×

Қаржының аздығы мен оқушының көптігі білім сапасының төмендігіне сылтау ма?

БИЛ түлектерінің 30 пайызы шетелге оқуға түседі

 Айнұр Шошаева 08.11.2023 | 18:08
Фото: Halyq Uni

Елімізде білім саласын дамытуға 3 трлн теңгеден астам қаржы бөлінген. Сарапшырдың пікірінше, білім реформаларының тиімділігі зерттеліп жатқан жоқ, деп хабарлайды Halyq Uni

Астанада өткен «Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру аясында сапалы білім беру жолдары» республикалық ғылыми конференцияда сарапшылар мен ұстаздар білім саласының өзекті мәселелерін талқылады. Конференция еліміздегі «Білім-инновация» лицейлеріне 30 жыл толуына орай ұйымдастырылды. 

«Білім-инновация» ХҚҚ президенті Дархан Өтенің айтуынша, БИЛ оқушылар дұрыс бағдарды ұстап үйренуі үшін ұлттық болмыс пен күллі адамзат өркениетіне сай адами құндылықтарды дәріптеу мақсатында құндылықтарға негізделген білім беру жобасын іске асырып келеді.  

Сапалы білімді оқушыларымызға қолжетімді қылу үшін 3 тілде білім беріледі, осыған сәйкес көптеген оқу-әдістемелік құралдарын жасап шығарды. Қазақ, орыс жән ағылшын тілін меңгерген оқушыларымыз әлемнің озық тәжірибесі мен күллі технологияларын білуге мүмкіндік алып отыр. Үш тілде білім беру саясаты іске асыру жолында білікті педагогтарды жетілдіруге баса назар аударып отырмыз. Әсіресе, жас мұғалімдерді жетілдіруде менторлық жүйенін кең таралуы мол септігін тигізуде. Осы жүйенің арқасында жүздеген ұстаз өзінің білімін шыңдап, кәсіби біліктілігін арттыруда, - деді ол.  

Сапалы білімді ауыл балаларына қолжетімді ету үшін Арыс, Екібастұз, Жанаөзен, Құлсары секілді моноқалаларда лицей жұмыс істейтінін атап өтті. Ауыл мен қала арасындағы білім беру теңсіздігін азайту мақсатында БИЛ-ға түсуі кезінде арнайы квота бөлінеді. 

Квотаның 10 пайызы «Мың бала» ауыл мектептері арасындағы олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болған балаларға бөлініп отыр. Жыл сайын оқуға түсушілердің жалпы санының 30 пайызын ауылдық жерлерден қабылдай алу үшін аудан орталықтарында емтихан өтікізіп келеміз. Қосымша квотаның 15 пайызы әлеуметтік осал топта тәрбиеленіп жатқан балаларға бөлінеді. Бұл барлық оқушылармен тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етудегі маңызды қадам деп есептейміз. Осылай БИЛ-де оқуын бастаған барлық оқушылардың барлығы түрлі білім додаларына қатысып, өз әлеуетін кеңінен аша алады, - деді ол. 

Сонымен қатар білім берудегі гендерлік теңсіздікті жою үшін істеліп жатқан жұмыстарға тоқталды. 

Еліміздің бірқатар қаласында қыз балаларға арналған лицейлері жұмыс істеп жатыр. Мысалы, Астана, Алматы, Павлодар, Қызылорда, Тараз, Шымкент қалаларында бар. Бұл сияқты білім ордаларының санын арттыру қордың алдағы жоспарларының бірі. Биыл Түркістан қаласында қыздар лицейі ашылды. Осы жылдар ішінде бірнеше тіл мен заманауи технологияларды меңгерген 4 мыңға жуық озық мұғалімді дайындай алдық. Олардың көпшілігі ағылшын тілінде сабақ беретін мұғалімдер. БИЛ бітірушілердің 30 пайызы шетелдің үздік ЖОО түсіп жатса, 95 пайызы мемлекеттік грант иегері атанып келеді. Бүгінде лицей түлектері қоғамның әртүрлі саласында еңбек етіп, республиканың дамуына зор үлесін қосып жатыр, - деп толықтырды сөзін Дархан Өте. 

Айта кетейік, БИЛ бүгінде Жаңаөзен қаласы, Алматы мен Қостанай облысының мұғалімдерінің біліктілігін арттыру жобасын іске асырып жатыр. 

«Экономикалық зерттеулер институты» басқарма төрағасының орынбасары Әділ Құсмановтің пікірінше, соңғы жылдары еліміздің білім сапасы бойынша халықаралық рейтингте прогресі байқалмайды. 

БҰҰ бас хатшысының пікірінше, тұрақты даму мақсаттары небәрі 15 пайызға ғана орындалып жатыр. Бұл жерде көптеген факторлар бар. Жалпы тұрақты даму мақсаттары барлық саланы қамтиды. Қазақстан биыл тұрақты дамудың жаһандық индексінде 66-орында тұр. Жалпы 2016 жылдан бері көрсеткіштеріміз төмендеген, оның түрлі факторы бар. Сапалы білім беру бағыты бойынша ұйымның әдістемесі бойынша біз орташа қанағаттандырарлық. Посткеңестік елдерді алатын болсақ, Эстония 10-шы, Латвия 14-ші, Белорусь 34-ші, ал Ресей 49-орында, - деді ол. 

«ҚАТЕЛІКТЕРІМІЗДІ АҚТАУ ҮШІН БІРНЕШЕ МИФ ОЙЛАП ТАПТЫҚ»

ҚР Білім сарапшылар қазақ лигасының басшысы Гүлнара Әбішева елдің білім саласында проблема көп екенін атап өтті. Тұрақты дамудағы басты көрсеткіш саладағы реформалардың сапалы орындалуы болып есептеледі. 

Кез келген мемлекеттің тағдыры білім жүйесінің жағдайына байланысты. Білім сапасы принципті түрде маңызды. Оны дамыту үшін тежеу болып отырған кедергілерді анықтау қажет. Бүгінде жүйенің әр деңгейінде проблема бар. Соңғы жылдары елімізде білім реформаларын іске асыруда парадигмалық қателіктерге жол берілген. Оны мойындауымыз керек. Дәл осы қателіктер заманауи отандық орта және жоғары мектепті дағдарысқа әкелді. Ең басты қателік – жүргізіліп жатқан реформалардың білім беру жүйесінің нақты жағдайынан ажырауы. Бұл бүгінде әлеуметтік шиеленісті тудырып жатыр, - деді ол. 

Сондай-ақ салада көп реформа жүргізілгенімен, оның тиімділігі бойынша бірде-бір мониторинг немесе есеп жоқ деп есептейді. 

Біз өзімізді ақтау үшін бірнеше миф ойлап таптық. Бірінші миф – білім берудегі табыс тек оған инвестицияны көбейткен кезде ғана мүмкін дейміз. Бұнымен жартылай келісуге болады. Бірақ табыс тек ақшаның санымен есептелмейді, ол қаржының тиімді пайдаланылуымен есептеледі. Яғни, ол қалай жұмсаладытыны байланысты. Бүгінде білім саласына бөлінетін қаржы  3 трлн теңгеден астады. Ал бюджет қаржысының тиімділігін біз көріп отырған жоқпыз, - деді сарапшы. 

Сарапшы бұдан басқа бірнеше қоғамда кең таралған түсінікті жоққа шығарды. 

Екінші миф – сыныптардағы бала санының аз болуына байланысты дейді. Еліміздің демографиясы артып келеді, оқушысы көп сыныптар бар. Кейбір сыныпта  35-40 оқушыға дейін жетеді. Алайда халықаралық тәжірибені талдасақ,  Жапония мен Бразилияда бір сыныпта 37-40 оқушыдан барын көреміз. Ал олардың көрсеткіштері әлдеқайда жоғары. Үшінші миф – егер оқуға көп уақыт бөлсе, сапалы нәтижеге қол жеткізеді. Бұл да дұрыс емес. Жақында ғана елде оқу жылын ұзарту мәселесі көтерілді. Оқу жылын ұзарту оқу сапасын жақсартады дегенді білдірмейді. Мәселен, халықаралық тәжірибеге шолу жасасақ, Жапонияда жаратылыстану ғылымдарына 41 сағат, Шанхайда 30 сағат бөлінетінін көреміз. Сөйте тұра нәтиже оларда әлдеқайда жоғары, - деді Әбішева. 

Ол бұл мифті салада жіберілген қателіктерді ақтау үшін ойдан шығарылған деген пікірде.  

Тек талантты балалар ғана жақсы оқиды деген миф бар. Сондай-ақ ата-ананың материалдық жағдайы баланың жақсы оқуына әсер етеді деген түсінік қалыптасқан. Бұл мифтерді біз өзімізді ақтау үшін ойлап шығарып алдық. Шын мәнінде салаға әсер ететін минималды факторлар, бірақ негізгісі емес. Оқыту сапасы мұғалімге байланысты. Білім жүйесінің сапасы жүйедегі мұғалімнің білім сапасынан асып кете алмайды. Еліміздің педагогтері кәсіби деңгейін арттыру үшін жұмыс істеуі қажет, - деді ол. 

Сонымен қатар білім саласындағы реформаларға мұқият болу керек деп есептейді. 

Шетелдік әріптестеріміздің 2000-жылдардың басында айтқандары Қазақстанда дәл келді. Бүгінде халық білім саласында ескі реформалардан алынған әдістердің құрбанына айналды. Жаңа методика мен педагогикалық әдістерге көшу тиісті ғылыми база негізінде іске асырылады. Сондықтан, реформаларға өте мұқият болу керек. Осы күнге дейін миллиардтар бөлінгенімен, ол реформалардың тиімділігі туралы есеп жоқ, - деді Гүлнара Әбішева.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама