×

БҚО әкімдігі ресейлік дәрігерлердің ауруханада жұмыс істеп жатқанын жоққа шығарды

Облыс бойынша 271 дәрігердің орны бос тұр

 Халық үні 28.09.2022 | 13:22
Halyq Uni

Әлеуметтік желіде және бірқатар БАҚ-та Оралдағы ауруханаларға ресейлік дәрігерлердің жұмысқа қабылданғаны туралы ақпарат тарады. Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасы ресейлік мамандардың ауруханаға барғанын, алайда жұмысқа қабылданбағанын хабарлады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, Ресейден келген екі дәрігер жұқпалы аурулар ауруханасының басшылығымен кездескен. Оларға жұмысқа орналасу үшін қажетті құжаттарды жинау, оны қазақ тіліне аудару қажет екені айтылған.

Ал тағы бір маман аурухана басшысымен хабарлама алмасу арқылы ақпарат алған.

«Қазір БҚО-да ресейлік дәрігерлер жұмыс істеп жатқан жоқ. Ресейлік дәрігерлер дипломдары мен біліктілігін нострификациялауы қажет. Яғни басқа мемлекетте берілген құжаттың дұрыстығын біздің елдің жауапты органдары арқылы дәлелдеп, растауы қажет», -деді БҚО денсаулық сақтау басқармасының ресми өкілі Айнагүл Сақбосынова.

Айта кетейік, ресми ақпаратқа сәйкес Батыс Қазақстан облысында хирургтар, анестезиолог-реаниматологтар, акушер-гинекологтар қажет. Облыс бойынша 271 дәрігердің орны бос тұр.

Нұрлыбек Рахманов, Батыс Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама