×

Алдағы он жылда солтүстік пен шығыста жұмыс істейтін адам қалмауы мүмкін – демограф

Елімізде демографиялық жағдайды реттейтін нормативтік құжат жоқ

 Ая Өміртай 06.02.2023 | 11:38
сурет: Halyq Uni

Қазақстанда халық саны көбейгенімен, өңірлік демографиялық жағдай құлдырап барады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қазақстандағы қалыптасып отырған демографиялық ахуал бойынша сұқбат берген демограф Аяулым Сағынбаева өңірлердегі демографиялық жағдайдың нашарлау себептерін атап көрсетті.

Маманның айтуынша, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарында халықтың қартаю деңгейі жылдан жылға жоғарылап барады.

«Аталған өңірлерде халықтың қартаю деңгейі жоғары. Яғни, халық санының 7%-ы 65 жастан жоғары болса, бұл өңірде халық қартайып жатыр дегенді білдіреді. Сонымен бірге жоғары көшіп-қону салдары ғана емес, туу деңгейінің өте төмен болуымен қатар, өлім-жітім деңгейінің жоғары болуы әсер етіп отыр. Мәселен, еліміздің шығыс өңірі жоғары деңгейде урбандалған аймаққа жатады. Орта буын санатындағы жастар көп көшеді. Сыртқа ғана емес, үлкен мегаполистерге қоныс аударып жатыр», – дейді Аяулым Сағынбаева Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында.

Маманның айтуынша, өңірлердегі демографиялық жағдайдың нашарлауына бірнеше фактор атап айтқанда, экономикалық, әлеуметтік теңсіздіктер мен бірге экологиялық, климаттық мәселелер әсер етіп отыр.

Елімізде көшіп-қонушыларды тартатын төрт нүкте бар. Олар Алматы мен Астана, кейіннен қосылған Шымкент және Маңғыстау облысы. Бұл жерлерде қалада халық санының үлкен қарқынмен көбеюіне әкеліп отыр. Адам көшіп-қонған кезде жаман жағдайдан қашып көшпеуі керек, өзінің дамуында жаңа белестерге жету үшін көшуі қажет. Ал өндірістік өңірлерде экономикалық жағдай жақсы болғанымен, экологиялық мәселелерге әкеліп кіргізеді. Яғни, экологиялық жағдай нашар болғандықтан, ауру-сырқау көбейеді. Әсіресе балалар арасында. Сондықтан ата-аналары тұрмыс деңгейі жақсы өңірлерге көшуге мәжбүр, – түсіндірді демограф.

Маман елімізде мемлекеттiк демографиялық саясаттың негiзiн айқындайтын және реттейтін нормативтік құжат жоқ екендігіні, осы себепті демографиялық ахуалдың қазiргi қолайсыз жағдайына және оның даму перспективаларына талдау жасалмай отырғандығын мәлімдеді.

«Қазақстанның демографиялық даму концепциясы 2011 жылы түбегейлі күшін жойды. Содан бері 12 жыл өтті, бізде демографиялық жағдайды реттейтін нормативтік құжат жоқ. Тек отбасы және гендерлік теңдік концепциясы бар. Бірақ онда барлық саясат қарастырылмайды. Халықтың демографиялық проблемаларына көз жүгіртетін, мониторинг жасайтын мемлекеттік орган жоқ. Қазақстанда мұны кешенді түрде реттейтін мемлекттік орган бола ма, стратегиялық жоспарлау агенттігі дейміз бе, әйтеуір міндетті түрде реттейтін орган болуы қажет. Мәселен, қазір жастар мен отбасы мәселесін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жүктеп қойған. Барлығы жан-жақта ыдырап жүр. Тұтас жағдайды айқындап беретін, картинаны қалыптастыратын орта көріп отырған жоқпыз», – дейді Аяулым Сағынбаева.

Оның айтуынша, мемлекет өңірлердегі бүгінгі ахуалды және әлеуметтiк-экономикалық дамудың алғы шарттарын қатаң есепке алмаған күнде, келешек он жылдықта аймақтардағы өзекті мәселелер неғұрлым күшейіп, тоқырауға алып келмек.  

Айта кетелік, 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еліміздегі халық саны 19 765 004 мың адамға жетті. Оның ішінде қалалықтар – 12 208,2 мың, ауылдықтар – 7 556,7 мың адам. Табиғи өсім есебінен халық саны 268 791 адамға өскен, көші-қон сальдосы теріс – -6 946.

2022 жыл басымен салыстырғанда халық саны 261 845 адамға өскен.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама