×

СҚО-да ауыл әкімінің шағымынан кейін жол жөндейтін кәсіпкердің жұмысы тоқтап қалды

Кәсіпкер полицияның үстінен прокуратураға арыз жазатынын айтты

 Самат Жақып 28.09.2022 | 17:45
Halyq Uni

Солтүстік Қазақстан облысында жол жөндеумен айналысатын кәсіпкер сатып алған қиыршық тасты бірнеше айдан бері пайдалана алмай отыр. Полиция қылмыстық іске байланысты оны игеруге рұқсат бермеген, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің отырысында кәсіпкерлдің өтініші талқыланды. Жиынға қатысушылар тәртіп сақшылары тарапынан қабылданған мұндай шешімнің негізсіз екенін айтады.

«Магнит 2010» ЖШС аудандық және республикалық маңызы бар жолдарды жөндеумен айналысады. Бұл фирма «Көкше табыс» ЖШС және «Көкшетау жолдары» ЖШС-мен Ғабит Мүсірепов ауданы Тахтаброд ауылының жанындағы «Тахтаброд-Гусаковка» жол учаскесіне табиғи қиыршық тас жеткізуге шарт жасасқан.

Кәсіпкер оны аудандық маңызы бар автожолға орташа жөндеу жүргізу үшін сатып алған. Бірақ сәуірде іске полиция араласқаннан кейін жұмыс біржола тоқтаған. Себебі тәртіп сақшылары қиыршық тасты заңсыз қазып алды деген күдікпен оны пайдалануға шектеу қойған.

«Сәуірден бастап аудандық полиция бөліміне бірнеше рет хат жолдадым. Алайда олар  менің ресми өтінішіме түрлі сылтау айтып, дәлелді жауап бере алмады. Соның салдарынан «Көкшетау жолдары» ЖШС қызметкерлері құрылыс жұмыстарын жүргізу мерзімін кешіктіріп жатыр. Енді жауапты орган осы жағдайды түсініп, бізді құқық қорғау органдарының заңсыз әрекеттерінен қорғауын сұраймын»,- деді кәсіпкер Серік Нұрпейісов.

Жиынға Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның полиция бөлімі бастығының орынбасары Нұрлан Ысқақов онлайн қатысты. Оның айтуынша, сәуірде Тахтаброд ауыл округі әкімі полицияға хабарласқан. Әкім бұл қиыршық тастың заңсыз алынғанын айтып шағымданған.

Алғашында барлық материал облыс әкімдігі, СҚО кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы және экология департаментіне жіберілген. Қыркүйекте қылмыстық іс қозғалған.

«Демек, сәуір мен қыркүйек аралығында қылмыстық іс қозғалмаған. Онда неге 5 ай бойы біздің жұмысты тоқтатты? Яғни қиыршық тасты пайдалануға бұл аралықта ешқандай тыйым салынбаған. Сонымен қатар инертті материал жергілікті карьерден алынбағанын растайтын арнайы құжат бар. Бірақ құқық қорғау органдарының өкілдері бұл фактіні елемей отыр», - деді кәсіпкер.

Кәсіпкер облыстық прокуратураға Ғабит Мүсірепов ауданы полиция қызметкерлерінің заңсыз әрекетіне байланысты арыз жазатынын мәлімдеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама