×

«Символдық мәні зор». Тоқаев Ұлы дала жорығының маңыздылығын айтты

Марафон-бәйге шабандоздары санаулы күндерден соң мәреге жетеді

 Динара Амантай 27.09.2022 | 12:43
Фото: qarmaqshy-tany.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысы жұртшылығымен кездесу барысында елімізде алғаш рет өткізіліп отырған «Ұлы Дала Жорығы» марафон-бәйгесінің маңыздылығына назар аударды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жақында Астанадан бастау алған «Ұлы дала жорығы» санаулы күннен соң Түркістанда өз мәресіне жетеді. Мұның зор символдық мәні бар. Осы өңірде халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы барынша сақталған. Бір сөзбен айтқанда, Түркістан –халқымыздың қаймағы бұзылмаған қасиетті мекені, – деді Президент.

Айта кетсек, «Ұлы дала жорығы» – еліміздің 6 аймағын (Астана, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда. Түркістан облыстары) басып өтетін тұңғыш жалпыреспубликалық ат марафоны.

Әлемдік тәжірибеде теңдесі жоқ бұл шара «Ұлы Даланы мекендеген көшпенді халықтың мұрасы ретінде шабандоз мәдениетін Қазақстан бренді ретінде қалыптастыруға негіз болады» деген сенімге ие. Ең бастысы, марафонның отандық туризм мен ұлттық спорт саласын дамытуға тың серпін беретіні сөзсіз.

Кеше, 26 қыркүйекте Бетпақдала төсінен аттанған марафоншылар, 9-кезең айналымына жолға шыққан болатын. Олар Түркістан облысының аумағына жетіп, Созақ ауданының Ақсүме, Бақырлы ауылдарына ат басын тіреген.

Бұл ретте соңғы меже – Түркістан қаласына дейін ең қысқа уақыт ішінде жеткен команда мүшелері бас жүлде – «Ұлы Дала Сарбазы» атағы мен 30 млн теңге көлеміндегі жүлдемен марапатталады. 2 және 3-орын иегерлері сәйкесінше 20 млн және 15 млн теңге жүлделерімен марапатталады.

Марафон-бәйгені ұйымдастырушылар – «The Great Steppe Tour» қоғамдық қоры, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Ұлттық спорт қауымдастығы.  Бас серіктес – «Самұрық Қазына» АҚ. Серіктес – «Sportqory» спортты қолдау қоры.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама