«Жойқын жер сілкінісінің 100 жыл сайын қайталанатыны дәлелденбеген»: Мэлс Елеусізовтің мәлімдемесіне сейсмолог жауап берді
Маман Қытай аумағында болатын жер сілкінісі Алматыға қауіп төндірмейтінін айтты
Алматыдағы жер сілкінісінен кейін БАҚ беттерінде жойқын дүмпу 100 жылда бір қайталануы мүмкін екені айтылған ақпарат тарады. Мұндай пікірді эколог Мэлс Елеусізов айтқан.
Қаңтарда болған жер сілкінісінің эпицентрі Қырғызстанда болғандықтан, енді тоқтайтын шығар деп ойлаған едік. Енді Кемин тақтасы шықты. Ал Кемин тақтасынан шыққан зілзала бұрын Алматыда 1887, 1911, 1921 жылдары болған. Кемин жер сілкінісі Алматының күл-талқанын шығарады. 100 жылда бір болатын қатты жер сілкініс қайталануы мүмкін, қазір уақыты да келіп тұр. Жер шары қызып барады, бұл адамдардың ісі, - деген эколог сұқбатының бірінде.
Halyq Uni бұл пікірдің қаншалықты шындыққа жанасатынын Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы директорының орынбасары Нұрсәрсен Өзбековтен сұрады.
Мэлс Елеусізов өз пікірін айтып отыр. Ол кісі бұрын осы жерде жойқын жер сілкінісі болғанына сүйенген. 1887 жылғы Верныйдағы жер сілкінісі, 1889 жылғы магнитудасы 8,3 Шелек жер сілкінісі, 1911 жылғы магнитудасы 8,2 Кемин жер сілкінісі бар. Ол жағдайда ғимараттар қирап, адамдар қайтыс болды. Елеусізов осы деректерге сүйеніп айтып отыр, яғни жер сілкінісі цикл бойынша жүреді дейді. 100 жылда, 120 жылда бір болуы мүмкін екенін айтқан. Біздің болжам геофизикалық, гидродинамикалық, гидрохимиялық деректердің негізінде жасалады, - дейді Нұрсәрсен Өзбеков.
Маман «Алматыда 100 жылда жойқын жер сілкінісі болады» деген пікірдің ұзақмерзімді болжам екеніне тоқталды. Айтуынша, 100 жылда жойқын жер сілкінісі болады деген пікір дәлелденбеген, тек болжам күйінде қалып отыр.
Оның қай уақытта, қашан болатыны белгісіз дүние. Бұл – бір. Екіншіден, біздің өңірде мұндай жер сілкінісі бір рет қана болды. Геологиялық уақытпен алғанда Верный, Шелек және Кемин жер сілкінісі бір мезетте болған. Бізде бұдан басқа дерек жоқ. 100 жылда болады деп айту үшін «1800, 1700, 1600 жылдары осындай жер сілкіністері болды ма?» деген сұраққа жауап табу қажет. Біздің жер қыртысымыздың сондай қасиеті бар ма? Бұл сұрақтарға жауап беретін қолымызда дерек жоқ. 2000 жыл келді, бірақ мұндай сілкініс болған жоқ. 100 жылдан кейін жойқын жер сілкінісі болған жоқ. Сондықтан бәрі болжам, - дейді Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы директорының орынбасары.
Айтуынша, 2024 жылдың 23 қаңтары және 4 наурызында Қазақстан аумағында сезілген жер сілкінісінің ошағы шетелдерде орналасқан.
«Олар Алматыда болып жатқан жоқ. 23 қаңтарда Алматыдан 270 шақырым жерде Қытай мен Қырғызстан шекарасында болды. Алматыда 5 балл болып сезілді. 4 наурызда жер сілкінісі Алматыдан 31 шақырым жерде Қырғызстан мен Қазақстан шекарасында болды. Алматыда 5 балл болып тіркелді. 6 наурызда сезілген жер сілкінісінің ошағы Қытайда орналасқан. Ол – ілеспе дүмпу. Оған байланысты сейсмикалық процестер жүріп жатыр. Ол ошаққа алаңдаудың қажеті жоқ. Себебі ол жерде болатын күшті жер сілкінісі Алматыға қауіп төндірмейді», - дейді маман.
Нұрсәрсен Өзбеков Қырғызстан мен Қазақстан шекарасында болған жер сілкінісінен кейін бірнеше ілеспе дүмпу болуы мүмкін екенін айтады. Алайда оған да алаңдаудың қажеті жоқ.
«Кеше ғана ол ошақта бір ілеспе дүмпу тіркелді. Ол ошақ өзі тынышталды деп есептейміз. Ошақ Күнгей Алатауы мен Іле Алатауы ортасында орналасқандықтан, ол жерге құрылғы қойып, 4-5 мың метр биіктікті қадағалайтын мүмкіндігіміз жоқ», - дейді Нұрсәрсен Өзбеков.
4 және 6 наурызда тіркелген екі жер сілкінісінің бір-біріне байланысы жоқ. Екі ошақтың арақашықтығы – 240 шақырым.
Қытай ошағында болған жер сілкінісінен кейін 8 мыңға жуық афтершок тіркелді. Қырғызстан-Қазақстан шекарасында болған жер сілкінісінен кейін әлсіз бір афтершок тіркелді. Жер қыртысының жер сілкінісінен кейін қалыпқа келуі ұзақ уақытқа созылуы мүмкін. Ол сол жердегі тау жыныстарының құрамына, қасиетіне байланысты. Сондай-ақ тау жыныстарының тез жиналу мүмкіндігіне байланысты әртүрлі уақытты алады. Кейде 3-4 айға созылады, - дейді Нұрсәрсен Өзбеков.
ҚАҢТАРДА 4 МЫҢНАН АСА АФТЕРШОК ТІРКЕЛДІ
Алматыда қаңтардағы жер сілкінісінен кейін 4 мыңнан аса афтершок тіркелді. Мамандар табиғи құбылыстың әлі күнге дейін жалғасып жатқанын хабарлаған еді. Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы жер қыртысының флюидті режимі зертханасының меңгерушісі Елизавета Есенжігітованың айтуынша, Алматыда күніне бірнеше рет жер сілкінеді, алайда тұрғындар оны сезбейді. Мұндай жер сілкінісін құрылғылар тіркейді.
Алматыдағы жағдай қалыпты. Кейінгі бес жылда ел бойынша жыл сайын 8-9 мың рет жер сілкінді, соның 15-20-сы ғана адамға сезіледі. 2023 жылдың басқа жылдардан айырмашылығы жоқ. 2020 жылы ғана оның көрсеткіші 10 мыңға жетті. Алматы оңтүстік-шығыста орналасқан, Бұл – Қытай және Қырғызстанмен шекаралас аймақ. Бұл жерде таулы қыраттар бар. Геологиялық есептеу бойынша қарасақ, осы таулардың түзілуі жердің қозғалысына әкеледі. Қазақстанда тіркелген жер сілкінісінің көбі шекаралас таулы аймақтарда болады. Соңғы жер сілкінісін алсақ, бізде магнитудасы 4, кей жерде 5 болса, негізгі ошағында – 6,7. Шет елдің мәліметі бойынша магнитудасы – 7,1. Біз жер сілкінісінің ошағында қанша болғанын білмейміз. Себебі басқа мемлекет, ол жерлерде біздің құрылғылар тұрған жоқ. Сол себепті айырмашылық бар, - дейді Есенжігітова.
Айтуынша, институттың кейінгі 30-40 жылдағы болжамы дәл келген. Себебі ірі жер сілкіністеріне ғана болжам жасалады. Ірі жер сілкінісі – магнитудасы 5,5-тен жоғары дүмпу. Ол кезде ғимаратқа да зақым келеді, адамдар да сезеді. Одан төмен жер сілкіністері айына, күніне, сағатына бірнеше рет болады, оларға болжам жасаудың қажеті жоқ. Ал соңғы жағдайда адамдар жел сілкінісін сезді, себебі ол жерге жақын қабатта болды.
НАУРЫЗДАҒЫ ЖЕР СІЛКІНІСІ
Алматыда 4 наурыз сағат 11:22-де 5 балдық жер сілкінісі тіркелді. Жер сілкінісінің эпицентрі Алматы қаласынан оңтүстікке қарай 31 шақырым жерде орналасқан.
Сол күні 12:54-те 2 балдық дүмпу болды. Жер сілкінісінің эпицентрі Алматыдан оңтүстік шығысқа қарай 255 шақырым жерде Қытай аумағында орналасқан. Мамандар мұның автершок екенін хабарлады.
Содан кейін президент Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновке мегаполис тұрғындарының амандығын сақтау және Алматыдағы жағдайды бақылауды қамтамасыз ету үшін қала әкімі Ерболат Досаевпен, сондай-ақ қаладағы барлық жауапты мекемелермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуді жалғастыруды тапсырды.
5 наурызда министр Үкімет отырысында ведомствоның жер сілкінісі кезінде бірінші минуттан бастап қажет шараларды үйлестіргенін айтты.
Жер сілкінісін кез келген төтенше жағдай сияқты алдын ала болжау мүмкін емес. Осыған байланысты министрлік оның алдын алу және халықты бірінші кезектегі әрекетке дайындау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бұрын сізге баяндағанымдай, 20 ақпаннан бастап Алматыда азаматтарды төтенше жағдайларға даярлау үшін министрліктің басшылары қатарынан жедел топ жұмыс істеп жатыр. Осы қысқа мерзім ішінде жер сілкінісі кезеңінде азаматтардың іс-қимылдары туралы ауқымды ақпараттандыру және түсіндіру жұмыстары жүргізілді, - деді Әрінов.
6 наурызда Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Сеймология институтындағы ғылыми қызметкерлер бейшараның күйін кешіп жүргенін айтты.
«Дүйсенбіде Алматыда үлкен жер сілкінісі болды. Кеше мен Алматыдағы Сеймология институтының ғылыми қызметкерлерімен кездестім. Осында сіз оларға Үкіметтен қолдау көрсетіліп жатыр дедіңіз. Іс жүзінде сеймология институтындағы ғылыми қызметкерлер бейшараның күнін көріп отыр. Олардың ешқандай ғылыми жобалары қабылданбаған. Ғылыми жобаны министрлікке жіберсе, оны қайтарып жіберіп жатыр. Бүкіл қаржыландыруды қыстартып тастаған. Олар айлығын да ала алмай жүр. Сондай-ақ сейсмостанциялар қаңылтыр темірге айналған. Оны музейге де қабылдамайды. Қазір сейсмикалық қауіпсіздік дәрежесі осындай», - деді Бақытжан Базарбек.