×

«Алып тастау мүмкін емес». Еліміздегі көлік нөмірлеріне QR-код енгізілді

ІІМ «Ақпараттық-өндірістік орталық» РМК әзірлеген бұл стандарт СИМ ТРМК ҚазСтандартта сараптамадан өткен

 Динара Амантай 14.09.2022 | 17:26
Фото: ашық дереккөз

Елімізде бұдан былай автокөлік нөмірлерінің бірегей DMC кодтары болуы керек. Ол арқылы полиция қызметкерлері нөмірлердің түпнұсқалығын тексере алады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Биыл 1 қыркүйектен бастап ҚР СТ 986-2022 қолданысқа енгізілді. Ол бойынша қолдан жасаудан қорғау үшін қажетті арнайы және қосымша элементтері болуы тиіс нөмірлік белгілер мен оларға арналған дайындамаларға қойылатын талаптар жазылған.

Аталмыш стандартты ІІМ «Ақпараттық-өндірістік орталық» РМК әзірлеп, ол СИМ ТРМК ҚазСтандартта сараптамадан өткен болатын.

Стандартта мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілеріндегі қаріптерге, сандарға және қорғаныш элементтеріне қойылатын техникалық талаптарды біріздендіру қамтамасыз етілген. Соның ішінде қосымша қорғаныш элементтеріне полиция қызметкерлері мемлекеттік нөмірлердің түпнұсқалығын тексере алатын бірегей DMC кодтарын салу да жатқызылды.

Арнайы қорғаныш элементтерін нөмірлік белгінің бетінен химиялық құралдармен немесе физикалық әсермен алып тастау мүмкін емес және нөмірлік белгінің бүкіл пайдалану мерзімі ішінде сақталуға тиіс, - деп атап өтті ведомствода.

Сонымен бірге ҚР СТ 986-2022 қолданысқа енгізу өнімді дайындау бағасының өзгеруіне, сондай-ақ мемлекеттік бюджеттен қосымша шығындарға әкеп соқпайтыны белгілі болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама