×

46 кеншінің қазасы: Абзал Құспан Назарбаевқа қатысты да тергеу жүргізу керек деп есептейді

Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада 46 кенші қаза тапты

 Айгерім Таубай 31.10.2023 | 13:52

Тәуелсіз Қазақстан тарихында қазірге дейін 13 рет қаралы күн жарияланды. Алғаш рет 2006 жылы Қарағанды облысының аумағында орналасқан Ленин атындағы шахтадағы жарылыстан кейін жарияланған еді. Ол кезде 41 кенші қаза тапты. 2023 жылдың 29 қазанында қазақстандықтар 13-рет аза тұтты. Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтадан өрт шығып, 200-ден астам кенші жер бетіне шыққан. Алайда 46 адам шахта ішінде қалып, қаза тапты. Бұл – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы адам шығыны ең көп болған өндірістік апат.

Костенко шахтасы – «Арселор Миттал» компаниясының Көмір департаментінің құрамына кіретін шахта. Кен орны Қарағанды қаласының шегінде Майқұдық және Жаңа қала аудандары арасында орналасқан. «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы миллиардер Лакшми Митталға тиесілі.

Апат болғаннан кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев апат болған өңірге барып, Үкіметке «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. Сондай-ақ «АрселорМиттал Теміртауды» Қазақстан тарихындағы ең нашар компания деп атады.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату жөнінде тапсырма бердім. Бұл мекеме Үкіметпен және кәсіпорынмен ынтымақтастық тұрғысынан біздің тарихымыздағы ең нашар компания болды. Енді кәсіпорынның өзіне қатысты шаралар қабылдау туралы ойлануымыз керек. Басин Вадим Борисович деген азамат бар. Сіздер оны білесіздер. Ол бір кездері «АрселорМитталда» жұмыс істеген. Облыс әкімінің орынбасары болды. Мен оған қайтып келіп, кәсіпорынды басқаруды тапсырамын. Кәсіпорынның қазіргі басшылығының қолынан ештеңе келмейді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Апат салдарынан қаза тапқандардың отбасы мен жарақат алған кеншілерге компания қаражаты есебінен баспана сатып алынады, моральдық шығын ретінде марқұмның 10 жылдық жалақысы беріледі.

Марқұм болған кеншілердің несиесі өтеліп, отбасының басқа мүшелері жұмысқа орналастырылады.

«Қаза тапқан азаматтардың отбасына асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы тағайындалады. Ол республикалық бюджеттен, әлеуметтік сақтандыру қорынан және өмірді сақтандыру компаниясынан төленеді. Жәрдемақы көлемінің жалпы орташа мөлшері асырауындағы адамдар 18 жасқа толғанға дейін ай сайын 400-500 мың теңгеден басталады. Егер балалар жоғары оқу орындарында білім алып жатқан болса, онда 23 жасқа дейін төленеді. Әзірге барлық төлемді өтеу «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына жүктеледі», - деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан миллиардер Лакшми Митталдың үстінен қылмыстық іс қозғалмауы мүмкін екенін айтады. Себебі ол Қазақстанда жұмыс істемеген.

1995 жылдан бастап есептейтін болсақ, қаза тапқан азаматтардың саны 200 адамнан асады. Бұл – өзін дамыған елдер қатарына қосатын елдердің тарихында болмаған жағдай. Қылмыстық істі компанияның Қазақстанда қызмет атқарған топ-менеджерлеріне ғана қозғауға мүмкіндік бар. Қылмыстық іс жекелеген азаматтардың үстінен қозғалады, компания, яғни заңды тұлғаның үстінен қозғалмайды. Лакшми Митталдың үстінен қылмыстық іс қозғалуы мүмкін емес деп ойлаймын. Себебі ол Қазақстанға келіп, көзімен көріп, осы жерде шешім қабылдап жатқан жоқ. Ол инвестор ретінде ғана жұмыс істеп жатыр, - дейді мәжіліс депутаты Абзал Құспан.

Айтуынша, нақты дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Компания қызметкерлері тергеу органына нақты құжат ұсынып, «жұмыстағы қауіпсіздікке байланысты қаражат сұрадық, Лакшми Миттал бір жақты шешімімен қанағаттандырмады» деген жағдайда ғана оның үстінен қылмыстық іс қозғалуы мүмкін.

Абзал Құспан 1995 жылы Лакшми Митталдың Қазақстан нарығына қалай келгені туралы түрлі ақпарат айтылып жатқанына назар аударды. Айтуынша, мемлекет басшысымен кәсіпкерді кім таныстырғаны, қандай сомада пара бергені туралы да дерек бар.

Осының бәрін ескеріп, Қазақстанның бас прокуратурасы бұл деректерді қылмыстық істердің бірыңғай тізіліміне енгізіп, Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты тергеу жүргізуі керек деп санайды.

Осы жағдайдан кейін депутат ретінде сұраныс жолдадым. Бас прокуратурадан жауап күтіп отырмын. Қазір қылмыстық-процестік кодекстің талаптары өрескел бұзылып отыр. Қазақстанға танымал белгілі саясаткерлер Болат Әбілов, Мұхтар Жәкішев нақты жауап беріп жатыр. 1995 жылы Лакшми Митталдың Қазақстан нарығына қалай келгені, оны кім алып келгені, сол кездегі мемлекет басшысымен кім таныстырғаны, тіпті қандай сомада пара бергені ашық айтылып жатыр. Қолданыстағы заңға сәйкес, Бас прокуратура қылмыстық істердің бірыңғай тізіліміне енгізіп, осы деректер бойынша сотқа дейінгі тергеу әрекеттері басталуы керек болатын. Бірақ Бас прокуратура тарапынан осындай әрекет жасалмай отыр, - деді Мәжіліс депутаты.

Айтуынша, аты аталған азаматтар куә ретінде шақырылып, мемлекетке опасыздық жасады-жасамады деген факті бойынша мемлекеттің бұрынғы президентінен бастап тексеру жүргізілуі қажет.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама