×

Таразда қызметінен кеткен шенеунік өзі туралы видеоны жариялаған адамдарды сотқа беретінін айтты

Экс-шенеунік видеоны нақты кім түсіргенін және кімдердің ақша бопсалағанын ашық айтпады

 Ұлдана Жұбай 16.02.2022 | 11:07

Бұған дейін Тараз қаласы әкімінің орынбасары Асхат Есеналиевтің мас адамша теңселіп, әкімнің кеңесшісімен жаға жыртысқан видеосы әлеуметтік желіде қызу талқыланған еді. Кейіннен шенеунік қызметінен өз еркімен босатылды. Ал, қызметінен кеткен күннің ертеңіне Есеналиев үндеу жариялап, мән-жайды түсіндірмек болды.  

Есеналиев 9 ақпанда бірнеше адам хабарласып, өзіне қатысты даулы видеоны әлеуметтік желіде тарататынын айтқан. Тіпті, желіге жарияламас бұрын қомақты ақша талап етіп, бопсалаған көрінеді. Ал, шенеунік олардың сұраған қаражатын бермейтінін ескерткен.

Асхат Есеналиев өзін көптің алдында жаманатты қылған адамдарды сотқа беретінін де жасырмады. Тіпті, сол үшін қызметінен кеткенін айтты.

Осы видеоны түсірген және оны жариялаған азаматтарға заң аясында сот процесін жүргізіп, соны аяғына дейін жеткізуім керек, - деді экс-шенеунік.

Сондай-ақ А.Есеналиев әлеуметтік желіде тараған даулы видеоның «Жасыл Ел – Тараз» мекемесінде түсірілгенін айтып, сол сәтте ішімдік ішпегенін жеткізді. Асхат Есеналиевтың сөзінше, сол кабинетте тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының бөлім басшысы, қала әкімінің кеңесшісі және құрылыс фирмасының директоры болған. Соңғы азаматпен Есеналиевтың бұрыннан бас араздығы болып, дау сол жерде тағы жалғасып, екеуі төбелесуге дейін барыпты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама