×

Тоқаев Сатыбалдыны қабылдады

Жалпы өңірлік өнеркәсіп өнімінің көлемі 534 миллиард теңгеге жеткен

 Динара Амантай 23.09.2022 | 14:52
Фото: gov.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыны қабылдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі bort_01 телеграм арнасына сілтеме жасап.

Мемлекет басшысына Түркістан облысында биылғы 8 айда атқарылған жұмыстар туралы есеп берілді.

Дархан Сатыбалдының берген ақпаратына сәйкес, жалпы өңірлік өнеркәсіп өнімінің көлемі 534 миллиард теңгеге жеткен. Бұған қоса жалпы құны 12,7 миллиард теңгені құрайтын 26 инвестициялық жоба іске қосылған, 936 жұмыс орны ашылған. Ауыл шаруашылығы саласында 477 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, облыста бірқатар су нысандарына жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Сонымен бірге өңір басшысының мәліметінше, жоспардағы шаралар іске асырылғаннан кейін ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 1 триллион теңгеге жетеді деп күтіліп отыр. Жыл басынан бері 486 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, жыл соңына дейін жалпы 85 тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.

Өңірде бюджет есебінен 59 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр, нәтижесінде биыл 4 апатты және 2 үш ауысымды мектептің мәселесі шешілмек. Сондай-ақ, жеке инвесторлар 13 мектепті пайдалануға бергені белгілі болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысында қолға алынған жобаларды жалғастыруды және халықпен тығыз жұмыс істеу мәселесін күшейтуді тапсырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама