×

Ұлттық статистика бюросының шенеунігі заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқан

Қалалық департамент басшысы Жорабек Дәуренов айыппұл арқалады

 Ербол Тұрымбет 30.09.2022 | 15:17
Коллаж: Halyq Uni

Ұлттық статистика бюросы елордалық департаментінің басшысы заңға қайшы екенін біле тұра 13 жылдай кәсіпкерлікпен айналысқан, нақтырақ айтқанда өз атына шаруа қожалығын тіркеген. Оны «Әділдік жолы» РҚБ-нің Астана қалалық филиалы мониторинг жүргізу барысында анықтап отыр. 

Ал «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңға сәйкес жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдарға, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға және оларға тенестірілген адамдарға кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салынған. 

Анықталған дерек бойынша республикалық бірлестік филиалы Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментіне Жорабек Дәуреновті Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 154-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы хат жолдаған.

Соның негізінде аталған департамент 22 тамыз күні Ж. Дәуреновке қатысты әкімшілік хаттама толтырып, әкімшілік іс-құжаттарды қарау үшін елордадағы Әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жіберген.

Аталған лауазымды тұлғаға қатысты әкімшілік материал сотта қаралып, 15 қыркүйекте сот қаулысымен әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 428 820 теңге айыппұл салынған. Дауренов те сот отырысында кінәсін толықтай мойындай қойыпты.

Айта кетейік, биылғы 8 айында «Әдiлдiк жолы» РҚБ жолдаған хаттар негізінде тап осы баппен 96 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама