×

Ғани Дүйшенов: «Ұлы дала жорығы» көшпенділер рухын асқақтатады

Алдағы уақытта халықаралық деңгейде өткізу жоспарда бар

 Наима Нұрәлі 16.09.2022 | 16:31
коллаж: Halyq Uni

«Ұлы дала жорығы» атты республикалық марафон-бәйге ертең басталады. Бұл сапарда салт аттылар Арқадан Түркістанға дейінгі 1200 шақырымдық жолды жүріп өтеді. Бір кездері бір жұма ішінде жүріп өткен хан Кененің бағытымен қасиетті мекенге бет түзейтіндер 6 бірдей облыстың аумағына ат басын тірейді. Осы орайда біз айтулы шараға дайындық, оның мән-мазмұны жайында жобаның ұйымдастыру комитетінің мүшесі Ғани Дүйшеновпен сұхбаттасқан едік.

– Әңгіменің әлқисасын жоба идеясынан бастасаңыз. Бұрын-соңды болмаған бәйгені өткізу туралы шешім қалай және қашан қабылданды?

– «Ұлы дала жорығы» жобасының авторы Бақытжан Тұрлыбек І. Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын оқып отырып, Кенесары хан Торғай ауылынан Созаққа дейінгі мың шақырымды 5 күнде бағындырған деген дерекке көзі түседі. Соған сүйене отырып, 2019 жылы Торғайдан Созаққа дейінгі мың шақырымды бағындыру үшін екі жолдасын ертіп, жолға шығады. Осы жолды жүріп өткеннен кейін «Ұлы Дала Жорығын» ұйымдастыру идеясы туғанын айтты. Марафоншылар 18 қыркүйекте Тәуелсіз Қазақстанның жас астанасы – Нұр-Сұлтан қаласынан аттанып, 29 қыркүйекте рухани астана – Түркістан қаласына ат басын тіреуі тиіс. Қатысушылар 12 күн бойы 1200 шақырымды бағындыру керек. Күнделікті 100 шақырым сайын тынығып, Түркістанға жетеді.

Қазір барлық команда сақадай сай тұр. 1 команда 5 шабандоздан тұрады. Жалпы дода барысында бір рет ат ауыстыруға мүмкіндік беріп отырмыз. Яғни, қатысушылар астанаға 5 атпен келеді. Қалған 5 атты алдын ала Жезқазған қаласына дайындайды. Жобаны биыл маусым айында қолға алдық. Содан бері командалар қызу дайындық үстінде.

– Иә, Кенесарының зеңбіректі, аттылы, жаяу, түйелі 4 мың қолының орта жолда Бетпақдала мен Қарақұмды басып өтіп, Созаққа қалай 5 күнде жеткені әлі күнге дейін таңқалдырады. Қазақ қыздарына жасалған қиянат осындай іске итермеледі. Ал бұл бәйгенің берері қандай?

– Қазақтың дүлдүл ақыны Ілияс Жансүгіров айтқандай, «жанына халқымыздың жылқы жаққан...» немесе ескіден жеткен есті сөз «Ер қанаты – ат» демекші, қазақы атбегілік дәстүрді қайта жаңғыртуды мақсат еттік. Әлем елдерінде өткізілетін, Халықаралық ат спорты федерациясы тарапынан мойындалған жарыстардың ішінде ең ұзақ қашықтық 160 шақырымнан аспайды. «Ұлы Дала жорығына» қатысушылар 12 күнде 1200 шақырымды атпен жүріп өтуі тиіс. Олардың жолында жазық дала, Бетпақтың шөлі, өзен-көл сияқты табиғи кедергілер бар.

Марафон-бәйге – жеке шабандоздардың емес, командалық жарыс. Республиканың әр өңірінен бір ғана команда қатысады. 20 команда – Жаңа Қазақстанның 20 өңірінің намысын қорғайтын, өз аймағы мен ауылындағы ат спорты мен атбегілік өнердің қаншалықты дамығанын көрсетеді. 2 халықаралық, 3 қазақстандық төреші мен 2 халықаралық, 2 қазақстандық ветеринар шақырылды. «Ұлы Дала Жорығы» марафоны Жаңа Қазақстанның рухани құндылықтарын қалыптастыруға, қоғамдық сананы серпілтуге және ұлттық сана-сезімді мемлекетшілдік позицияда қалыптастыруға ықпал етеді.

– Қатысушылардың жас ерекшелігі қандай? Сондай-ақ аттың қай түрлері таңдалып отыр?

– Жас ерекшелігі – 18-ден 60 жасқа дейін. Ұзақ қашықтыққа жайлауда жүрген қазақ аттары ғана шыдайды. Ағылшын аттары қысқа қашықтықты тез бағындырады. Бұл жарыстың форматы мүлде басқа. Аламан бәйгеде аттар 45 шақырымды ғана жүріп өтсе, бұл жерде ат 1200 шақырымды бағындыруы тиіс. 4-5 миллион теңгеге сатып алған бәйгенің аттары қатыспайды. Кейбір шабондоздарымыз астындағы атын сынау үшін ауыстырмауы да мүмкін. Аттың шыдамдылығын ветеринар тексеріп отырады. Егер жарысты жалғастыруға аттың денсаулығы жарамайды деп тапса, шабандоз жарыстан шығады. Ұйымдастырушылар да, билік өкілдері де үстемдігін жүргізе алмайды. Аттың доданы жалғастыру я жалғастырмауын ветеринарлық комиссия шешеді. Әр кезеңнің нәтижесін qazanat.com сайтында жариялаймыз.

5 команда 100 шақырымды бағындыруға шықты делік. Бірақ 5 аттың ішінде екеуі 100 шақырымды 8 сағатта жүріп өтіп, қалған үшеуі 12 сағатта бағындырса, 12 сағат есепке алынады. Жаугершілік заманда бір-бірін жолда жалғыз қалдырмайды ғой. Сол сияқты бірі озып, бірі қалып кетпеуі керек. Келесі, 5 аттының ішінде 2-еуі шабандоздың денсаулығына я астындағы атына байланысты додадан шығып қалса, 3 шабандоз жалғастыра алады. Бірақ екеу болып жалғастыра алмайды. Бірден қатысушылар жарыстан шығады. Сол үшін өте мықты стратегия керек.

– Жүлде қоры – 60 миллион теңге. Қомақты қаржыны табу қиынға соққан жоқ па? Жалпы елімізде ұлттық спортқа шын жаны ашитын жандар қаншалықты көп?

– Елімізде ұлттық спорттың жанашырлары өте көп. Атап айтқанда, Сейтқали ағамыз бар. Маңғыстау облысында тұрады. Ол кісі – бір шараға тегіннен-тегін қатыса қоймайтын адам. Бірақ осы жобаны естіп, тегін келе жатыр. Сонымен қатар, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов ағамыз бар. Ұлттық спортқа ғана емес, талай игі іске қолдау көрсетіп келеді. Ауқымды жобаның бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» АҚ болса, серіктесі – «Sportqory» спортты қолдау қоры.

– Қатысуға ниет білдіргенмен, марафонға қабылданбағандар көп екен. Олардың мәселесін қалай шештіңіздер?

– Қатысушыларды әкімдіктер ұсынды. Қызылорда облысынан 3 команда шықты. Бірақ әкімдік шешімімен 5 шабандоз анықталды. Қатысушылар санында шек жоқ. Тіпті Ресей мен Қырғызстаннан да қатысқысы келетіндер бар. Алдағы уақытта халықаралық деңгейде өткізу жоспарда бар. Аттардың жем-шөбі, ас-ауқаты ақысыз. Ал әкімдіктердің міндеті – шабандоздарды ұсынып, астанаға жеткізу. Одан Жезқазғанда аттар дайындау және шабандоздардың Түркістаннан өз өңірлеріне қайтуын қамтамасыз ету. Қалғаны – біздің мойнымызда. Жалпы бас-аяғы 100 қатысушы болса, 100 ұйымдастырушы бар. Тіпті одан да көп.

– Осыдан бірер жыл бұрын Қырғызстанда өткен ат бәйгесіне қазақтар қатыса алмады. Бірі ат жоқ деді, бірі құр ертоқымын құшақтап барды. «Ұлы Дала Жорығы» республикалық марафон-бәйгесі бұған дейін отандық ат спортына қатысты айтылып келген сын-пікірлерді азайта ала ма?

– Орталық Азияда көкпар бойынша қазақты басып озатын ұлт жоқ. Неге Қырғызстанда өтуі керек? Елімізде неге өтпейді? Әр қазақтың көкейінде осындай сұрақ тұр. Тарихымызды түгендеу – басты мақсат. Жергілікті тарихшылар бивактарға келіп, тарихи деректерден сыр шертеді. Ауыл-аймақтардың әлеуметтік жағдайы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Қазір халықты қалай біріктіреміз, сырға таққан жігіттерімізді қалай қазақыландырамыз деген мәселелер тұр. Сондықтан ұсақталып кеткен жігіттеріміздің атқа деген қызығушылығын оятқымыз келеді. «Сырға тақпа, шашыңды бояма» деп ешкім айтпайды. Бірақ қазақылықты брендке айналдыру арқылы соған қол жеткізгіміз келеді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Серіктес жаңалықтары

Сараптама