×

Петропавлда құрылыс қарқыны артқанымен, тұрғындар жылу тапшылығына тап болуы мүмкін

Қаладағы ЖЭО-ның тозығы жеткен

 Самат Жақып 06.03.2022 | 18:16
фото: Halyq Uni

Петропавлда жылу электр орталығы 56% тозған. Қайта қалпына келтіру жұмыстары уақытылы жүргізілмесе, болашақта қалада жылу тапшылығы пайда болуы ықтимал.

1960 жылы пайдалануға берілген стратегиялық нысандағы қазандықтар бүгінгі күні әбден ескірген. Соңғы жарты жылда ЖЭО-да үш мәрте апат болды. Тіпті соңғысында бір адам көз жұмды. Апат салдарынан «Солнечный» ауданының халқы тәулік бойы жарықсыз қалған болатын.  Ал «Борки», «Жұмысшы кенті» тағы осы секілді қаланың шеткі аудандарында энергетиктер жылу беру қысымын мәжбүрлі түрде азайтты. Осылайша, қыстың көзі қырауда баспаналардағы ауа температурасы нормадан төмен болып, тұрғындар шағымданды.

«Негізінен орталықта 12 қазандық бар. Облыс орталығын жылумен қамту үшін кем дегенде оның 8-і тұрақты түрде жұмыс істеп тұру керек. Қаңтар айында олар бірінен соң бірі істен шығып, бес қазандыққа дейін төмендеп қалдық. Мойындау керек, қондырғылар әбден ескірген. Биылғы жылыту маусымы бізге оңайға соғып жатқан жоқ. Оның үстіне маман тапшылығы деген проблема тағы бар. Бәрі жалақының төмендігінен кетіп жатыр. Қазір бізге 120 адамдай жетіспейді. Ал қалада құрылыс қарқыны арта берсе, жылу тапшылығы пайда болуы мүмкін. Оның үстіне шахардағы жылу құбырлары да жаңалауды қажет етеді. Шамамен 70 пайызы ескірген. Аталған проблемаларды шешу үшін, осы наурыз айының ортасында біз қала және облыс әкімімен кездесеміз. Себебі Петропавлда электр және жылу өндіретін жалғыз ғана кәсіпорын бар. Ал, оны жаңаламасақ болашақта жағдай жақсармайтыны айдан анық», - дейді №2 жылу электр орталығының директоры Ержан Қоңырбаев.

ЖАҢА НЫСАНДАРҒА ҚУАТ КӨЗІ ЖЕТПЕУІ МҮМКІН

Соңғы жылдары Петропавлда құрылыс қарқыны күшейді. Биыл көпқабатты 34 тұрғын үй кешені салынып, халық игілігіне берілуге тиіс. Оған әлеуметтік нысандарды тағы қосыңыз. Сондықтан, құрылысшылар жаңа ғимараттарға қуат көзі жетпей қалуы мүмкін жеп дабыл қағуда. Бұрын жеке сектор болған «Жас Өркен» ауданында қазір жаппай ғимараттар бой көтеріп жатыр.

«Қала кіреберісіндегі «Жас Өркен» ауданы соңғы бірнеше жылда адам танымастай өзгерді. Мұнда көпқабатты тұрғын үйлер, спорт, оқушылар сарайы, теннис орталығы, тіпті емхана салынып жатыр. Бұрын мұндағы халық жер үйде пеш жағып отыратын еді. Менің ойымша, қазіргі құрылыс қарқыны жалғаса берсе, қаладағы жылу қуаты бір жарым, екі жылға ғана жетеді. Сондықтан аталған ауданға жеке қазандық орнату қажет сияқты. Өйткені, жылу орталығы тым алыс. Бұл осы бастан ойланатын мәселе. Жағдай реттелмесе, бірер жылда құрылыс түбегейлі тоқтауы да ғажап емес», - дейді құрылыс компаниясының директоры Андрей Капустин.

ПӘТЕР КЕЗЕГІНДЕ 15 МЫҢҒА ЖУЫҚ АДАМ ТҰР

Басқа қалалардағы жағдай сияқты, Петропавлда да пәтер кезегінде тұрған жандардың қарасы өте көп. 15 мың адам әкімдіктің тізімінде бар.

Қазір орталықтандырылған жылу жүйесі мүлде болмаған шағын аудандар сүріліп жатыр, оның орнына жаңа үйлер түсуі мүмкін.

«2021 жылы облыс орталығында 19 көпқабатты үй тұрғызылды. Биылғы жоспар - 34 үй. Тағы 24 үйдің жобалық–сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Біз жылу тапшылығына жол бермейміз. Мәселен, кез-келген нысан салынбас бұрын, оның техникалық шарты жасалады. Ол құжатта жылу мен жарық міндетті түрде ескеріледі. Егер де қуат көзі жетпейтін болса, онда рұқсат қағазы берілмейді», - дейді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин.

Биыл Петропавл қаласындағы №2 жылу электр орталығында жаңғырту жұмыстары жалғасын табады. Инвестициялық жоба аясында оған 10 миллиард теңгеге жуық қаржы қарастырылып отыр. Оның өзінде де стратегиялық нысанның қуаттылығы 90 гигакалорияға ғана артады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама