×

Қаңтарға қатысқан белсендіге түрмеде қысым жасалып жатыр – адвокат

Қосай Махамбаевқа сот психологиялық-психиатриялық сараптама тағайындаған

 Халық үні 07.09.2022 | 16:28
Фото: ашық дереккөз

Алматыда адвокат Жалғас Сапарханова мен Айнара Айдарханова Қаңтар оқиғасына байланысты қамауда отырған белсенді Қосай Махамбаевқа қысым көрсетіліп жатқанын мәлімдеді. Олардың сөзінше, сот Махамбаевқа еш негізсіз, мәжбүрлі психологиялық-психиатриялық сараптама тағайындаған.

«Қосай Махамбаевтың үстінен қозғалған істе заң бұзушылықтар бар. Алматы қаласы арнайы прокурорлар басқармасының жедел тергеу тобының тергеушілері мен жетекшісі мені бұл іске қатыстырғысы келмеді. Іс бойынша құжаттардың көшірмесін алу жөніндегі өтініштерім әлі күнге дейін қанағаттандырылмады. Сот Махамбаевқа мәжбүрлі түрде психологиялық-психиатриялық сараптама тағайындау қаулысымен таныстырды», - дейді Сапарханова.

Адвокаттың айтуынша, бұл сараптаманың не үшін тағайындағанын сұраған.

«Олар 1 тамызда №24 аурухананың психиатр дәрігерінің Махамбаевты тексеруін сараптамаға негіз етіп алғанын білдік. Қазір бізде «Махамбаев отырған ЛА-155/18 мекемесінің басшылары не себепті мұндай сараптама тағайындады?» деген сұрақтар туып отыр. Қазір Махамбаевқа қысым жасалып жатыр. Біз оны психиатр дәрігердің барып тексеруі заңсыз деп есептейміз. Себебі ол басына, денсаулығына қатысты ешқандай шағым түсірмеген», – дейді Жалғас Сапарханова.

Жалғас Сапарханованың сөзінше, Қосай Махамбаевтың оқ тиген кездегі жарасына аллергия шыққан. Осыған байланысты олар түрме басшылығынан тері аурулары дәрігерін шақыруды сұраған. Бірақ оның орнына психиатр дәрігерді жіберген.

«Қосай Махамбаев қамауға алынған бастапқы үш айда екі адамдық тар қапаста отырды. Оның жуынуға мүмкіндігі болмады. Оқ тиген жараларына аллергия шығып кеткен. Сол себепті біз тері ауруы дәрігерлерінің тексеруін сұрап шағым түсіргенбіз. Алайда біздің ол арызымыз қанағаттандырылмай, №24 аурухана басшылығы психиатр дәрігерді жіберген. Махамбаевты не себепті психиатр қарағаны бізге жұмбақ болып тұр», – дейді Сапарханова.

Сапарханова Қосай Махамбаевтың үстінен «ғимараттарға шабуыл жасау» бабы бойынша тағы бір іс қозғалып жатқанын айтты. Бұл жөнінде прокурордың қабылдауында болған кезде белгілі болған.

«Прокурордың қабылдауында болғанымызда Қосай Махамбаевқа қатысты Қылмыстық кодекстің 269-бабы («ғимараттарға шабуыл жасау») бойынша тағы бір іс қозғалатынын айтты. Алайда Махамбаев қаңтарда аяғына үш жерден оқ тиіп ауруханаға түскен. Ол ғимараттардың маңайына да жоламаған. Бұл бап негізсіз және заңсыз ілініп отыр деп санаймыз. Істе тіпті 272-баптың белгілері де жоқ. Себебі 4-5 қаңтарда бейбіт шеру болды. Бұның барлығы Махамбаевқа жасалып жатқан қысым деп білеміз», – дейді ол. 

Қосай Махамбаев – бір отбасының жалғыз асыраушысы. Адвокаттың сөзінше, қазір Махамбаевтың анасы төсек тартып жатыр. Осыған байланысты оны түрмеден үй қамаққа ауыстыру қажет.

Қаңтар оқиғасы кезінде оқ тиген Қосай Махамбаевты 2 маусымда Алматы қалалық мамандандырылған ауданарылық соты 15 тәулікке қамау жөнінде шешім шығарған. Оған «заңсыз митингке шақыру» айыбы тағылған. Кейіннен 17 маусымда Алматының тергеу соты оны екі айға қамады.

Есдәулет Қызырбекұлы, Алматы қаласы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама