×

Дүйсенова Қазақстанға жұмыс істеу үшін қанша ресейлік келгенін айтты

ЕАЭО елдерінен келген мамандарға жұмысқа тұру үшін квота керек емес

 Дәурен Ерболат 26.09.2022 | 16:06
Фото: 74.ru

Жыл басынан бері елімізге 6 мың ресейлік келді. Бүгінде жалпы жұмыс істеп жүрген Ресей азаматтарының саны 25 мыңнна асады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Ол Қазақстанға жұмысқа келген шетелдіктер саны бақылауда екенін атап өтті.

Жыл басынан бері Қазақстанға Ресейден 262 мың адам келді. 6 мың 17 адам елге жұмыс істеу үшін келген, - деді Тамара Дүйсенова ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Тамара Дүйсенова бүгінде елімізде 8,7 млн адам ресми түрде жұмыс істеп жүргенін жеткізді. Биыл шетелдіктерге жұмыс істеу үшін 28 мың квота бөлінген. Нәтижесінде оларға 15 мың квота берілген.

Министр ЕАЭО елдерінен келген мамандарға жұмысқа тұру үшін квота талап етілмейтінін айтты. Олар Қазақстанға еркін кіріп, жұмыс істей алады.

Қазіргі таңда Қазақстанда 25 мың 301 Ресей азаматы жұмыс істейді. Соңғы деректерді ескерсек, олардың саны 31 мыңға жуықтады. Олар елімізде жұмыс істегісі келеді, - деді Тамара Дүйсенова.

Сондай-ақ ведомство басшысы ресейліктердің Қазақстанға келуі еңбек нарығына айтарлықтай әсерін тигізбейтінін атап өтті.

«Егер елімізге ресейліктердің көп келуі ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндірсе, онда біз қосымша шараларды қабылдаймыз», - деді министр.

Еске салайық, биыл 21 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин ішінара мобилизация жариялаған еді. Кейін ресейліктер Қазақстан, Армения, Грузия елдеріне ағыла бастады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама