×

«ӨКМ Операторы» сертификаттарының ақысы айдың соңында төленеді – «Жасыл даму» АҚ

Сертификаттардың жарамдылық мерзімі де ұзартылмақ

 Ербол Тұрымбет 14.09.2022 | 10:11
Коллаж: Halyq Uni

«Жасыл даму» АҚ кәдеге жаратуға тапсырылған ескі көліктер мен агротехникаларға «ӨКМ Операторы» ЖШС-нің ақшалай өтемақы төлеу және жеңілдік сертификаттарын өтеу жөніндегі құқықтық міндеттемелерін орындау жұмысы аяқталуға жақын екенін хабарлады. Оған қатысты Үкімет биыл 18 қаңтарда қаулы қабылдаған еді. 

«Жасыл даму» АҚ баспасөз қызметі таратқан ақпарат бойынша, бүгінде көлік құралдарын және өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілермен қосымша келісімге қол қою жұмыстары жүргізілуде. Соның негізінде бұрын «ӨКМ Операторы» ЖШС берген жеңілдік сертификаттарын әлі де пайдалануға мүмкіндік туады. 

Осы қыркүйектің соңында өндірушілерге бұрынғы «ӨКМ Операторы» ЖШС берген сертификаттарды көрсеткен кезде жеңілдік жасауға кететін шығындарын, сондай-ақ ақшалай өтемақыларын төлеу жоспарланып отыр.

Заң бойынша жеңілдік сертификатының жарамдылық мерзімі берілген күннен бастап бір жылға ғана қарастырылған. «ӨКМ Операторы» ЖШС функцияларының «Жасыл даму» АҚ-на берілуіне байланысты Экология және Индустрия министрліктері бірлесіп былтырғы 19 қаңтардан биылғы 18 қаңтарға дейін берілген сертификаттардың қолданылу мерзімін ұзарту бойынша жұмыс істеп жатыр. 

Айта кетейік, бұған дейін елімізде ескі техниканы өңдеуге өткізумен айналысатын кәсіпкерлердің былтырдан бері миллиондаған қаражатын ала алмай жүргенін жазған едік.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама