×

IV Дүниежүзі көшпенділер ойыны: Қазақстан қоржыны қос алтынмен толықты

IV Дүниежүзі көшпенділер ойындарында бүгін Қазақстан қоржыны қос алтынмен толықты

 Халық үні 02.10.2022 | 20:56
Фото: әлеуметтік желіден

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев IV Дүниежүзі көшпенділер ойындарында бүгін Қазақстан қоржынына қос алтын түскенін мәлімдеді. Бұл туралы министр әлеуметтік желіде хабарлады

«Ардақты ағайын! Өздеріңізге Түркияның Изник шаһарынан сүйінші жаңалық жеткізгім келіп отыр. IV Дүниежүзі көшпенділер ойындарында бүгін Қазақстан қоржыны қос алтынмен толықты. Алғашқы алтын жүлдені 60 келі салмақ дәрежесінде қазақша күрестен Марат Нығматуллаев иеленсе, екінші тарихи жеңісті Көкпаршылармыз әкеліп отыр. Олар Қырғызстан құрамасымен ақтық бәсекеде сынға түсіп, 4:3 есебімен ел намысын қорғады», -деп жазды ол.

Министрдің айтуынша, көкпар додасы Көшпенділер ойындарының бағдарламасына тұңғыш еніп отырғанын ескерсек, көкпаршыларымыздың бұл жеңісі шын мәнінде ел болып қуанар ерекше тарихи оқиға. Кеше ғана кең байтақ қазақ даласын дүбірге бөлеген «Ұлы дала жорығы» бәйгесін тамашалап бір серпіліп қалсақ, бүгін тақымдары темір, білектері болат көкпаршыларымыздың жеңісі тіпті мерейлендіріп отыр. Қырғыз шеңберіне Әділет Мамыт 2 салым, Құрманбек Тұрғанбек 1 салым, Абылайхан Нышанбеков 1 салым салды.

«Айта кеткенім дұрыс, бұған дейін ІV Дүниежүзі Көшпенділер ойындарында еліміз екі күміске қол жеткізген болатын. Оның біреуін Дәстүрлі садақ атудан иеленсек, екіншісін жамбы атудан еншілеген едік. Сондай-ақ, Қазақ күресінде әлемнің 20-ға жуық елінен 60-тан астам балуан белдесіп, айтулы бәсекеде 19 бұрымдымыз бақ сынады. Ұлттық спорттың туын жықпай, ел үмітін еселеген барлық жеңімпазды шын жүректен құттықтаймын! Түркия төрінде атойлаған қазақ рухы асқақтай берсін!», – деп құттықтады отандастарымызды Дәурен Абаев. 

Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстан келесі Әлемдік көшпенділер ойынын өз жерінде өткізуге өтінім бергені туралы хабарлаған едік.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама