«Самұрық-Қазынадағы» басшылардың жалақысы қанша?

Дәурен Ерболат

Биыл компаниядағы басшылардың саны 2 есе азайған

Фото: turkystan.kz

«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев компаниядағы қызметкерлердің орташа жалақысын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Бүгінде қордағы басшылардың орташа жалақысы – шамамен 950 мың теңге, ал қызметкерлердің жалақысы – 400 мың теңге, - деді Алмасадам Сәтқалиев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Алайда басқарма төрағасы өзінің нақты қанша жалақы алатынын айтқан жоқ. Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» АҚ қоғаммен байланыс және өзгерістерді басқару жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов компаниядағы басшылардың саны 2 есе қысқарғанын атап өтті.

«Биыл қорда реформа басталып, қызметкерлер саны 2 есе қысқарды: 248-ден 124-ке дейін. Оның ішінде басшылар 2 есе азайды: 10-нан 5-ке дейін. Орын босағанда «Самұрық қызмет» порталы арқылы жұмысшыларды қызметке аламыз. Жыл басынан бері 9 қызметкерді жұмысқа алған шығармыз», - деді басшы.

Айта кетейік, былтыр «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен оған қарасты компаниялардың басшылары 6 млрд 95 млн теңге сыйақы алған еді.