×

Бірде-бір ақын Нұр-Сұлтанға арнап өлең жазған жоқ – депутат

Атау өзгерту мәселесі ертең Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының отырысында қаралады

 Халық үні 14.09.2022 | 23:28
Фото: elorda.info

Араға 3 жыл салып елордаға Астана атауы қайта қайтарылуы мүмкін. Бүгін Конституциялық кеңес Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өтініші бойынша шешім қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұған дейін бұл бастаманы депутаттар көтерген еді. Ертең Нұр-Сұлтан қалалық мәслихат отырысында бұл мәселе тағы қаралмақ. Онда шаһар жұртшылығы мен халық қалаулыларының пікірі тыңдалады.

Конституциялық кеңес мақұлдаған ұсыныс Заң жобасындағы 91-баптың 2-тармағына өзгеріс енгізу болатын. Бұл Президенттің бір мәрте 7 жылдық мерзімге сайлануы және ел астанасының атауын өзгертуге байланысты түзетулер енгізуді көздейді. Мәжілісмен Зәкіржан Күзиевтің айтуынша, бұл – ең алдымен халықтың талабы.

Біз осы референдум басталғанда барлық ауданды аралап бардық. Халықтың ұсынысы. Бүгін Конституциялық кеңес бұны қолдады, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зәкіржан Күзиев.

Атау ауысса, ғимарат маңдайшасындағы жазуларға дейін ауысатыны белгілі. Алайда Қаржы министрлігі өкілдері бұл шаруа қосымша шығынды қажет етпейді деді. Мұның бәрі жыл сайын нысандарды күтіп ұстауға бөлінетін қаражат есебінен жүзеге асырылатынын айтты. Астанаға арнап 20 шумақ поэма жаздым деген депутат Аманжол Әлтаев тап осы күнді асыға тосып жүргенін жеткізді.

2-3 жылдың ішінде Нұр-Сұлтан атауына ауысқаннан бергі бір ақынның Нұр-Сұлтан деген атаумен өлең  шығарғанын көрдіңіз бе? Таба алмайсыз. Яғни, ақын деген халықтың өкілі. Сондықтан да Астана атауы брендке айналған. Бұл – халықтың музасына айналған атау, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаев.

Атау өзгерту мәселесі ертең Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының отырысында қаралады. Онлайн форматта өтетін жиында шаһар жұртшылығы мен халық қалаулыларының пікірі тыңдалмақ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама