×

1 млн 640 мыңы елден шығарылған: Қазақстанға келіп жатқан ресейліктер қатаң бақылауда

ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің азаматтары үшін Қазақстанда болудың рұқсат етілген мерзімі мемлекеттік шекарадан өткен күннен бастап, 90 күннен кейін аяқталады

 Дәурен Ерболат 23.09.2022 | 10:13
Фото: uralskweek.kz

Ішкі істер министрлігі Көші-қон қызметі Қазақстанға келіп жатқан ресейліктер санының артуына байланысты түсінік берді, деп хабарлады Polisia.kz.

Көші-қон қызметі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Аслан Аталықов бүгінде жағдай бақылауда екенін атап өтті.

Қазақстанда мигранттардың келуі мен болуы көші-қон бақылауында. Шетелдіктердің Қазақстанда болу тәртібі заңмен реттеледі. Бірде-бір шетел азаматының көші-қон заңнамасының талаптарын орындамай, мемлекетімізде болуға хақысы жоқ, - деді ол.

Айтуынша, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің азаматтары үшін Қазақстанда болудың рұқсат етілген мерзімі мемлекеттік шекарадан өткен күннен бастап, 90 күннен кейін аяқталады.

Мигранттарды тіркеуді Ішкі істер органдары қабылдаушы тараптардың мәліметтері мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шетелдіктердің кіруі мен шығуын есепке алатын мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінен бірыңғай дерекқорға уақтылы түсетін мәліметтер негізінде жүзеге асырады, - деді Аслан Аталықов.

Биыл Қазақстанға жалпы 4,3 млн-ға жуық шетелдік келіп, 4,1 млн-ы елден шыққан. Оның ішінде келген ресейліктер саны – 1,6 млн, кеткендер саны – 1 млн 640 мың адам.

Олардың елде уақытша болуы бақылауда. Әрқайсысының төлқұжат деректері мен кіру күндері, жалпы олар туралы толық ақпарат бар. Көші-қон процестеріне мониторинг жүргізіліп жатыр. Ішкі істер органдары келушілердің белгіленген болу ережелерінің сақталуын бақылауда. Шетелдiктiң елде болу мерзiмi аяқталса, оған қатысты заңда көзделген шаралар қолданылады, - деді Көші-қон қызметі комитеті төрағасының міндетін атқарушы.

Бақылау барысында көші-қон заңнамасын бұзған 45 мың 700 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның 4200-і мәжбүрлі түрде Қазақстаннан шығарылды.

Оның ішінде көші-қон заңнамасын бұзған 3200 ресейлік жауапқа тартылған. Бұл – елге келген Ресей азаматтарының тек 0,2%-ы. Бұл статистика олардың Қазақстанда болу шарттарын сақтау тәртібін көрсетеді. Егер оны бұзған жағдайда Қазақстаннан мәжбүрлеп шығарылып, 5 жылға елімізге қайта кіруге тыйым салынады… Уақытша тұруға рұқсат шетелдiкке Қазақстанда заңда көзделген еңбек шарты, оқу, емделу және басқа да жан-жақты негiздерде болу құқығы беріледі. Көшi-қон қызметi олардың тұрғылықты мекенжайы, тұрғын үйдің иесі және онда тұратын шетелдіктер туралы толық ақпарат бойынша иммиграциялық бақылауды қамтамасыз етеді, - деді басшы.

Ол шекарадан заңсыз өтуге, ел аумағында тіркеу үшін құжаттарды ресімдеу тәртібін бұзуға байланысты кез келген жағдай Қазақстан заңнамасына сәйкес реттелетінін атап өтті.

«Қазақстанның Көші-қон қызметі штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Шетелдіктердің, уәкілетті мемлекеттік және құқық қорғау органдарының заңды сақтауы бақылауда», - деді Аслан Аталықов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама