×

Түркістан облысында прокурорлар мен қаланың тарихи суретін салдыру үшін 9,1 млн теңге қарастырылған

Мемлекеттік сатып алу порталындағы лотта Түркістан қаласының тарихи көрінісін бейнелейтін суретті салдыру құны 7,5 миллион теңге деп көрсетілген

 Халық үні 21.09.2022 | 07:48
Фото: azh.kz

Түркістан облысының прокуратурасы прокурорлардың портретін салуға миллиондаған қаржы жұмсамақ болды. Сонымен қатар көне қаланың тарихи суретін салдыру үшін де қомақты қаражат қарастырылған, деп хабарлайды Экспресс К.

Мемлекеттік сатып алу порталындағы лотта Түркістан қаласының тарихи көрінісін бейнелейтін суретті салдыру құны 7,5 миллион теңге деп көрсетілген.

Техникалық ерекшеліктерге сүйенсек, картина майлы бояумен боялуы қажет. Өлшемі 120*180 сантиметр. Оның сыртына қалыңдығы 10 сантиметр багет (тегіс немесе профильді жолақ: автор) орнатылу керек. Суретте Түркістан қаласының ежелгі тұрмыс-тіршілігі, Қ.А.Ясауи кесенесінің тарихи көрінісі, Жібек жолы бойындағы қала екені бейнеленуі шарт.

Мемлекет сатып алу порталындағы тағы бір лотта Қазақстан Республикасының Бас прокурорлары мен Түркістан және Оңтүстік Қазақстан облысының прокурорларының портреттерін салдыру үшін 1 миллион 684 мың теңгенің тапсырысы берілген. Жалпы саны 22 дана портрет салынуы шарт.

Бұл картиналар да майлы бояумен боялып, өлшемі 70*50 сантиметр болу қажеттігі жазылған. Оның сыртына қалыңдығы 5 сантиметр багет орнатылып, төменгі жағында 10*35 сантиметр көлемде тақта, ромарк материалынан гравировкамен мәтін жазылуы қажет. Ал жоғарғы жағында көлемді әріптермен: ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БАС ПРОКУРОРЛАРЫ, ТҮРКІСТАН ЖӘНЕ ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ПРОКУРОРЛАРЫ (латынша қаріптермен) жазуы болуы шарт. Әріптердің қалыңдығы 20 милиметр ПВХ (поливинилхлорид: автор) материалының бетіне алтын түсті оракал (қаптама: автор) жабыстырылып, фрезерлі станокпен биіктігі 10 сантиметр Arial шрифтінде кесілуі қажет.

Түркістан облысының прокуратурасы мемлекеттік тапсырыстарға қатысты түсінік берді. Олардың мәліметінше, бұл портреттер прокуратура музейін безендіруге арналып отыр.

7,5 миллион теңге Түркістан қаласының тарихи көрінісін көрсететін картинаны салу үшін жоспарланған. Сонымен қатар прокурорлардың портретін салу үшін 1 684 000 теңге қарастырылған. Өткізілген мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша кескіндеміні салу үшін 2 900 000 теңгеге, портреттерді салу үшін 871 100 теңгеге жеңімпаз анықталған. Қолданыстағы мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес, мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы әлеуеттік өнім берушілерге келісімшарт жобалары жолданған", - делінген прокуратура мәліметінде.

Айта кетейік, құзырлы органдағылар Қ.А.Ясауи кесенесіндегі тайқазан көшірмесін жасатпақ болған. Тапсырыс құны 4,2 миллион теңге деп көрсетілген. Алайда көп ұзамай бұл лоттан бас тартылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама