×

Маман тапшылығы, жалақының аздығы: Қазақстан электр желілерінің әбден тозығы жеткен

ШҚО-дағы электр таратушы желілер 80% тозған

 Айнұр Шошаева 23.05.2022 | 17:53
фото: kegoc.kz

Энергетика министрлігінің мәліметіне сәйкес, ел өңірлеріндегі электр желілік компаниялардың тозуы 66% құрайды. Электр желілері қатты тозған өңірлердің көшін Шығыс Қазақстан облысы бастап тұр - 80%, Батыс Қазақстан облысы - 82%, сондай-ақ Қостанай облысы - 73%.

Қазақстан егемендігін алғалы елдегі  ұлттық электр желісін жаңғырту және дамыту аясында 2 мың шақырымнан астам жоғары кернеулі электр желілері пайдалануға берілген.

«Желілерді пайдалану мерзімі материалдар мен жабдықтар шығаратын зауытқа байланысты. Бұдан басқа, электр желілік компаниялар жыл сайын электр желілерін реконструкциялау, жаңғырту және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізеді, бұл да қызметтің пайдалану мерзімін ұзартады», - деп хабарлады министрлік.

Ведомство ақпаратына сәйкес, электр энергиясын беру жөніндегі қызмет табиғи монополиялар саласына жатады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу комитеті тарифтерді бекітеді және әрбір энергия беруші ұйым үшін жеке инвестициялық бағдарламаларды қабылдайды.

«Мемлекет басшысының электр энергетикасы саласын дамыту мәселелері туралы 2021 жылғы 26 мамырдағы кеңесте айтылған хаттамалық тапсырмасының 6-тармағын орындау үшін Үкімет нысаналы индикаторларды, қаржыландыру көлемдері мен көздерін айқындай отырып, электр желілерінің физикалық тозу деңгейін кезең-кезеңімен төмендету жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті, ол Президент әкімшілігімен келісілді. Нәтижелер электр желілерінің табиғи тозу деңгейін 2025 жылға қарай 66%-дан 62,8%-ға дейін төмендету болады, оның ішінде инвестициялар тарту жөніндегі іс-шаралар көзделген», - деп қосты Энергетика министрлігінде.

Бүгінде Қазақстанда энергия жеткізуші үйымдарда 34 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Алайда ведомство соңғы жылдары саладағы мамандар өндірістің басқа саласына (мұнай, газ, құрылыс) және шекаралас мемлекеттерге кетіп жатқанын атап өтті. Мамандардың басқа жұмысқа ауысуы негізінен электроэнергетика саласындағы жалақының төмендігіне байланысты болып отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама