×

Күтіп-ұстауға қаражат жеткіліксіз: Қазақстанда жол сапасы неге төмен?

Қазақстанда жолдың 26%-ы ғана асфальтталған

 Айнұр Шошаева 22.11.2023 | 09:54
Коллаж: Halyq Uni

Қазақстандағы жолдарды күтіп ұстауға қаржы жеткілікті көлемде бөлініп отырған жоқ, деп хабарлайды Halyq Uni.

Еліміздегі жолдың сапасына қатысты сын жиі айтылады. Қара халық былай тұрсын, соңғы Жолдауында Президент Тоқаев «жолдардың сапасы сын көтермейтінін» айтқан еді. 

Қазақстан автомобиль жолдарының сапасы бойынша 137 елдің ішінде 93-орында тұр. Бұл туралы Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингінде айтылған. Елдердің бәсекеге қабілеттілігін бағалау үшін ДЭФ 320 критерийді пайдаланады, оның 94-і инфрақұрылым сапасына жатады. Аталған рейтингте Қазақстанның көрсеткіші Тәжікстан, Армения, Грузия мен Әзербайжаннан төмен тұр. 

Еліміздің автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 96 мың км, оның 25 мың км республикалық трассалар мен 71 мың км жергілікті автожолдар, оның ішінде I және II техникалық санаттағы автожолдар 8,6 мың км (34%) құрайды. Белгіленген нормативтік талаптарға республикалық жолдардың 91% және жергілікті автожолдардың 85% сәйкес келеді. Үкіметке 2025 жылы республикалық жолдардың 100% және жергілікті жолдардың 95% нормативтік деңгейге жеткізу міндетін қойылып отыр. 

Азия даму банкінің есебі бойынша Қазақстан автожолдарының сапасын 1% арттыру экспорт көлемін 3,7%, ал импорт көлемінің 2,7% ұлғаюына әкеледі. Сондай-ақ бұл жұмыс орындарының ашылуына түрткі болады. 

ЖОЛДАРДЫҢ 26%-Ы ҒАНА АСФАЛТТАЛҒАН 

Экономикалық зерттеулер институтының мәліметінше, өңірлердегі жол сапасы нашар, көбінің қатты төсемі жоқ. Мәселен, тек 18 мың км немесе жолдардың 26% асфальт-бетон жабыны бар, қалған 52 мың км немесе 74% қиыршық тас, ұсақ тас және топырақпен жабылған. Мамандар мұның себебін қаржының жеткілікті бөлінбеуімен байланыстырады. 

Бүгінде Қазақстанда сегіз көлік дәлізі бар, үкімет бұл автожолдарға көбірек ерекше бөледі. Оларды жөндеу, күтіп ұстауға қажетті қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді. Ал жергілікті жолдарды қаржыландыру өңірлік әкімдіктердің мойнында, содан болар кей өңірдегі жолдардың даму деңгейі әлсіз болып отыр. 

Қазақстан билігі 2025 жылға дейін өңірлерде 14 мың шақырымнан астам автожол салу және жөндеу жоспары туралы мәлімдеген. Бұл үшін жыл сайын шамамен 400 млрд.теңге және жөнделген жолдарды ұстауға шамамен 85 млрд. теңге бөлуді көзделіп отыр. Айта кетейік, Бюджет кодексіне сәйкес жергілікті автожолдарды дамытуға арналған трансферттер тепе-теңдік негізде бөлінетініне қарамастан (50% республикалық және 50% жергілікті), өңір әкімдіктері бұл пропорцияны сақтай бермейді. Мәселен, 2022 жылы жергілікті желіні салуға және реконструкциялауға 372,3 млрд.теңге жұмсалған, оның ішінде республикалық бюджеттен 278,9 млрд. теңге, ал жергілікті бюджеттен тек 93,4 млрд. теңге бөлінген. Яғни әкімдіктер тиісті қаржыны қажетті көлемін бөліп отырған жоқ.  

Жолдың сапасы салу және жөндеуден бөлек, оны күтіп ұстауға байланысты екенін айта кету керек. Көлік министрлігінің мәліметінше, жолдарды күтіп ұстауға норматив бойынша жылына 45 млрд теңге керек, биыл бұл мақсатқа тек 38 млрд теңге бөлінген. 

ЖОЛДЫ САПАСЫЗ САЛҒАН МЕРДІГЕРЛЕРГЕ 26 МЛН ТЕҢГЕ АЙЫППҰЛ САЛЫНҒАН

Елдегі жолдардың сапасын қадағалайтын арнайы орталық бар. Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы жолдарды салу, жөндеу сатысында пайдаланылатын материалдарынан сынама алып, зерттеу жүргізеді. 
Биыл орталық мамандары елімізде іске асырылып жатқан автомобиль жолдарына сараптама жүргізу мақсатында 10 мыңнан астам инспекциялық шығуды жүзеге асырған. Оның 3,4 мыңы республикалық желідегі объектілерге болса, қалған 7,3 мың шығу жергілікті желі жолдары. 

Сапа сараптамасы барысында жол-құрылыс материалдарының 38 мыңға жуық сынама алынып, зертханалық сынақтан өткізілді. Оның ішінде 13,4 мың сынама немесе 36% стандарттарға сәйкес келмеді. Республикалық желі бойынша 2,1 мың сынама болса (22%), жергілікті желіде 40% немесе 11,3 мың жол сынамасы талаптарға сай келмеді, - дейді орталық мамандары. 

Нәтижесінде мердігер ұйымдар өз қаражаты есебінен 3,6 млрд.теңгеден астам (республикалық желі 1,6 млрд. теңге, жергілікті желі 2 млрд. теңге)  жұмыстар мен материалдарды қайтадан құрылымдаған. Сонымен қатар сапасыз жұмысқа жол берген техникалық қадағалау ұйымдары мен мердігер ұйымдарға қатысты жергілікті сәулет-құрылыс бақылау басқармаларына 105 материал жолданып, 17 инженерлік мекеме мен 7 мердігер компанияға 26 млн теңге айыппұл түрінде әкімшілік жаза тағайындалды және 7 техникалық қадағалаушының аттестаты тоқтатылды. 

Стандарт талаптарына сәйкес емес жол құрылыс материалдардың басым бөлігі (84%) асфальтбетонды жабынынан алынған керндерден анықталуда. Жол битумына келетін болсақ, жалпы алғанда жыл басынан бері 600 астам сынама зертханалық сынақтан өткізіліп, оның 16% маркасына, қыздыру кезіндегу созылу қабілеттілігі мен төменгі темперура кезіндегі сынғыштық параметрлері бойынша стандарт талаптарына сай емес деп танылды, - деп толықтырды Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы. 

«БЮДЖЕТ ҚАРЖЫСЫН ЖЫМҚЫРАТЫН ҰРЫ ЕМЕС»

Қазақстанның жолшылар қауымдастығының президенті Бағлан Баймағамбетовтың айтуынша, жол саласында қордаланған проблема бар әрі оны шешуге мемлекеттің өзі мүдделі болуы керек. 

Мердігер тендерге қатысқан кезде салықтың көрсеткішіне қарап баға береді. Кішігірім компаниялар аз жұмыс істегенімен, олардың көрсеткіші жоғары болады. Ал ірі компаниялар көп жұмыс істегенімен олардың көрсеткіші төмен болып көрініп, кейде олар тендерді ала алмай қалады. Кішігірім компаниялардың техникасы жоқ, көбіне әркімнен жалға алады. Тендерді солар алып, жолды сапасыз салатын жағдайлар болады. Сондай-ақ конкурс кезінде банктің кепілдігін сұрайды. Кепілдік ол ақшаны сандыққа салып қойғандай, айналдыра алмайсың. Бұл жолшыларға тиімсіз. Сол себепті сақтандыру полистерін пайдаланғанды дұрыс көреміз. Өйткені оның төлемі аз, - деді ол. 

Қауымдастық жетекшісі саладағы кадр тапшығына алаңдаушылық білдірді. 

Қазір саладағы үлкендер кетіп жатыр. Былтыр Өскеменге барып қайттым. Бұрын онда жол-көлік мамандарын даярлайтын институт болатын. Қазір салада жүрген көптеген маман соны бітірген, олар бүгінде зейнетке шығып жатыр. Сол институт тұрмақ, факультет те жоқ. Құрылысшылар факультетіне қосып жіберті. Ашығын айтқанда жастарды оқытатын, үйрететін маман қалмай барады. Сол себепті жастарға дұрыс насихат жүргізіп, жол мен жолшының дәрежесін көтеру керек. Қазақ қай уақытта да бұл салаға ұқыпты қараған еді. Жолшыларды тек бюджеттің қаржысын жымқыратын ұры деп қарамау керек, - деп қосты ол.

Сондай-ақ ол жергілікті жолдарды басқаруды Көлік министрлігіне беру керек деген пікірде. Себебін өңірлердегі жолдардың жағдайын білетін маманның болмауымен түсіндірді. 

Республикалық жолдарды өз ісінің мамандары, ал жергілікті жолдарды кез келген, яғни салаға қатысы жоқ адамдар басқарып отыр. Өйткені жергілікті жергілікті жолдар өңірлік әкімдіктерге қарайда, онда жолдың жағдайын білетін мамандар сирек. Зоотехник, ветиринар дәрігер сияқты мамандығына оқыған бүгінде әкімнің орынбасары болып жүрген мамандар бар. Әлбетте жол саласын жетік білмеген соң, жұмыста қате жіберуі мүмкін. Сондықтан республикалық жолдармен қатар жергілікті жолдарды бір министрлікке беру керек. «Мың қосышыдан бір басшы» деген қазақтың сөзі бар. Қазір салаға бір басшы болып Көлік министрлігі құрылды. Барлық жолдарды біріктіріп, соған берсе жұмыста нәтиже болады деп ойлаймын, - деді Бағлан Баймағамбетов. 

«ЖОЛШЫЛАРҒА МЕМЛЕКЕТТЕН СУБСИДИЯ КЕРЕК» 

Халық шұңқырға түссе немесе көліктің дөңгелегі жарылса жолшыларды кінәлайды. Қай заттың да тозығы болады. Асфальт жолдың ең үлкен мерзімі 15 жыл, одан артық шыдамайды. 15 жылдың ішінде күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары өтіп жатады. Әлбетте жолшылардың да кейбір қателігі болады. Қазір біздің талабымыз – мердігердің өзі жұмыстың 70 пайызын, ал қосалқы мердігерлер 30 пайызын орындауы керек. Жолдың ең жоғары төсеніштерін мердігердің өзі істеп, соған жауапты болса, ол жолдың сапасы жақсы болып, көпке дейін шыдайды. Жол ұзақ шыдауы үшін не істеу керек? Күтім керек, қыста қар, жазда жаңбыр жауады. Суағарлар болуы қажет. Астананың жолдары неге қарайып жатыр? Себебі суағарлары жоқ, - деді қауымдастық жетекшісі. 

Сондай-ақ ол жол құрылысы кезіндегі материалдардың бағасы қымбаттағанын атап өтті. 

«Алдынғы жылдары битумға жарымай қалдық. Солярка қазір бензиннен қымбат. Жол құрылысындағы техниканың бәрі сонымен жүреді. Сосын қаражат жетпейді. Мәселен, ауыл шаруашылығында субсидия береді. Жолшыларға неге техника алуға субсидия бермейді? Үкімет соны ойластырса дейміз. Битумға қатысты қазір жағдай дұрысталды. Бүгінде Павлодар, Ақтау мен Шымкентте битум зауыты бар. Алайда қазақстандық битумның ресейлік битумға қарағанда кемшіліктері бар. Мысалы, аязға шыдамай жарылып кетеді. Жыртық-тесікке су кіріп, нәтижесі жолдың тесілуіне әкеледі. Сондықтан битум шығаратын әр зауыттың ғылыми зерттеу жүргізетін мамандары болуға тиіс. Сапалы өнім шығару үшін синтетикалық материалдарды көбірек қосып, полимер битум шығару керек. Олар бұрынғы битумға қарағанда шыдамды келеді. Жалпы қазір шығарып жатқан битум Қазақстанға жетеді. Алдынғы жылдары тапшылық болған кезде мұнайы жоқ Белорусьтен әкелдік, - деді ол. 

Бұған қоса, жолды күтіп ұстауға қажетті қаржының жеткіліксіз екенін тілге тиек етті. 

Жолды күтіп-ұстауға ешуақытта қажетті қаржыны толық көлемде алып көрген жоқпыз. Бұл салада жұмыс істеп жүргеніме 25 жылдан асты. Әрі кетсе қажетті қаржының 40-50 пайызын ғана береді. Жолды күтіп-ұстауға қаржыны тиісті көлемде беру керек, - деді Бағлан Баймағамбетов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама