×

Астананың ең үздік кофе әзірлеушісі анықталды

Үздік бариста 17 адамның ішінен таңдалды

 Гүлбаршын Нұрхан 27.09.2022 | 21:10
Halyq Uni

Елордада жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Үздік бариста – 2022» байқауы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Үздік бариста 2 кезең бойынша анықталды. Байқауда Астана мейрамханаларында қызмет етіп жүрген 17 бариста өзара бақ сынасты. Ереже бойынша олар кофенің бірнеше түрін дайындауы керек. Байқауда баристалар алдымен эспрессо, одан кейін латте дайындады. Олардың жұмысына әділқазылар баға берді.

Байқау қатысушысы Иса Ауталиповтің айтуынша, бариста кофе әзірлеп қана қоймайды, сондай-ақ адамдармен қарым-қатынасқа түседі. Сол себепті қиын қызметтің бірі саналады.

«Бариста жұмысы өте қиын қызметтің қатарына жатады. Жалпы кофе әзірлеу бір бөлек, ал оны ұсынып, қонақтардың көңілін көтеріп, олармен әңгімелесу қажет. Таңертең ішкен кофе күннің қалай өтетініне әсер етеді. Сондықтан біз қонақтарға қызмет көрсеткеннен кейін оларға сәттілік тілеп, әңгімелесуге тырысамыз», - дейді Иса Ауталипов.

Ал байқауға қатысқан Мадина Қабажай бариста болуға анасы әсер еткенін айтады.

«Анам бариста болуды үйреніп, курсқа қатысуыма қаржылай көмек көрсетті. Бариста болу оңай емес. Басында үйреніп кету үшін біраз қиындық кездеседі. Жалпы бір жылдың ішінде үйреніп, осы қызметті меңгеріп алуға болады. Ал бүгінгі байқаудың атмосферасы ерекше, маған ұнап жатыр», - деді Мадина Қабажай.

«Астана жастары» жастар ресурстық орталығы» басшысы Шыңғыс Тілеулиннің айтуынша, байқау қызмет саласында жұмыс істейтін жастарға қолдау көрсетіп, ынталандыру үшін ұйымдастырылып отыр.

«Бариста, даяшы, шина жөндеушілер, жүк тиеуші мен сантехниктер арасында «Үздік» байқауын өткізіп жатырмыз. Бұл қазір сұранысқа ие, қажет қызметтер. Ең алдымен, біз оларды Neet категориясындағы адамдар арасында танымал еткіміз келеді. Әр сайыста қатысушылар ынталандыру үшін сыйлық беріледі. Ал жүлдеді үш орынға ие болғандар демеушілердің сертификатына ие болады», - деді Тілеулин.

Айтуынша, жеңімпаздарға 100 000 - 500 000 теңге аралығында сертификат беріледі. Осылайша, байқау қорытындысы бойынша Ернұр Абылғазин жеңімпаз атанды.

Жастар саясатының қолдауымен «Үздік» жобасы аясында 15 номинация бойынша бес бағытта байқау ұйымдастырылады. Бұған дейін «Үздік шиномонтаж –  2022», «Үздік даяшы –  2022» байқауы өтті. Сондай-ақ «Үздік жүк көтеруші» және «Үздік сантехник» байқауы ұйымдастырылады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама