×

Қарттар күні: коронавирус салдарынан елімізде зейнеткерлер саны азайған

Елімізде 65 жастан асқан 1,6 миллионнан аса адам бар

 Айгерім Таубай 01.10.2023 | 14:43

1 қазан – қарттар күні. Демографтардың айтуынша, әлем бойынша 65 жастан асқан азаматтар егде жастағы деп саналады. Ал Қазақстанда 65 жастан асқан 1,6 миллионнан аса адам бар. Бұл халықтың 8,5 пайызы. Halyq Uni қарттар күніне орай зейнеткерлердің қай салада көп еңбек етіп жүргенін және зейнетақы мөлшерінің қандай екенін жинақтады. Сондай-ақ демографпен әңгімелесіп, қазіргі статистиканы да білді.

ЗЕЙНЕТКЕРЛЕР ҚАЙ САЛАДА КӨП ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ

Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сәйкес, 2023 жылдың басындағы ақпаратқа бойынша елімізде зейнеттегі 111 мың адам түрлі салада еңбек етіп жүр. Ішінде 35 мың зейнеткер білім беру, 16 мың адам денсаулық сақтау саласында қызмет етеді.

14 мың адам өнеркәсіп, 8 мың адам өңдеу өнеркәсібінде, тағы 8 мың адам мемлекеттік басқару және қорғаныс, міндетті әлеуметтік қамсыздандыру саласында, 4 мыңға жуық адам саудада, 3 мыңнан аса адам құрылыста жұмыс істейді.

Зейнеткерлер аз қызмет ететін салалардың ішінде орман шаруашылығы және ағаш дайындау, балық аулау, темекі өнімдерін өндіру, жиһаз өндіру, теміржол, баспа, телевизиялық бағдарламалар, жылжымайтын мүлікті сату және сатып алу, жарнама қызметі, туристік агенттіктер бар.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ҚАРТАЙЫП БАРАДЫ

Демограф Аяулым Сағынбаеваның айтуынша, елімізде 65 жастан асқан 1,6 миллионнан аса адам бар.

Елімізде 65 жастан асқан адам халықтың 8,5 пайызын құрайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының белгілеуі бойынша 65 жастан асқан адамдар саны халықтың жалпы санының 7%-нан асқан кезде халықтың қартаю процесі басталады. Салыстырмалы түрде қарасақ, 2015 жылы Қазақстанда егде жастағы адамдар саны халықтың жалпы санының 6,8% болған, - дейді маман.

Мамандардың айтуынша, бала туу деңгейі жоғары Түркістан, Мңғыстау, Қызылорда, Жамбыл облысы және Шымкент қаласында қартаю деңгейі салыстырмалы түрде төмен.

«Қартаю индексі – 65 жастан асқан адамдардың 100 балаға шаққандағы саны. Бірнеше жыл бұрын бұл көрсеткіш 26,8 болса, қазір 28-ден асада. Яғни, әрбір 100 балаға 28 қариядан келеді. Солтүстік өңірлерде бұл көрсеткіш жоғары, ал оңтүстік төмен. Алматы қаласында бұл көрсеткіш жоғары болып отыр. Қазіргі демографиялық ахуал бір күнде пайда болған жоқ, халықтың жас, жыныстық құрылымына байланысты қалыптасады», - дейді демограф.

ЕҢ ТӨМЕН ЗЕЙНЕТАҚЫ – 53 076 ТЕҢГЕ

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сәйкес, елімізде 2,3 млн зейнеткер бар. Бұл көрсеткіш 2020 жылдан бері 58 мыңға артқан.

2020 жылдың алдындағы кезеңді алсақ, жыл сайынғы ұлғаю 40 мың шамасында болған. 2019-2021 жылдардағы өсімнің қысқаруына коронавирустың әсері болды, - дейді министрліктегі бас сарапшы Дулат Қайратұлы.

Ал ең төменгі зейнетақы – 53 076. Орташа зейнетақы сомасы – 120 мың теңге. Демограф егде жастағы адамдардың экономикалық жағдайы олардың өмір сүру ұзақтығына тікелей әсер ететінін айтады.

Зейнетақы мөлшерінің аздығынан, балалары бөлек көшіп кеткендіктен, жалғыздықтан, әйелдердің жесір қалуынан күйзеліске түсуі мүмкін. Соның салдарынан егде жастағы адамдардың өзіне қол жұмсау дерегі жиілеген. Статистикаға қарасақ, бұл әйелдерге қарағанда ер адамдарда жиі кездеседі, - дейді демограф Сағынбаева.

Статистика бойынша елдегі суицид жағдайының 13%-ын 65 жастан азаматтар жасаған. Ал сол 13% жағдайдың ішінде 68%-ын ер адамдар жасайды.

Қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы – 74 жас. Ер адамдар – 70 жас, әйелдер 78 жыл өмір сүреді. Қаладағы көрсеткіш 74,7 жас, ауылдағы көрсеткіш 73,9 жасқа тең.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама