсерін тигізбейді. Бұл электр энергиясына тұрақты әрі болжамды тарифтерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - дейді Үкімет басшысы.

Премьер-министр Үкімет қаулысының жобасына дауыс беруді ұсынды.

Қаулы жобасын Үкімет мүшелері қабылдады. Жарлық жобасы Президент әкімшілігіне енгізіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама