×

Қарағанды облысындағы жол апаты: медбике көз жұмды

Айдана Имашеваның артында үш баласы мен жұбайы қалды

 Халық үні 22.09.2022 | 21:12
ашық дереккөзден

Балқашта қалалық ауруханасының жансақтау бөлімінде акушер Айдана Имашева қайтыс болды. Ол осыдан үш күн бұрын 4 адамның өмірін жалмаған жол апатынан жарақаттанып, ауруханаға жеткізілген.

Оның өмірі үшін әріптестері үш күн күресті. Бірақ бүгін, 22 қыркүйекте ол есін жимастан қайтыс болды. Айдана Имашеваның артында үш баласы мен жұбайы қалды.

Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының ұжымы Жезқазған медициналық орталығының мейірбикесі Айдана Амантайқызы Имашеваның қайтыс болуына байланысты отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. Ол да әріптестері сияқты осыдан бірнеше күн бұрын Ақтоғай ауданында жол апатынан зардап шекті. Дәрігерлер оның өмірі үшін күресті, бірақ бүгін, 22 қыркүйекте өкінішке орай бақилық болды. Айдана Амантайқызы өмірінің көп бөлігін мейірбике ісіне арнады. Оның кәсіпқойлығы мен акушерлік шеберлігі арқасында металлургиялық комбинат жұмысшыларының оннан астам перзенті өмірге келді. Артында күйеуі мен үш баласы қалды. Айдана Амантайқызы игілікті істерімен емделушілер мен медицина саласындағы әріптестерінің жадында мәңгі сақталады, - деп хабарлады Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасы.

Естеріңізге сала кетейік, 19 қыркүйек күні сағат 19:30-да Ақтоғай ауданында Сарышаған кентінен 30 шақырым жердегі Алматы-Екатеринбург автожолында МАЗ жүк көлігі мен ПАЗ жолаушылар автобусы соғысқан болатын.

Cалдарынан екі көліктің жүргізушісі мен жолаушысы - оқиға орнында, автобустың тағы бір жолаушысы - жедел жәрдем көлігінде көз жұмды.

Апат кезінде автобуста 11 жолаушы болған. Көбінің жағдайы ауыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама