×

Исламбек Салжанов Ұлттық спорт қауымдастығының президенті болып сайланды

Бақдәулет Сәбитов пен Рауан Кенжеханұлы қауымдастық президентінің орынбасары болып сайланды

 Халық үні 09.09.2022 | 15:12
Фото: Akorda.kz

«Altyn Qyran Foundation» қайырымдылық қорының президенті Исламбек Салжанов Ұлттық спорт қауымдастығы президенті болды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бұл туралы Исламбек Салжанов әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

«Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың қатысуымен Ұлттық спорт қауымдастығы құрылтайшыларының жалпы жиналысы өтті. Қауымдастықтың соңғы үш жарым жылдағы жұмысы жайлы есеп беріліп, жаңа жарғысы қабылданды. Дауыс беру нәтижесінде қабылданған тағы бір шешім – Ұлттық спорт қауымдастығы президентін қайта сайлау», - деп жазды Салжанов.

Сондай-ақ қауымдастық президенті қызметіне ұсынғаны үшін құрылтайшыларға алғыс білдірді.

Қауымдастық президенті қызметіне мені ұсынып, сенім артқандары үшін құрылтайшыларға ризашылық білдіремін. Бұл – қоғамдық негіздегі, артар жүгі мол, жауапкершілігі зор жұмыс, –  деп жазды Исламбек Салжанов.

Сондай-ақ Бақдәулет Сәбитов пен Рауан Кенжеханұлы қауымдастық президентінің орынбасары болып сайланды.

«Ұлттық спорт – халықтың рухын көтеріп, баршаға ортақ құндылықтарды қалыптастыратын, отаншыл және мемлекетшіл сана-сезімді күшейтуге ықпал ететін маңызды сала. Оның статусы – мемлекеттің абыройы. Біз ұлттық спортты дамытуға көңіл бөлу арқылы елдік рух пен бірлікті күшейтеміз. Мемлекеттің халықаралық беделін көтереміз», - деді Исламбек Салжанов.

Айтуныша, ұлттық спорт стандарттарын бекіту және жаңа формат енгізу жоспарланып отыр.

«Ұлттық ат спортын модернизациялау мақсатында «Ұлы Дала Жорығы» марафон-бәйгесіне жан-жақты қолдау көрсетеміз. Болашақта ұлттық спорт жарыстарына тікелей трансляция жасауды жолға қою қажет. Одан бөлек, спорттық инфрақұрылымдар салу, отандық тренерлер мен судьяларды дайындау, балалар спортын дамыту сияқты көптеген мәселелер бар», - дейді ол.

Айта кетейік, «Ұлы Дала Жорығы» – еліміздің 6 өңірін (Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда, Түркістан облыстары) қамтитын тұңғыш жалпыреспубликалық ат марафоны. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауы және The Great Steppe Tour, Altyn Qyran Foundation қоғамдық қорларының ұйымдастыруымен өтеді.

17 қыркүйекте елордадағы «Қазанат» ипподромында 100 шабандоздың қатысуымен марафонның салтанатты ашылуы болады. Ал 18-29 қыркүйек аралығында марафоншылар елордадан Түркістан қаласына дейін 1200 шақырымнан аса қашықтықты басып өтпек.

Марафон 100 шақырымдық 12 сатыға бөлінген. Оған еліміздің әрбір өңірінен 1 командадан қатысады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама