×

Боранбаевтан Бишімбаевқа дейін: 2023 жылдың ең шулы істері

Бұл тізімде экс-министр мен әкім де бар

 Айгерім Таубай 02.01.2024 | 17:07

Қазақстанда 2023 жылы бірқатар шулы іс бойынша сот процесі өтті. Бірнеше шенеунік сотталды, енді біріне қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Halyq Uni бір жыл ішінде елдің назарын аударған істерге шолу жасады.

ҚАЙРАТ БОРАНБАЕВ СОТТАЛЫП, АРТЫНША БОСАП ШЫҚТЫ

Жыл Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы, кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың соттағы ісімен басталды. 4 қаңтарда өткен сот отырысында ол өзінің елден қашуға оқталғанын жоққа шығарды, өзінің таңғы 5-те ұсталғанын, алайда түнгі уақытта ұшуы керек болғанын айтып ақталды.

«Елден неге қашамын? Осында дүниеге келдім, ер жеттім. Әкем осында жерленген. Анам осында, бизнесім де осы жерде. Қайда қашамын?», - деді Боранбаев журналистерге.

Қайрат Боранбаев, Роман Наханов және Ибулла Сердіге қатысты қылмыстық іс жарты жылдан аса уақытқа созылды. Оларға газды жеткізу барысында мемлекеттің 14,5 млрд теңге қаражатын жұмсады деген айып тағылды.

23 қаңтарда істі қараған судья Назгүл Бапақова БАҚ өкілдеріне сот процесінен ақпарат таратуға тыйым салды. Осылайша соттың біраз бөлігінен көпшілік бейхабар қалды.

Сот процесі басталғанына үш ай өткенде мемлекеттік айыптаушы Қайрат Боранбаевтың мүлкін тәркілеп, өзін 8 жылға соттауды сұрады.

Кәсіпкер соттағы соңғы сөзінде Qazaq Gaz-ға келген шығын толық көлемде өтелгенін алға тартып, соған байланысты әділ шешім шығарылатынына сенім білдірген еді.

31 наурызда Қайрат Боранбаев, Роман Наханов қылмыстық кодекстің 28-бабы 5-бөлігі және 189-бабы 4-бөлігі, 218-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Qazaq Gaz АҚ басқарма басшысының бұрынғы орынбасары Тайыр Жанұзақ та 8 жылға сотталды. Сот заңды күшіне енбеді.

Сотталғандар заңды құқығын пайдаланып, сот үкіміне апелляциялық шағым түсірді. Артынша бірінші сатыдағы сот үкімінің күші жойылды. Сот алқасы үкімнің «хаттама болған» деген болжамға сүйеніп шығарылғанын алға тартқан.

Осы сәтте БАҚ беттерінде Боранбаевтың мемлекетке 90 млрд теңгенің мүлкін қайтаратыны, 30 млрд теңгені Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына аударатыны айтылды.

Боранбаев пен басқа да сотталушылар тағылған айыпты мойындап, тергеумен процестік келісімге келуге ниет білдірді. Мемлекеттік айыптаушы да жазаны 8 жылдан 6 жылға дейін төмендету дұрыс деп шешті.

15 қыркүйекте Астанада Боранбаев 6 жылға сотталды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейтін болды.

20 қазанда Қайрат Боранбаевтың бостандыққа шығатыны белгілі болды. Сот шешімімен ол пробациялық бақылауда болады. Шешім шығару барысында оның жазаның 1/3 бөлігінін (2 жыл 4 ай 5 күн) өтегенін, мемлекетке келген шығынды толық өтегенін ескерген.

6 қарашада кәсіпкер Қайрат Боранбаев шартты жазамен бостандыққа шықты. Ақмола облысының соты 20 қазанда бас бостандығынан айырылған Қайрат Боранбавтың жазасын жеңілдетіп, бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады

ҚУАНДЫҚ БИШІМБАЕВ ІСІ

2023 жылдың 9 қарашасында Астана мейрамханаларының бірінде қайғылы жағдай болып, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова қайтыс болды. Сол оқиғадан кейін Бишімбаев қамауға алынды.

Астана полиция департаменті әйелді өлтіру фактісі бойынша тергеу қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі («кісі өлтіру») бойынша жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Салтанат Нүкенованың қазасына байланысты арнайы тапсырма берді. Президент бұл жағдайды қатаң бақылауға алып, Әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық көрсету фактілерінің жолын кесуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, заң мен тәртіп қағидаты Қазақстан қоғамының идеологиялық және саяси темірқазығына айналуға тиіс. Қазіргі қалыптасқан жағдай көшедегі мәдениетсіздіктен бастап, төбелес, ұрлық, кісі өлтіруге дейінгі құқықбұзушылықтың барлық түріне ымырасыз қарсы тұруды талап етеді.

Президент осындай келеңсіздіктермен тұтас қоғам болып күресу керек деп санайды. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама