×

Астана атауын қайтаруға қанша қаржы жұмсалады?

Нұр-Сұлтан атауын қайта өзгерту мәселесі көтерілді

 Ая Өміртай 14.09.2022 | 15:04
Сурет: ашық дереккөзден

Астана атауын қайтару туралы депутаттардың ұсынысы Мемлекет басшысының келісімімен конституциялық заң жобасына енгізілгені жөнінде хабарланды. Осы орайда Halyq Uni тілшісі Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне Астана қаласының атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертуге және құжаттауға, ауыстыруға барлығы қанша қаржы жұмсалғандығын сұрап ресми сауал жолдады.

Әкімнің баспасөз қызметінің хабарлауынша, елорданың атауын өзгертуге қаражат тек маңдайшалар мен мөрлерді, полиграфиялық қызметтерді жаңартуға жұмсалған.

«2019 жылы әкімдік тарапынан елорданың атауын өзгертуге қаражат тек маңдайшалар мен мөрлерді, полиграфиялық қызметтерді жаңартуға бағытталды.  Қала бойынша жалпы сома шамамен 30 млн теңгені құрады. Айта кету керек, электрондық құжат айналымына көшу мемлекеттік органдардың бланкілеріне қосымша шығындарды қажет етпейді, өйткені ақпараттық дерекқорларға тиісті өзгерістер енгізілді», делінген ресми жауапта.

Бұдан басқа, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуезжайының кодын өзгертуге бөлінген қаржы бойынша ақпарат сұратқанымызбен әзірге жауап алу мүмкін болмады.

Сол сияқты Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаевтың атына жолданған «Нұр-Сұлтан әуежайының кодын өзгертуге қанша қаржы жұмсалды және өзгере ме?» деген сауалымызға да жауап берілмеді.

Естеріңізге сала кетелік, 2019 жылы астана атауы ауысқан тұста тәуелсіз сарапшы елорда атауын өзгертуге 47 млрд теңге (немесе 125 млн доллар) шығын кетуі мүмкін деген пікір айтқан болатын.

«Елорданың атын өзгерту арзан емес, негізгі шығындар бюджет есебінен жабылады. Негізгі шығыс бағыттары: азаматтар үшін жаңа құжаттарды басып шығару – шамамен 80 млн доллар (3 млрд теңге); жаңа белгілер мен белгілерді өндіру – шамамен 25 млн доллар (9,5 млрд теңге); жаңа карталарды өндіру – шамамен 5 млн долларды (1,9 млрд теңге) құрайды, – деген сарапшы Александр Разуваев.

Оның айтуынша, мемлекеттік институттар Конституцияның жаңа редакциясын және өзгертуді қажет ететін көптеген заңдарды алуы керек. Тиісінше, жалпы шығындар шамамен 125 млн доллар (немесе 47 301 250 000 теңге) көлемінде болады, деп қорытындылаған сарапшы.

Айта кетелік, елорда мәслихаты 15 қыркүйек күні астана атауын өзгерту мәселесін жұртшылықпен талқылайды. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама