×

Жоба өзін-өзі ақтады: «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі туралы

Маңғыстау командасы 24 миллион теңгеге ие болды

 Наима Нұрәлі 30.09.2022 | 23:55
Бақытжан Тұрлыбек, жоба авторы

Кеше «Ұлы дала жорығының» жеңімпаздары анықталып, Арқадан Түркістанға ең аз уақытта жеткен Маңғыстау командасы бас жүлде  - 24 000 000 теңгеге ие болды. Жалпы жүлде қоры бойынша 1-орынға 30 миллион теңге тігілген. Марапаттау рәсімінен соң «Жеңімпаз командаға неге 30 миллион теңге берілмеді?», «қалған 6 миллионы қайда?» деген сұрақтар туындап жатыр. Сонымен қатар жарыс жолынан шығып қалған кей командаларды да әділқазылар алқасы өкпелеткен жоқ. Не себепті алматылық шабандоздар 1 миллион теңгеден алды? Мәселенің анық-қанығын «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің авторы Бақытжан Тұрлыбектен сұрап білдік.

- Әңгімені 6 миллион теңгеден бастаңызшы. Не себепті жеңімпаз командаға баста айтылған 30 миллион теңге берілмеді?

- Иә, 1-орынға – 30 000 000 теңге. Ескеретіні, команда Түркістан қаласындағы мәреге толық құраммен (5 адам) жеткен жағдайда  ғана толықтай төленеді. Яғни, бірінші орын иегерлеріне 6 миллион теңгеден бекітілген. Жеңімпаз атанған Маңғыстау командасы мәреге 4 атпен жетті. Сондықтан 24 миллион теңге алды. Екінші орынға бекітілген қаржы - 20 миллион теңге. Сонда әр шабандозға 4 миллион теңгеден белгіленген. 2-орын алған Жетісу облысының командасында 3 ат мәрені кесіп өтті, сондықтан 12 млн теңге алды.

Үшінші орын алған Түркістан құрама командасы да мәре сызығына 3 атпен келді. Үшінші орын үшін 15 миллион теңге бекітілген, сонда командадағы 5 қатысушыға  3 миллион теңгеден бөлінеді. Бұл команда да толық құрамда болмағандықтан 9 миллион теңге алды. Сонымен қатар төрешілер мен ұйымдастыру комитеті ақылдаса келе, бірінші орын жүлдесінен артылған 6 миллион теңгені мәреге 4-болып жеткен Жамбыл облысының құрама командасына берді. Ал екінші және үшінші орын жүлдесінен артылған қаржыны командасы жарыстан шығып қалса да, астындағы атын сынау мақсатында 1200 шақырымды бағындырған шабандоздарға теңдей бөліп бердік.

- Иә, жалғыз өзі Түркістанға жеткен шабандоздар 1 миллион теңге қаржылай сыйлық алғанын білеміз. Ал Алматы қаласының шабандоздарына қатысты айтылып жатқан сын орынды ма?

- Бұл команда марафон-бәйгенің 8-кезеңінде түске дейінгі 50 шақырымды бағындырған соң, аттарының бірі төрт аяғын тең баса алмай ақсап қалды. Осыны ескеріп, вет-дәрігерлер аттың жорықты жалғастыруына рұқсат бермеді.

Алматы командасының жетекшісі 2 атпен командалардан тыс, аттарын дәлелдеу үшін қатысуға рұқсат сұрады. Біз келістік. Өкінішке қарай, вет-дәрігерлер «аяғы ауырып тұрған атты зорықтыруға жол бермейміз» деп үзілді-кесілді қарсы болды. Алайда, ертесіне үшінші аттың аяғының бұрыннан тырысқақ ауруы бар екені және денесі қызған соң аяқ бұлшықеттері қалпына келетіні анықталды. Нәтижесінде бұл команда 3 атпен аман-есен Түркістанға жетті. Біз әрқайсысына 1 миллион теңгеден ынталандыру сыйлығын бердік.

- Жобаның мақсаты толық орындалды ма? Мәреге жеткен аттар санына қаншалықты көңіліңіз толады?

- Жоба өзін-өзі ақтады. Негізгі мақсаты толық орындалды деп айта аламын. Аттылар күннің суығына тап болмас үшін жобаны ертерек бастадық. Дайындыққа 1,5-2 ай ғана уақыт берілді. Ақтөбе, Маңғыстау, Жетісу командалары осы уақыт аралығында дайындалып үлгерген. Қалған командаларға жергілікті әкімдік жоба жайлы ақпараттарды кеш жеткізіпті. Аттарды дайындауға уақыт тығыз болғандықтан көбі жарыс жолынан шығып қалды деп ойлаймын. Мәреге жеткен аттар санына көңілім толады. Бастапқыда сарапшылар жағы өзара ақылдаса келе, мәреге 4-5 команда ғана жете алады деп болжам жасаған еді. Алайда мәреге 26 ат жетті. Бұл қазақ жылқысының шыдамдылығын көрсетеді. Олар аттардың 10 пайызы ғана Түркістанға жетеді десе, кеше 25 пайызы белгіленген межені бағындырды.

- Мәреге жеткендер мен жетпегендердің айтары бір. «Жоба жалғасын таба ма?» деп отыр. Бұған дейін жобаны жыл сайын өткізу ойыңызда барын айттыңыз. Алайда діттеп келгенде бәрі қаржыға келіп тіреледі. Демеуші табу қиын болмай ма?

- Иә, жобаны жалғастырсақ деген ниеттеміз. Кеше қатысушылар, атбегілер жоба жалғасын тапса деген ұсыныстарын айтты. Келесі жылы тыңғылықты дайындықпен келеміз деп отыр. Алла жазса, осы жылдың қазан айында 2023 жылдың «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің өткізілу уақыты мен жүріп өтетін елді мекендері жайлы ақпаратпен бөлісеміз. Жоба өзін-өзі ақтады. Сондықтан демеуші табу қиындық тудыра қоймас. Қазірдің өзінде сәтті жобаға қызығушылық танытып жатқандар баршылық.

- Әңгімеңізге рақмет.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама