×

Бір жыл - бір белес: Президенттің инаугурацияда айтқан мәселелері қалай орындалып жатыр?

2022 жылдың 26 қарашасында Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсімі өтті

 Айгерім Таубай 25.11.2023 | 09:00
Фото: Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент сайлауында жеңіске жетіп, ұлықтау рәсімі өткеніне жыл болды. Осы аралықта мемлекет басшысы елді аралап, бірнеше өңірде халықпен кездесті. Halyq Uni президенттің бір жылдағы жұмысына шолу жасады.

2022 жылдың 26 қарашасы. Бұл – Тоқаевтың салтанатты ұлықтау рәсімі өткен күн. Алайда оған дейін 20 қарашада президент сайлауы өтті. Нәтижесінде Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылардың 81,31% (6 456 392 адам) дауысын жинап, жеңіске жетті.

Президентті ұлықтау рәсімі Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен еді. Белгіленген тәртіп бойынша жаңа сайланған мемлекет басшысы ант берді.

Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін!, деді.

Тоқаев сайлау нәтижесін «халықтың батасы» деп қабылдайтынын жеткізді.

САЙЛАУДАН КЕЙІНГІ САПАРЛАР

Тоқаев бір жыл ішінде 14 елге барған. Оның ішінде сайлаудан кейінгі алғашқы сапарын Ресейден бастады. 2022 жылдың 28 қарашасында Ресейге барып, XVIII Өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысты. Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путин дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына орай Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Декларацияға қол қойды.

Тоқаев Ресейден кейін бірден Францияға барды. Бұл сапардың да мәні бар. Себебі Франция 2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына 17 млрд доллар инвестиция құйған, осылайша ең ірі 5 инвестор елдің қатарына кіреді. Сондай-ақ Францияның Орталық Азия елдерімен жасаған сауда-саттығының 90 пайызы Қазақстанға тиесілі. Екі мемлекет энергетика, тау-кен өндірісі, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс, аэроғарыш, машина жасау, денсаулық сақтау және тамақ өнеркәсібі салаларында тиімді жобаларды бірлесіп жүзеге асырып отыр.

Өзбекстанға жасаған сапарында мемлекет басшысы Ташкент қаласындағы «Төле би кесенесі» сәулет кешеніне барды. Бұл – 2022 жылдың 21-22 желтоқсаны.

Араға бірнеше күн салып, Тоқаев ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуге қатысты. Бұл кездесу Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өтті.

Қазақстанның ТМД-ға мүше мемлекеттермен арадағы тауар айналымы қаңтар-қазан айларында 11 пайызға артып, шамамен 30 миллиард долларға жетті. Былтыр осы кезеңде 26,5 миллиард доллар болды. Өсім шамамен 5 миллиард долларды құрады. Бұл – жақсы үрдіс, – деді жиында мемлекет басшысы.

2023 жылдың 16 қаңтарында президент Біріккен Араб Әмірліктеріне барып, «Абу Даби тұрақты даму апталығы» атты саммиттің ашылу рәсіміне қатысты.

Президент саммит кезінде сөз сөйлеп, әлемде болуы мүмкін ауыз су тапшылығы, энергия көздері туралы ойын айтты. Қазір Қазақстанда энергияның 70%-ға жуығы көмірден өндірілетінін айтып өтті. Президенттің айтуынша, Қазақстан – көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін ұзақмерзімді стратегия қабылдаған Орталық Азиядағы алғашқы ел. Сондай-ақ жоспар бойынша 2035 жылға қарай Қазақстанда 6,5 ГВт жаңартылатын энергия  ресурсы пайда болады

16 наурызда президент Анкараға жұмыс сапары барысында Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанмен кездесті.

Түркия – Қазақстанның басты бес сауда серіктесінің бірі. 2022 жылы екі ел арасындағы сауда айналымы 33 пайызға өсіп, 6,3  миллиард долларға жеткен.

Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев түрік инвесторларының Қазақстандағы жобаларын қолдауға дайын екенін айтты. Сондай-ақ «Орта дәліз» деп аталатын Транскаспий халықаралық көлік бағыты аса маңызды рөл атқаратыны сөз болды. 

Тоқаев бір жылда Қытай халық республикасына екі рет барды. Алғашқы сапары 2023 жылдың 17 мамырында өтті. Кездесуде екі ел сауда-экономика, мұнай-газ,  мұнай химиясы, энергетика, білім және ғылым, қаржы салаларындағы жан-жақты ынтымақтастығын дамыту, көлік-транзит әлеуетін арттыру мәселелерін талқылады. Нәтижесінде 23 құжатқа қол қойылды.

Президенттің Қытайға екінші сапары 17-18 қазанда өтті.

Бір жыл ішіндегі маңызды сапарлардың бірі – мемлекет басшысының АҚШ-қа сапары. 17-20 қыркүйек аралығында жалғасқан сапар барысында мемлекет басшысы бірқатар келіссөз жүргізді. Ішінде  Мажарстан президенті Каталин Новакпен бірге БҰҰ-ның «Орнықты даму мақсаттарына (ОДМ) қол жеткізу жолындағы прогресті жеделдетудің негізгі өтпелі процестеріне қатысты ауқымды іс-қимылдарды жандандыру» атты Көшбасшылар диалогының бірінші сессиясында төрағалық етті.

АҚШ-та Эстония, Финляндия, Иран, Словения, Румыния, Моңғолия, Португалия, Черногория, Кения, Корея Республикасы президенттерімен келіссөз жүргізді, «Орталық Азия – АҚШ» мемлекеттері басшыларының саммитіне қатысты.

ИНАУГУРАЦИЯДА АЙТЫЛҒАН МӘСЕЛЕ ҚАЛАЙ ШЕШІЛІП ЖАТЫР?

Президент ұлықтау рәсімінен соң бірнеше бағыт бойынша басым бағыттарды айқындады.  Соның ішінде Сенат пен Мәжіліс сайлауы да бар.

Елімізде 19 наурызда Мәжіліс депутаттарының сайлауы өтіп, қорытындысы мынадай болды.

  • Amanat партиясы – 53,90% (40 орын);
  • «Ауыл» партиясы – 10,90% (8 орын);
  • Respublica партиясы – 8,59% (6 орын);
  • Қазақстан халық партиясы – 6,80% (5 орын);
  • «Байтақ» жасылдар партиясы – 2,30% (Мәжіліске өтпеді);
  • «Ақ жол» партиясы – 8,41% (6 орын);
  • Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы – 5,20% (4 орын).

Сондай-ақ бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша 29 үміткер жеңіске жетті.

Ұлықтау рәсімінде айтылған тағы бір мәселе – елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару.

Қайтарылған барлық қаражат азаматтардың игілігіне жұмсалуға тиіс. Бұл қаржыны жоғары технологиялы өндіріс орындарын ашуға, мектептер мен ауруханалар салуға, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға пайдалану керек, - деді Тоқаев.

Бір жылға жуық уақыт ішінде елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару бойынша заң күшіне енді.

Заңның негізгі мақсаты – Қазақстанның аумағында да, одан тыс жерлерде де заңсыз иемденілген активтерді қайтару үшін заңнамалық параметрлерді айқындау, сондай-ақ оларды заңсыз иемденуге және шығаруға ықпал еткен жағдайларды жою.

Кейінгі ақпаратқа сәйкес, сыртқа заңсыз шығарылған 1 трлн теңгеге жуық активтер мемлекетке қайтарылды.

БІР ЖЫЛДА ҚАБЫЛДАНҒАН МАҢЫЗДЫ ШЕШІМДЕР

Елімізде кейінгі бірнеше жылда білім және ғылым саласында бірқатар өзгеріс болды. Оның ең алғашқысы – Білім және ғылым министрлігінің екіге бөлініп, Оқу-ағарту және Ғылым және жоғары білім министрлігінің құрылуы. Бұл шешім 2022 жылдың маусымында қабылданды. 

2023 жылы қазақстандықтарға жолдауында президент тағы бірнеше министрлік құрылатынын мәлімдеді. Оның ішіндеСу ресурстары және ирригация министрлігі құрылатынын айтты.

Халқымыз «Судың да  сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Су дегеніміз – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс. Онсыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді. Талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылады. Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады. Министрліктің аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейтін болады, – деді Тоқаев жолдауында.

Тағы бір өзгеріс – Көлік министрлігінің қайта құрылғаны. Президенттің айтуынша, көлік-логистика саласын қарқынды дамыту – стратегиялық міндет. Үш жыл ішінде оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі кемінде 9 пайызға жетуге тиіс. Ол үшін саланы тиімді басқару өте маңызды. Ал Көлік министрлігі жол инфрақұрылымын салумен де айналысады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама