Ресейліктерден бас тартсақ, қазақылығымыз қайда қалады? – Жұманғарин

Дәурен Ерболат

Оның пікірінше, қазақтар қонақжай халық екенін көрсетуі керек

Фото: primeminister.kz

Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Ресей мен Қазақстанның достығы берік екенін, елге келген ресейліктерге көмектесу қажеттігін айтты деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Осыдан 80 жыл бұрын аталарымыз соғыста бір сапта тұрды. Отанымызды қорғадық. Бір-бірімізге дос халықпыз. Қазір олардан бас тартып, кетіңіздер десек, біздің қазақылығымыз қайда қалады? Намыс пен арымыз бар. Бұл – моральдық мәселе, - деді министр Сенаттың кулуарында.

Осы орайда ол ресейліктердің шекара маңынан басқа да қалаларға бара алатынын жеткізді.

Олар келіп, транзитпен кетіп жатыр. Бірақ әрине шекарадағы аудандарға салмақ түсуде. Сондықтан оларға түсіндіріп айту керек. Бізде тек Орал, Ақтөбе, Қостанай, Петропавл емес, басқа қалалар да бар. Олар баратын жерлер көп, - деді Серік Жұманғарин.

Айта кетейік, кеше Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Қазақстанға заңға бағынатын ресейліктер келіп жатқанын айтқан еді. Ал жалпы 21 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин ішінара мобилизация жариялағаннан кейін ресейліктер Қазақстан, Армения, Грузияға ағыла бастады.