×

Сарыағашта мектеп оқушысын көрші ауылдың тұрғыны зорлаған

Полиция күдіктіні ұстады, жас жігіт уақытша ұстау изоляторына қамалды

Фото: ашық дереккөз

Түркістан облысы Сарыағаш ауданында мектеп оқушысына көрші ауылдың тұрғыны зорлық-зомбылық көрсеткен.

Түркістан облысы полиция департаментінің хабарлауынша, 12 қыркүйекте Сарыағаш ауданы полициясына жергілікті тұрғын арызданған.

Әйелдің айтуынша, оның кәмелет жасына толмаған ұлына көрші ауылдың тұрғыны зорлық-зомбылық көрсеткен.

Оқиға орнына Сарыағаш ауданы полиция бөлімі басшылығы, жедел-тергеу тобы, сондай-ақ прокуратура өкілдері барды. Аталған жайт Қылмыстық кодекстің 121-бабы «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» бойынша тіркелді, - деп хабарлады полиция.

Жедел-іздестіру шарасы кезінде полиция күдіктінің жеке басын анықтап, жас жігітті ұстады. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сараптама тағайындалды. Оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр.

Сондай-ақ полиция департаменті қылмыстық іс бойынша тергеу Түркістан облысы полиция департаменті басшылығының бақылауында екенін хабарлады.

Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасы бұл жағдайға байланысты пікір білдірді. Басқарманың хабарлауынша, Сарыағаш ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімі мән-жайды анықтау жұмыстарына кірісті.

Оқушы Сарыағаш ауданындағы мектептердің бірінде оқитыны белгілі болды. Ол сабаққа 09:00-14:00-ге дейінгі аралықта барады. Оқиға мектептен тыс уақытта болған. Мектеп қабырғасында немесе сабақ уақытында болмаған. Қазір мамандар жергілікті полиция бөлімімен бірлесе жұмыс атқарып жатыр, - деп хабарлады басқарма.

Қазір жәбірленуші өзінің үйінде, оны мектеп психологтары бақылауға алған.

АБАЙ АУЫЛЫНДАҒЫ ОҚИҒА

2018 жылы көктемде Сарыағашта 7 жасар баланың зорланғаны туралы тараған ақпарат тарады.

Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Абай ауылында бірінші сыныпта оқитын оқушыны өзінен 7-8 жас үлкен төрт оқушы бес-алты ай бойы зорлап келген. Бала бұл жайт туралы отбасына 2017 жылы тамызда айтқан. Туған-туысқандары бірнеше мәрте полицияға барып, мекеменің табалдырығын тоздырса да, тәртіп сақшылары арызды тек қаңтар айында қабылдаған. Істің жүруіне аудандық білім бөлімі мен құзырлы органдар барынша қарсылық танытқан.

Қоғам наразылығын тудырған оқиғадан кейін бірнеше шенеунік жауапқа тартылып, жұмыстан шеттетілді.

Зорлық жасаған жасөспірімдерге қатысты сот процесі жабық режимде өтті. Әуелде бұл іс бойынша төрт күдікті еді. Бірақ жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасағаны үшін 14 жастан бастап қана жауапқа тартылады. Қылмыс жасалған сәтте тек біреуі ғана осы жаста болған. Оның әрекеті қылмыстық кодекстің 121-бабы 4-бөлігі(кәмелеттік жасқа толмаған балаға қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық) бойынша сараланды. Қалғандарына қатысты 14 жасқа толмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды.

Сот алдына келген жалғыз айыпталушы – 2002 жылы туған жасөспірім 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын кәмелеттік жасқа толмағандарға арналған орта қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде өтейтіні айтылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама