×

Қазақстанға заңға бағынатын ресейліктер келіп жатыр – ІІМ

Қазақстанға келген ресейліктердің 65%-ы елден кеткен

 Дәурен Ерболат 28.09.2022 | 12:11
фото: Halyq Uni

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Қазақстанға келген ресейліктер қылмыс жасамағанын, елге келгендердің заңға бағынатынын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Вице-министрдің айтуынша, көрші елден келгендердің саны күн сайын өсіп жатыр.

«Нақты санды Шекара қызметі біледі. Шамамен 100 мың адам келді. Бүгінде оның 65%-ы елден шықты. Қателеспесем, кеше 64 мыңнан аса адам елден кеткен. Келушілер тарапынан әзірге бірде-бір қылмыс тіркелген жоқ. Осы аптада да құқықбұзушылық анықталмады. Көбіне заңға бағынатын азаматтар келіп жатыр. Әзірге олардың өмір сүруге ресурсы (ақшасы – автор) бар. Олар құқық бұзса, тиісті шаралар қабылданады. Заң бәріне бірдей. Олар көші-қон заңнамасын бұзса, елден шығарылады, ал қылмыс жасаса, қылмыстық жауапкершілікке тартылады», - деді бірінші вице-министр Мәжіліс отырысының кулуарында.

Марат Қожаев елге келіп шетелдіктер арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Біз шекарадағы көші-қон процесі мен олардың қайда орналасқанын бақылап отырмыз. Әлеуметтік желілерде және БАҚ-та түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бізге (Ресейде ішінара жарияланған мобилизациядан қашқандардың – авт.) тізімі әлі түскен жоқ», - деді министрдің орынбасары.

Вице-министр Қазақстанға келіп жатқандарға қатысты нақты мәлімет арнайы базада барын жеткізді.

«Келгендердің есебі жүргізіліп жатыр. Бізде бірыңғай база бар. Онда келген адам туралы барлық мәлімет көрсетілген. Мысалы, оның туған жылы, туған жері, барлық мәлімет біздің базаға түседі», - деді Марат Қожаев.

Бірінші вице-министр Қазақстан ресейліктердің шекарадан өтуіне шектеу қоя алмайтынын айтты.

Бізде тыйым жоқ. Егер өз елінде шектеу болмаса, оған іздеу жарияланбаса, шекарадан өту кезінде шектеу қойылмаса, онда олар өтеді, - деді вице-министр.

Сондай-ақ Марат Қожаев өз елінде қылмыс жасаған ресейлік жазасын отанында толық өтесе, Қазақстан шекарасынан өте алатынын атап өтті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама