×

СҚО-да 8 жастағы бала қарындасын шөп оратын құрылғымен жарақаттап алды

Үш жасар қыздың бауыры, ішегі және асқазанына зақым келген

 Самат Жақып 08.09.2022 | 16:26
Фото: ашық дереккөз

Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданында 8 жастағы ер бала қарындасын шөп оратын құрылғымен жарақаттаған. Оқиға Явленко елдімекенінде 5 қыркүйекте болған, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Үш жасар қыз бұта арасында отырған. Сол сәтте 8 жастағы бала шөп оратын триммерді қосқан. Құрылғы қыздың ішін тіліп жіберген.

Салдарынан бүлдіршіннің бауыры, ішегі және асқазанына қатты зақым келген.

Ол алдымен ауылдық амбулаторияға, артынша Есіл аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. Сол уақытта ауруханаға Петропавлдан мамандар көмекке жетті. Дәрігерлер 5-6 сағат бойы ота жасап, қызды аман алып қалды.

Қазір жағдайы тұрақталған соң бүлдіршін облыстық балалар ауруханасына ауыстырылды.

Баланың ішектеріне, асқазаны және бауырына зақым келді. Асқазаны екіге бөлініп қалған, бауырының бір бөлігін тіліп түскен. Барлық ішегі бірнеше жерден кесілген. Қыз аман қалды. Бұл алдымен ауылдағы дәрігерлер мен Явленка ауданындағы мамандардың арқасы. Олар тез арада дұрыс шара қолданып, қажетті дәрі-дәрмекті беріп, ауырсынуды басқан, - дейді СҚО көпбейінді балалар ауруханасының директоры Нұрлан Айманов.

Оның айтуынша, аудандық аурухананың реаниматологы жағдайды бақылауда ұстаған.

«Түнгі сағат 12-ден таңғы сағат 6-ға дейін күрделі операция жасалды. Асқазанды қайта жалғап, бауырдан аққан қанды тоқтату қиын болды. Кесілген ішекті жалғап, ағзаны орнына келтіру де оңай болмады. Бүлдіршін тірі қалды, бірақ жағдайы ауыр», - дейді ол.

Бүлдіршін қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Мамандар оны республикалық санавиациямен елордадағы ана мен бала ұлттық ғылыми орталығына жіберуді жоспарлап отыр.

«Ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмауға кеңес беремін. Қалай болғанын өзімізде аңғармай қалдық. Қазір үлкен балама да оңай емес. Қатты уайымдап отыр»,- дейді балалардың анасы Виктория Фишер.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама