×

Қазақстан әйелдері неліктен зейнетке ерте шығу керек: көрші елдердегі тенденция мен сарапшылар пікірі

Қазір Қазақстандағы әйелдердің зейнет жасы - 60,5 жас

 Халық үні 25.05.2022 | 10:39
көрнекі фото: ашық дереккөзден

Соңғы уақытта Қазақстандағы әйелдердің зейнет жасын 58-ге дейін төмендету мәселесі жиі қозғала бастады. Тіпті, осы мәселеге қатысты Қазақстан әйелдері қозғалысы бірнеше рет жиналып, талабын айтты.

Мемлекет әйелдердің зейнет жасын 63-ке жеткізіп, ерлермен теңестіруді көздеп отыр. Алайда бұл шешімге наразы топ күн санап өсіп, әйелдердің зейнет жасын 58-ге төмендету мәселесі қайта күн тәртібіне шықты.

Зейнет жасын ұзарту – әлем бойынша тенденция. Еуропа халқы кем дегенде 60 жастан бастап «құрметті еңбек демалысына» шығады. Мысалы, Англиядағы әйелдер – 62, Германиядағы әйелдер 65 жастан бастап зейнетақы алады. Сарапшылар мұның себебін ондағы халықтың «қартайып» бара жатқанымен түсіндіреді.

ТМД елдері де зейнет жасын төмендетуді жоспарлап отырған жоқ. Негізгі ортақ себебі – бюджетке салмақ салмау, зейнетақы қорын молықтыру.

Кесте 2021 жылғы мәлімет бойынша ашық дереккөздерге сүйене отырып әзірленді. Ескерту: Қазақстанда биыл әйелдердің зейнет жасы 60,5 жасқа көтерілді

Қазақстанның демографиясы 2000 жылдан кейін айтарлықтай өсіп, бүгінде жастарға жұмыс тауып беру мәселесі күн тәртібіне шықты. Бұл туралы Еңбек және халықтың әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова үкімет отырысында мәлім етті.

Әлемдік денсаулық сақтау жүйесінде Қазақстанның көрсеткіші ТМД елдерінің ішінде ең үздік болғанымен, әлем елдерімен салыстырғанда нәтиже төмен. Денсаулық сақтау жүйесі бойынша әлем елдері рейтингінде Қазақстан 95 елдің ішінде 58-ші орынға тұрақтады.

«МЕМЛЕКЕТТІҢ НЕГІЗГІ КӨРСЕТКІШІ – ХАЛЫҚҚА ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҒДАЙ ЖАСАУ»

Экономист Бауыржан Ысқақовтың пікірінше, зейнет жасын төмендету дұрыс. Сонымен қатар зейнетке шыққаннан кейін жұмыс істеймін деушілерге белгілі мөлшерде мүмкіндік берілуі керек.

«Біріншіден, зейнет жасын төмендету еңбек нарығына оң әсер етеді. Өйткені үш жыл бұрын зейнетке шыққанның өзінде қаншама жұмыс орны босайды. Жұмыссыздық мәселесін 12-15 пайыз шешуге болады. Екінші, жалпы алпыс жастан асқан адамның физикалық, моральдық, психологиялық қабілеті төмендейді. Қай салада болса да еңбек өнімділігі, еңбек белсенділігі азаяды. Демек, зейнет жасы төменірек болса, бәсекеге қабілетті маман дайындау, бәсекеге қабілетті өнім даярлау мүмкіндігі болады», - дейді сарапшы.

Экономистің айтуынша, адамдарды зейнетке ерте шығара бастасақ, зейнетақы төлеуге квазимемлекеттік сектордағы табыстың бір бөлігін бағыттауға болады.

«Адамдарға әлеуметтік тұрғыда жағдай жасау – мемлекеттің негізгі көрсеткіші. Адамдарға ерте зейнетке шығуға жағдай жасасақ, әлем рейтингінде көрсеткіш жақсарып, инвестиция құйылуына мүмкіндік береді. Өйткені халықаралық инвесторлар сол елдің әлеуметтік жағдайына назар аударады. Мемлекет әлеуметтік салаға қаражатты көбірек бұрса, бұл инвесторларға сенім ұялатады деп ойлаймын», - дейді Ысқақов.

Сарапшының кей пікірі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтқанын құптайды. Еңбек министрі Қазақстандағы 2000 жылдан кейінгі уақытты «демографияға қолайлы кезең» деп атайды. «Қолайлы кезеңде дүниеге келген жас буын еңбекке араласа бастады. Алдымызда оларға жұмыс табу мәселесі тұр», деген еді министр.

«ЗЕЙНЕТАҚЫ - АУЫЛДАҒЫ ТАБЫС КӨЗІ»

Экономист, Public Policy Research Center директоры Меруерт Махмұтованың айтуынша, ауылда тұратын халықта табыс көзі жоқ.

«Зейнет жасын өсіру бастамасын Мәжілісте отырған әйел-депутаттар көтерді. Олардың мүддесі белгілі – орындарында ұзақ отыруды ойлайды. Заң жобасын Үкімет пен Парламенттің екі палатасы талқылаусыз мақұлдады. Үкімет 2023 жылға қарай 19,6 миллиард доллар бюджет тапшылығы болады дегенді алға тартып, әйелдердің зейнет жасын көтеру керек деді. Өкінішке қарай, халықтың жартысы ауылда тұрады. Ауылда әйелдерді айтпағанда, жалпы еңбекке қабілетті азаматтардың денінде жұмыс жоқ екенін және зейнетақы деген оларға үй шаруашылығында түсетін жалғыз табыс көзі болып отырғанын Үкімет ескермеді. Оған қоса, әйелдердің көпшілігі білім беру және денсаулық сақтау саласында, ең төменгі жалақы төленетін секторларда жұмыс істейді», - деді Махмұтова.

Экономист Мақсат Халықтың пікірінше, зейнет жасын өсіру әлемдік тенденция. Бірақ Қазақстан денсаулық сақтау жүйесін ілгерілетуі керек. Сарапшы ауыр еңбек жағдайында жұмыс істеген немесе ерекше балаға күтім жасайтын әйелдерді ертерек зейнетке шығарудың жолын қарауды құп санап отыр.

КЕРЕК ДЕРЕК

Қазір Қазақстанда мынадай жеңілдіктер бар:

  • Бес немесе одан көп бала туып (асырап алып), оларды он сегіз жасқа дейін тәрбиелеп өсірген әйелдер 53 жаста зейнетке шығады;
  • 1949 жылғы 29 тамыздан 1963 жылғы 5 шілдеге дейін кем дегенде бес жыл Семей ядролық сынақ полигонының төтенше және радиациялық қауіп аймағында тұрған әйелдер зейнетке 45 жаста шығады.
  • Жұмыс істемей, бала тәрбиесімен ғана айналысқан аналарға әр баланы үш жасқа дейін бағып-қаққаны еңбек өтілі болып жазылады (жалпы еңбек өтілі 12 жылдан аспауы керек).
  • Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жеткілікті қаржысы бар қазақстандықтар зейнетақы аннуитеті құқығын (зейнетақы қорындағы қаржысын зейнетке шықпай тұрып алу) пайдалана алады. 2022 жылғы қаңтардың бірінен бастап зейнетақы аннуитеті туралы келісімге отыру жасы 45 жасқа дейін төмендеді. Бірақ аннуитет төлемдері әйелдерге 52 жастан, ерлерге 55 жастан бастап беріледі.

P.S. Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов «шахтерлер мен мүмкіндігі шектеулі баласы бар әйелдердің ұсынысына байланысты» зейнет жасын қысқарту мәселесі қаралатынын, жыл соңына дейін әлеуметтік кодекс таныстырылатынын айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама