×

Материалдық көмек, пәтер мен оқу ақысы: СҚО-да дәрігерлерге қандай жағдай жасалған

Өңірге жұмыс істеуге келген мамандарға 3,5 миллион теңгеге дейін беріледі

 Самат Жақып 30.09.2022 | 10:03
Фото: ашық дереккөз

Солтүстік Қазақстандағы ауруханаларға 200-ден астам дәрігер қажет. Бұл мәселе бірнеше жылдан бері шешілмей келеді. Жергілікті билік ауылға жұмыс істеуге баратындарға 3,5 миллион теңгеге дейін төлеуге дайын, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Қазір өңірде медицина саласында еңбек етуге келгендерге барынша қолдау көрсетіліп жатыр. Биылдан бастап Петропавл қаласына жұмысқа орналасқандарға 2,5 миллион теңге, ал елдімекендерге барған дәрігерлерге 3,5 миллион теңгеге дейін материалдық көмек көрсетіледі. Соның арқасында бір айда облыстағы емдеу мекемелері 73 маманмен толықты.

Алматыдан арнайы келген маманның бірі – Мәди Жасұлан. Ол Қазақ ұлттық медицина университетінде терапевт мамандығын алған. Алматы тумасы жастарға жасалып жатқан жағдайды естіп, бірден солтүстік өңірге келген. Қазір ол Петропавлдағы №1 емханада жұмыс істейді.

«Бастапқыда Солтүстікке келуге қорқыныш болды. Дегенмен Петропавл да қазақтың жері ғой. Оның үстіне Солтүстік Қазақстан облысының халқына да сапалы медициналық көмек керек. Тәуекел деп осы жаққа келуге бел будым. Жер көремін, ел танимын, тәжірибе жинаймын. Ұсынған қаржыны толықтай алдым. Енді келісімшарт бойынша осы өңірде бес жыл еңбек етуім қажет», - дейді Мәди Жасұлан.

Жас маман еңбек етіп жатқан емханаға 70 мың адам тіркелген. Медициналық мекемеде штаттық кесте бойынша 130 дәрігер болуы керек. Алайда облыс орталығында орналасқан мекемеге 30-дан астам дәрігер қажет. Тек кейінгі екі айда мұндағы ұжым 10 жас маманмен толыққан. Мәди өз учаскесіндегі 1 700 адамға қызмет көрсетеді.

«Былтыр учаскемізде дәрігер болмады. Сондықтан басқа емханаға барып күні бойы ұзын-сонар кезекте тұрдық. Ал ақылы емханаға бару қалтаны қағады. Емханамызға жас мамандар келіп жатыр. Нәтижесінде бүгін дәрігер қабылдауына уақытында кіріп, қаралып шықтым», - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Хадиша Жақиянова.

Облысқа медициналық жоғары оқу орындарының 73 түлегі келді. Оның 56-сы қалаға, қалған 17-сі ауылдағы медициналық мекемелерге жұмысқа орналасты. Олардың әрқайсысына 3,5 миллион теңгеге дейін қаржы берілді.

«Ауылға барған мамандардың баспана мәселесі шешілген. Үй жалдап тұратындар үшін жалға берілетін пәтердің ақысы төленеді. Жас мамандар «Дипломмен ауылға», басқа да мемлекеттік бағдарламаларға қатыса алады. Былтыр аурухана, емханалардың бас дәрігерлері басқа өңірлердегі медициналық жоғары оқу орындарының басшылығымен келіссөздер жүргізген. Өңірге жас маман тарту жұмыстары жалғасады», - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнәр Қалиева.

Өңірге педиатр, терапевт, анестезиолог, гинеколог және психиатр қажет. Өңірде 207 дәрігердің орны бос тұр. Оның 151-і қала, 56-сы ауылдағы мекемелерге қажет.

Сондай-ақ СҚО-ға келген жас мамандарға «Дәрігер үйінен» жалға пәтер беріледі. Ал аудан, ауылды жерлерде мамандарға тұрғын үйді жалдау ақысын мемлекет төлеп береді. Материалдық көмектен басқа, әлеуметтік қолдау да бар. Мәселен баланы балабақшаға немесе мектепке орналастыруға, жұбайын жұмысқа орналастыруға көмек көрсетіледі.

Бұдан бөлек облыстық әкімдік есебінен дәрігерлерді резидентурада оқыту үшін 2019 жылдан бастап қаржы бөлінеді. Қазір Астана медицина университетінде 148 резидент білім алып жатыр. Осы жылы олардың 58-і оқуын тәмамдайды. Алайда алты дәрігер жұмыстан бас тартып отыр. Сондықтан олардың құжаттары сотқа жіберіледі. Ал екі адам жеке клиникада жұмысқа орналасуына байланысты оқуына кеткен барлық шығынды қайтарып береді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама