Ол Кремльдің айтақтауымен шетелдің ішкі және сыртқы саясатына араласып, ұлтаралық алауыздық тудырып, аузына келгенін айтып танылған
Бүгін Сыртқы істер министрлігі Қазақстанда ресейлік тележүргізуші Тигран Кеосаянның нон грата персонасы болатынын хабарлады. Бұл туралы министрліктің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров айтты.
Бұған дейін Кеосаян 24 сәуірде YouTube-арнасында жариялаған видеосында дөрекі түрде еліміздің ішкі және сыртқы саясатына тіл тигізіп, Ресей билігіне Қазақстанмен қарым-қатынасты қайта қарау керектігін айтқан болатын.
Осыған байланысты Сыртқы істер министрлігі ресейлік журналистің видеосы шыққан бетте Қазақстан туралы мәлімдемесін айыптап, оның таяу уақытта нон грата персонасы болатынын жариялады. Енді міне, министрліктің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров тағы да еліміздің Кеосаянға қатысты ұстанымын жеткізді.
Нон грата персона дегеніміз латын тілінен алғанда «қалаусыз адам» (persona nоn grata) деген мағынаны білдіреді. Яғни, елдің саяси ұстанымдарына көзқарасы қайшы келетін, елге кіруіне тыйым салынған шетелдік саясаткер немесе қайраткер.
Кеосаянды саясаткер немесе қайраткер деуге де келмейді. Ол - Ресейдің «НТВ» телеарнасында «Международная пилорама» бағдарламасының жүргізушісі. Осы бағдарламада ол Кремльдің айтақтауымен шет елдердің ішкі және сыртқы саясатына араласып, ұлтаралық алауыздық тудырып, аузына келгенін айтып, танылған кәдімгі пропагандист журналист.
Тағы бір айтатын нәрсе, Кеосаян Russia Today телеарнасы, «Россия сегодня» және Sputnik ақпарат агенттіктерінің бас редакторы Маргарита Симоньянға үйленген. Симоньян – оның екінші әйелі. Екеуі 2012 жылы шаңырақ құрып, Марьяна мен Марго және Баграт есімді қыз-ұлдарын тәрбиелеп отыр. Ал оның бірінші әйелі кино және театр актрисасы, тележүргізуші Алена Хмельницкаядан Александра мен Ксения есімді екі қыз бар. Олар 1993 жылы үйленіп, 2014 жылы ажырасқан.
Кеосаянның танымал болуына осы Симоньянның да ықпалы бар дейді білетін адамдар. Қазір екеуі бір-бірінің ауыздарына түкіріп қойған ерлі-зайыптылар сияқты. Симоньян да Ресейдің телевидениесі мен YouTube-арналарында ойындағысын айтып, біраз халықтың ашуына тиіп жүрген журналист. Сол үшін оны 2014 жылы Украина персона нон грата етіп жариялаған.
Кеосаянның өзі кинематографистер отбасынан шыққан. Оның әкесі Эдмонд Кеосаян Кеңес Одағы кезінде кинорежиссер және сценарист болса, анасы Лаура Геворкян актриса болған.
Осыдан бірнеше күн бұрын Кеосаянның атышулы мәлімдемесі шыққанда кино және театр актері, кинорежиссер Досхан Жолжақсынов та қарап жатпай, оны әкесінің белгілі кинорежиссер болса да тұқымына тартпаған шіріген шовинист деп сынаған еді.
«Тигран Кеосаян, сен алдымен өзіңе айнаға бір қарап ал. Менің ойымша, сен өзіңе көп алып отырсың. Біріншіден, сен Ресей емессің. Екіншіден, сен мықты болсаң, билікке өз ойыңды айтып көр. Ал сен менің еліме тиіспе. Мен саған халқымның мыңжылдық тарихын, адамзаттың мәдени-рухани өмірінде қалдырған ізін айтқым келмейді. Сен Капеляр емессің. Сен Джигарханян емессің. Сен – шіріген шовиниссің! Сен ұлтаралық араздықты қоздырушысың! Мен сені Донецк пен Луганскідегі майдан шебінде көргім келіп еді. Бірақ Ресейдің өзі сен сияқты жағымпаздарға мұқтаж емес. Егер сен тағы да осындай Комеди клабта үніңді шығаратын болсаң, Симоньянмен ақылдасып көр. Ол сенен гөрі ақылдырақ.
Ұлы Попазян: «Егер адам ырылдап, ақылынан адасса ол псих немесе жынды», – деген болатын. Сондықтан сен олай ырылдама. Әйтпесе, кіндігіңнен жоғары тұра алмайсың», – деген еді Жолжақсынов.
Бұдан кейін еліміздің бірқатар қоғам қайраткері де Кеосаянды айыптап, пікір білдірді. Қазір ел ішінде бұл мәлімдемелерді қолдап, желіде пікір қалдырғандар көбейіп жатыр. Солардың бірі - еліміздегі армян этносының өкілдері, яғни Ақмола облысындағы «Бари» мәдени орталығының төрағасы Норик Магламян мен оның орынбасары Арман Манукян. Олар ресейлік журналистен Қазақстан халқынан кешірім сұрауын қатаң талап етті.
Қазақта «Жүрген жерінен шөп шықпайды» деген сөз бар. Осы сөз Кеосаян сияқтыларға қатысты айтылған. Қазір оған жалғыз Қазақстан ғана елге кіруге тыйым салып жатқан жоқ. Бұған дейін Ұлыбритания билігі де бір топ ресейлік журналиске Украинадағы соғысты қолдап, насихаттап, ұлтаралық араздық тудырып жатқаны үшін елге кіруге тыйым салған. Осылардың ішінде «жүрген жерінен шөп шықпайтын» Кеосаян да бар.