×

«Сен Джигарханян емессің». Досхан Жолжақсынов ресейлік журналиске жауап берді

Тигран Кеосаян Қазақстанға қатысты даулы мәлімдеме жасады

 Қымбат Елтайқызы 28.04.2022 | 11:39
коллаж: Halyq Uni

Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының екі мәрте иегері Досхан Жолжақсынов Қазақстанға қатысты даулы мәлімдеме жасаған ресейлік журналист Тигран Кеосаянға жауап берді.

«Қымбатты, Тигран Кеосаян! Сен жасаған мәлімдемеңе тағы бір үңілдің бе? Мен тағы бір көріп шығуға кеңес беремін. Меніңше сен зұлым Муссолиниді еске түсіресің. Өзіңе көп алып отырсың. Біріншіден, сен Ресей емессің. Екіншіден, шын мықты болсаң билік эшелонының басында тұрғандарға жүгін. Бірақ менің халқыма тіл тигізбе. Өз халқымның тарихын тәптіштеп айтып беріп отыру мен үшін ұят.

Сен Джигарханян емессің. Бар болғаны қып-қызыл шовиниссің, екі ұлттың арасына от салушысың. Сені Донецк, Луганскідегі соғыстың арасынан көргім келеді. Ресей сен сияқты жағымпаздарға зәру емес деп ойлаймын. Енді тағы да осындай мәлімдеме жасайтын болсаң, Маргарита Симоньянмен ақылдас. Ол өте ақылды әйел», - деп жауап берді.

Ресейлік журналист Тигран Кеосаянның Қазақстанға қатысты мәлімдемесіне ҚР сыртқы істер министрлігі де жауап берген еді.

«Ресей журналисі Тигран Кеосаянның қорлайтын және біржақты сөйлеген сөзі назар аудартады. Мүмкін оның мәлімдемесі ресейлік қоғам мен саяси құрылымның белгілі бір бөлігінің көзқарасын білдіретін шығар, бірақ біздің елдер арасындағы ынтымақтастықтың рухы мен мазмұнына және мемлекет басшылары деңгейіндегі қолданыстағы келісімдерге ешбір жағдайда сәйкес келмейді», - деді СІМ ресми өкілі.

СІМ баспасөз хатшысы мұндай сөздер «тату көршілік қарым-қатынас атмосферасын улап, стратегиялық әріптестік қарсыластарының қолында ойнайды» деп санайды. Сондай-ақ Тигран Кеосаян Қазақстанға кіруге рұқсат етілмеген тұлғалардың тізіміне енгізіледі деп ойлайтынын жеткізді. 

Тигран Кеосаянның Қазақстанға қаратып айтқан даулы мәлімдемесі мынадай:

«Қазақтар, бауырлар, бұл не қылған құрметсіздік? Сендер Ресей жойылып кетеді деп ойлайсыңдар ма? Марсқа эммиграция жасайды деп ойлайсыңдар ма? Әлде сендер Марсқа эммиграция жасайсыңдар ма? Мен Ресей Федерациясының азаматы ретінде өзімнің жеке пікірімді айтып тұрмын. Украинаға жақсылап қараңдар. Жақсылап ойланыңдар. Біздің жауапты тұлғалар да өзара қарым-қатынас деңгейін қайта бағалап, қайта қарауы керек деп ойлаймын. Өйткені, әрі қарай да осылай болады, қу, зымиян боламыз деп ойласаңдар, ол үшін ештеңе болмайды деп ойласаңдар, қателесесіңдер. Әлем өзгерді. Пойыз кетіп барады. Сендер соңғы вагонға отырып үлгере аласыңдар. Кем дегенде, мен бұған сенемін, өйткені достық аяқталды. Қазір бұл аман қалу мәселесі. Соғыс жүріп жатыр. Үлкен идеялардың, екі үлкен елдің соғысы жүріп жатыр - Америка мен НАТО. Бауырлар елдер жақсылап ойланып, қай жаққа қарай шығу керектігін ойлауы тиіс. Ал біз кім бар, кім жоғын қарастыруымыз қажет. Кем дегенде экономикалық және ақпараттық доктриналарда. Жетер, Қазақстан билігіне көмектесе беруді. Ал сендер парадқа жол бермей жатсыңдар ма? Расымен бе?», - деді Тигран Кеосаян.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама