×

Өртенген орманды қалпына келтіруге 100 жыл керек: сарапшылар Абайдағы өрт туралы

Ильин кеткенімен мәселе шешіле ме?

 Ая Өміртай 14.06.2023 | 14:30
Фото: Halyq Uni

Абай облысындағы 60 мың гектар аумақты шарпыған өртке қарсы күрес жалғасып жатыр. Бұл Алматы (68 200 га) мен Астана (79 700 га) қалаларының аумағына жетеғабыл.

Бас прокуратура 15 адам қаза тапқан облыстағы өрт бойынша қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын хабарлады. Экожүйеге елеулі зиян келтірген жайтты назарға ала отырып, арнайы прокурор салғырттық фактісі бойынша қылмыстық істі тіркеді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қазір болған оқиғаға жауапты бірнеше құрылым бар. Атап айтқанда, Экология министрлігінің Орман шаруашылығы комитеті, Төтенше жағдайлар министрлігі, Абай облысы әкімдігі, Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі (Абай облысы 2022 жылы ШҚО-дан бөлініп шықты), «Семей орманы» резерватының әкімшілігі.

Өрт кезінде қаза тапқан орманшылардың туыстары президент Тоқаевқа шағымынданып, орманшылардың қорғаныс киімдері болмағанын, рациалары жұмыс істемегенін, тіптен аяқ киімін киюге мұрша бермей жалаң туфлимен кеткенін айтқан болатын.  Осы оқиғадан соң президент Төтенше жағдайлар министрін қызметінен босатып, Абай облысы әкіміне сөгіс жариялады.

«СЕМЕЙ ОРМАНЫНДАҒЫ» БЫЛЫҚ

Мемлекеттік сатып алу сайтындағы мәліметке сүйенсек, 2016 жылдан бері «Семей Орманы» РММ мемлекеттік сатып алуларға 5,3 млрд теңгеден астам қаржы жұмсаған.

Биылдың өзінде Орман өртімен күресу жөніндегі ақпараттық жүйенің үздіксіз және тәулік бойы жұмыс істеуіне 12 млн теңге қаржы бөлген. Ал 22 мамырда 484 000 теңгеге рациаға қажет 55 дана радиобатарея сатып алынған.  

Мекеменің балансында барлығы 391 көлік бар және орта есеппен көліктердің алынғанына 14 жыл болған. Дегенмен апат болған жердегі жағдайға қарасақ, мекеменің әлеуеті толық пайдаланылды деп айтуға келмейтін сыңайлы.

Бұған қоса екі апта бұрын аталған мекеменің үш бірдей басшысы ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысуға және кәсіпкерлерден жүйелі негізде 700 мыңнан 13 млн теңгеге дейін пара алуға кінәлі деп танылған.

«Резерваттың үш басшысы 10 жылға сотталды, ал бес пара беруші пара бергені үшін кінәлі деп танылып, бір жарым жылдан үш жарым жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды», деп хабарлаған Антикор қызметі.

ӨЛІМГЕ ЖАУАПТЫЛАР СОТТАЛУЫ КЕРЕК

Еуразиялық интеграция институтының директоры, саясаттанушы Оразғали Селтеев баспасөзге берген сұқбатында Абай облысындағы орман өрті республикалық ауқымдағы өте үлкен трагедия екенін айтады. Бұл ретте өрт аумағына кешігіп жеткен экс-төтенше жағдайлар министрі Ильиннің отставкаға кетуі әбден қисынды екенін жеткізді.

Бұл жерде әрбір субъектінің кінәсінің дәрежесін анықтау үшін байыпты талдау қажет. Оның үстіне орманшылардың өлімі үшін кінәлілер сотталу керек. Осындай жағдайлардың кесірінен қатаң санкциялар мен әділ жазалар болмағанша, түрлі саладағы мемлекеттік басқару өзгермейді. Ешкім қорытынды жасамайды, – дейді Оразғали Селтеев.

Сарапшының айтуынша, барлық деңгейдегі мемлекеттік аппараттағы шенеуніктер қателіктері үшін жазаланбайтындығына үйреніп қалғандықтан, ештеңені өзгертуге тырыспайды. Келеңсіз жағдаяттар тез ұмытылып кетеді. Ол мұның бір мысалы ретінде, былтырғы Риддердегі өрттен кейін жауапты басқармалар мен жеке тұлғалардың салғырттығын атады.

ӨРТТІ ӨШІРЕ АЛМАУҒА НЕ СЕБЕП?

Төтенше жағдайлар саласында ұзақ жылдар жұмыс істеп, зейнетке шыққан Азамат Қарасартов Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында саладағы негізгі түйткілді мәселелерді атады. Оның айтуынша, өрт сөндірушілердің өмірі сақтандырылмаған әрі әлеуметтік жағынан толық қамтамасыз етілмеген.

Өрт сөндірушілер шахтерлерден кейін екінші орында тұрған қауіпті мамандық саналады. Оларға тағайындалған 170-190 мың теңге аралығындағы айлық өте аз. Соңғы жылдары қаншама өрт сөндіруші қайтыс болғаны өздеріңізге мәлім. Өрт сөндірушілердің көбі жастар, бастарында меншік баспанасы да жоқ. Қарапайым қызметкерге үй алу фантастикамен бірдей нәрсе. Кадрлық сұрақтар апаттың бастауында тұрған түйткілді мәселенің бірі. Мұны Президенттің өзі шешпесе, өзгесі қозғалмайды. Барлығына ыңғайлы. Негізгі жауаптылар қол қусырып сыйақы алумен, шен алумен, қызметте өсумен шектеліп отыр. Ал күн-түн демей дамылсыз жұмыс істеп жүрген қарапайым қызметкерлер үшін үй қарастырылмаған, әлеуметтік пакеттер берілмейді, өмірлері сақтандырылмаған. ТЖМ-нің медициналық қызмет көрсету сервисі жоқ. Әлі күнге дейін ІІМ-не жүгінеміз, – дейді ТЖМ зейнеткері Азамат Қарасартов.

Ол Абай облысындағы алапат өртке жетекші құрылымның кәсібисіздігі мен салғырттығы себеп болды деген пікірде. Өйткені лауазымды орындарға басшы болып келгендердің көбінің тиісті өндірістік білімі жоқ.  

«Ильин болсын, басқасы болсын басшы ретінде өте әлсіз болды. Министрлікті өртке қарсы тәжірибесі жоқ, сондай-ақ салалық мәселені ішінен меңгермеген әскери саладағы мамандар басқарып келді. Кейбірі тіпті өрт бөлімшелеріне барып көрмеген, ол аз десеңіз өртеніп жатқан үйге бас сұғып көрмегендері бар. Мұндай біліксіз басшылықтан не талап етуге болады? Олар ешқашан өрт сөндіруші мамандардың жағдайын, мұң-мұқтажын, қиындықтарын түсінбейді. Сондықтан осындай жағдайлар туындап отыр. Ал Абайдағы өртке келер болсақ, жауапты басшылар өртену деңгейін уақытылы бағамдай алмаған. Басшылықтың көбі өзіне жауапкершілік алудан қорқады. Ал бұл кезде алтындай уақыт өтіп кетеді. Екіншіден, жергілікті әкімшілік құрылымдар мен орман шаруашылығы мекемелері, сондай-ақ ТЖМ-мен оған бағынысты өзгеде ведомстволар арасында бірлескен байланыс жоқтығын көрсетті. Бұрынырақта мұндай масштабтағы үлкен орман өрттері болмайтын. Мұның барлығы жауапты орындардың осы кезге дейінгі беріп келген есептерінің өтірік екенін көрсетіп отыр. XXI ғасырда өрімдей жас балалардан айырылып жатырмыз. Бұл масқара жалғаса береді», – дейді Абзал Қарасартов.

Әрине, орман өртінің туындауына қатысты түрлі жорамал айтылып жатыр. Облыс әкімдігі Семей орманы резерватында қасақана өрт қою дерегінің тексеріліп жатқанын мәлімдеді.

ИЛЬИН ДУБАЙДА ЖҮРДІ МЕ?

Бұл орайда қоғам белсендісі Серік Байғалиев өрт күшейгенше орман шаруашылығынан басқа ешкім шұғыл шара қолданбағанын айтады.

«Сол кезде қала, облыс әкімдері мен олардың орынбасарлары немен айналысты? Әлеуметтік желіде облыс әкімі мен қала әкімінің облыстың мерейтойын атап өтіп, баланы туған күнімен құттықтап, күндіз түрлі шараларға атсалысқанын тамашаладық. Кешкісін концерт болып жатқан кезде, Семейдің кез келген жерінен өрт көрініп тұрды. Менің ойымша, мұндай шараларды тоқтатып, сол кезде жедел штаб құрып, дабыл қағу керек еді. Ал Абай ауданының әкімі бұл жерге 12 сағаттан кейін ғана жетті», – дейді белсенді.

Әлеуметтік желілерде 8-9 маусым күндері Абай ауданында өрт басталған кезде экс-Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Дубайда болған деген қауесет тарады. Министрліктің баспасөз қызметі бұл күндері Ильиннің Солтүстік Қазақстан облысында жұмыс сапарымен болғанын айтып, ақпараттың шындыққа жанаспайтындығын жеткізді. Сондай-ақ, көпшілік өңірдегі материалдық-техникалық базаның әлсіздігіне Шығыс Қазақстан облысын ұзақ жыл басқарған Даниал Ахметовтің де кінәсі бар екендігін айтуда.

100 ЖЫЛ ҚАЖЕТ

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан аз орманды елдерге жатады. Соңғы ресми дерек бойынша, мемлекеттік орман қоры 30,5 млн га аумақты алып жатыр. Оның ішінде таза орман ауданы 13,6 млн га. Ол ел аумағының 5%-на тиесілі. Оның жартысына жуығы сексеуіл.

Экология белсендісі Сәкен Ділдахметтің айтуынша, Қазақстанда орманды алқаптардың 40 пайызға жуығы Шығыс Қазақстан өңіріне тиесілі. Сарапшының сөзінше, өртенген орманды қалыпқа келтіру үшін кем дегенде 70 жылдан 150 жылға дейін уақыт қажет. Ал Семей орманы Орталық Азия аумағында қарағайлы орманымен ерекшеленеді.

Резерваттың флорасы мен фаунасы өте бай. Кемі екі жыл өткеннен кейін ғана орман орналастыру мамандары осы орманның шығынын есептеп, оның жағдайын бағалайды. Осыдан кейін ғана орманда ағаш егу жұмыстарын бастайды. Бұл қылқан жапырақтарылардың өзі өте жай, жылына 2-3 см ғана өседі. Сондықтан Семей орманын қалыпқа келтіру үшін кем дегенде 100 жыл кететіні сөзсіз, – дейді сарапшы.

Экологтың пайымдауынша, Қазақстанда кез келген орман өртінен кейін флора мен фаунаға келген шығын бойынша іргелі зерттеу жүргізілмейтіндіктен, тиісінше орманның қалпына келуі де баяу жүреді. Бұл орайда Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің алдында жаңа міндеттер тұр.

«Қанша аң-құс түрі, қанша тұяқтылардың түрі жойылуына қатысты есеп-қисаптар жүргізілмегеннен кейін, қалыпқа келтіру ұзаққа созылады. Бұдан бөлек құрт-құмырсқа әлемі бар ғой. Сондықтан өртенген 60 мың га орман алқабындағы флора мен фаунаға өте үлкен зардап келді. Әсіресе марал мен бұланның жойылу қаупі басым», – деген ол келешекте әлем бойынша орман өрттерінің саны 50 пайызға арта түсетіндігін атады. Оған жаһандық климаттың өзгеруі, жер температурасының өзгеруі айтарлықтай әсер етіп отыр.

Бұл орайда премьер-министр орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Абайдағы өрт шығынын алдын ала есептеуге әлі ерте екенін айтты.

Өрт әлі де маңызды аумақты шарпып жатыр. Сондықтан, барлық процедуралардың, соның ішінде комиссияның жұмысының оқшаулануын және аяқталуын күтейік, – деп жауап берді Қаржы министрлігінің басшысы.

Министрдің мәліметінше, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің 2023-2025 жылдарға арналған бюджеті 121,5 млрд теңге. Оның ішінде биыл 52,7 млрд теңге бөлінген.

Еске салайық, 9 маусым күні таңертең өрт аумағы 30 мың гектарға жуық деп хабарланғанымен, кешке қарай оның аумағы 60 мың гектардан асты. Семейде өртке байланысты төтенше жағдай жарияланып, 9 маусым күні кешке президент Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинге Абай ауданындағы өрт болған жерге баруды тапсырды. Келесі күні президент Илиньді қызметінен босатып, азаматтық қорғаныс жүйесінде басшылық қызметтер атқарған Сырым Шәріпхановты Төтенше жағдайлар министрі лауазымына тағайындады.

9 маусымда түн ортасына таман Ақорда Тоқаевтың Вьетнамға сапарын кейінге қалдырып, Абай ауданындағы өрт аймағына ұшпақшы болғанын хабарлады.

Өңірдегі қызметкерлердің айтуынша, техника жетіспегендіктен өртті сөндіруге кеш кіріскен, сонымен бірге өрттің таралуына қатысты теріс болжам берілген.

Ал 10 маусымға қараған түні Абайдағы өрт Қазақстандағы ең ірі су электр стансасы Шүлбі су электр станциясына таяп қалғаны белгілі болды. Бірақ Абай облысының әкімдігі Шүлбі су электр станциясына өрт жақындағанын жоққа шығарады. Облыс орталығында эвакуацияланғандар үшін тоғыз пункт дайындалды.

Сондай-ақ президент Абайдағы өртпен күресу үшін бар мүмкіндікті пайдалануды тапсырып, 10 маусымға қараған түні тиісті миснистрлік Абайдағы өртті сөндіруге Алматы мен төрт облыстан қосымша күштер мен құралдар жіберілетінін хабарлады.

Қазіргі уақытта Абай ауданындағы өрт, Greenpeace ұйымының мәліметі бойынша, аумағы жағынан әлемдегі ең үлкен өрт болып шықты.

10 маусымда үш ауданда өртті сөндіру жалғасып жатқаны белгілі болды.

«Қазгидромет» РМК мәліметі бойынша, 2023 жылғы 13 маусымда күндіз Абай облысының солтүстік-батысында қысқа мерзімді жаңбыр жауды. 14-15 маусым күндері жауын-шашынсыз, солтүстік бағыттағы жел күшеймек.

Қазір өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар министрлігі, Экология және табиғи ресурстар министрлігі, жергілікті атқарушы органдар мен Қорғаныс министрлігінен 1 800-ге жуық адам, 350-ден астам бірлік техника жұмылдырылған. Дегенмен өртеніп жатқан аумақтың жалыны бәсеңдемей тұр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама