×

Көшпенділер ойындары: Қазақстан көкпар аттарын жалға алады

Жалпы дүбірлі додада ел намысын 49 спортшы қорғайды

 Дәурен Ерболат 26.09.2022 | 13:55
Фото: Reuters

Түркияда өтететін IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қазақстандық көкпаршылар ат апармайды. Оны жалға алады. Бұл туралы Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Бақдәулет Сәбитов айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Биыл 24 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Түркиядағы Изник қаласында IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Ол 3 рет қатарынан Қырғызстанда өткен болатын.

4-рет ұйымдастырылып отырған көшпенділер ойындарының бағдарламасына жалпы 50-ге жуық спорт түрі енген. Алайда оның 13-і жарыс түрінде өтеді. Қазақстан құрамасы 4 спорт түрінен жарысқа қатысады: көкпар, жамбы ату, қазақ күресі, дәстүрлі садақ ату. Жалпы делагация 80 адамнан тұрады. Оның ішінде ұйымдастырушылар алқасы, төрешілер, жаттықтырушылар мен 49 спортшы бар, - деді МСМ Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Ол жеңімпаздарға мемлекет тарапынан ақшалай жүлде қарастырылмағанын атап өтті.

Биылғы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жалпы жүлде қоры – 300 мың доллар. Қазақстан құрамасы үздік ондыққа кіруді жоспарлап отыр.

«Көшпенділер ойындарына 100-ге жуық мемлекет қатысады. Ұйымдастырушылар шамамен 1 мың спортшы келеді деп жоспарлап отыр... Бұған дейін Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте үздік үштіктің қатарында болған. Биыл осы нәтижені сақтауға тырысамыз. Алайда оның алдында біз бірнеше спорт түрінен бағымызды сынадық. 2022 жылы тек 4 спорт түрінен қатысамыз. Мұны ескеру керек. Алайда спортшылар жеке спорт түрінен алтын медаль алады дегенге сеніміміз мол. Сондықтан үздік ондыққа ілінуіміз әбден мүмкін», - деді Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Бақдәулет Сәбитов.

Сондай-ақ Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев Қазақстан Түркияға аттарды апармайтынын жеткізді.

Қырғызстанмен бірлесіп, аттарды арнайы ұшақпен жеткіземіз деген жоспарда болған. Алайда қырғыз тарапымен атқарылған жұмыс өз нәтижесін берген жоқ. Қырғыз мемлекеті де, Қазақстан да аттарын Түркияға апармайды. Себебі, оларды жеткізетін ұшақты таба алмадық. Көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы көкпар мен көкбөріден бағын сынайды, - деді басшы.

Оның сөзін Бақдәулет Сәбитов толықтырды.

Түркияда аттарды жалға аламыз. Бір атты жалға алу құны – шамамен 300 доллар (145 мың 442 теңге, 1 доллар – 485 теңге). Онда көкпарға ұқсайтын жирик деген спорт түрі бар. Бұл аттар көкпар ойнауға жарайды. Түркия тарапымен ресми келісімшартқа отырамыз. 28 қыркүйекте спортшылар аттарды алады, - деді Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры.

Оның айтуынша, Қазақстан 27 атты жалға алуды жоспарлап отыр.

«Біз 27 атты Түркиядан жалға алуды жоспарлап отырмыз. Оның 12-сі – көкпарға, 12-сі – көк бөріге, екеуі – аударыспаққа, екеуі – теңге ілуге. Аттарды жалға алу әлдеқайда арзанға түседі. Біз аттарды Қазақстаннан Түркияға тікелей жеткізу жағын қарастырдық. Мысалы, 30 атты жеткізсек, бірінші компания 460 мың доллар, екінші компания 520 мың доллар керек деп есептеп берді. Бұл – аттарды алып кету және алып келу шығыны. Сондай-ақ біз Қырғызстан тарапымен де келіссөз жүргіздік. Олар қызметіне 100-150 мың доллар сұрады. Біз келістік. Бірақ кейін компания бағаны өсіріп жіберді...», - деді баспасөз мәслихатынан соң Halyq Uni тілшісіне.

Бұл қиындыққа қарамастан көкпардан Азия чемпионы Тұрғанбек Құрманбек Қазақстан құрамасы жеңіске жетеді деген пікірде.

Бүгінде көкпаршылардың дайындығы өте жоғары. Осы уақытқа дейін Таразда өз аттарымызбен дайындалдық. Жақында ғана аттарымыздың Түркияға бармайтынын білдік. Қарсыласпен күшіміз тең, алайда көкпарда қазақ спортшылар бір бас жоғары. Соны дәлелдеуге барымызды саламыз. Жалпы көкпарға қатысатын 12 спортшы бар. Оның төртеуі алаңда ойнайды, қалған қосылқы ойыншы, - деді Тұрғанбек Құрманбек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама