×

Қаңтар оқиғасы: азаптау істерін прокурорлар тергеуі мүмкін

Жыл басынан бері заңсыз қамалған 600-ден аса адам босатылған

 Дәурен Ерболат 07.09.2022 | 13:06
коллаж: Halyq Uni

Қаңтар оқиғасы бойынша азаптау істері прокурорларға берілуі мүмкін. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Ол жақында азаптауларды тергейтін прокурорларға арнайы семинар өткізу жоспарланып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, қаңтар оқиғасы азаптауға қатысты маңызды мәселелерді шешу керектігін көрсеткен.

«Біз негізгі күшімізді азаптаудың себептері мен шарттарын анықтауға бағыттадық. Ұсталған адам құқығын қорғайтын ең тиімді тетіктің бөлігі қызметтік бөлмелерде бейнебақылау камераларының орнатылуы болды. Мұны тексердік. Ол бойынша тергеу органдарында тергеу камераларына көрінбейтін 5 мыңнан аса аймақ анықталды. Орнатылған камералардың жұмыс істемеуі мен камера орнатылмаған деректер бойынша құқық қорғау органдарына прокурорлық қадағалау актілерін енгіздік», - деді Бас прокурордың орынбасары.

Әсет Шындалиев бейнежазбаларды пайдалану туралы бірыңғай ереже мен жұмыс істейтін прокурордың тәртібі енгізілгенін жеткізді.

Прокурорлар күнделікті қылмыстық қудалау органдарының бөлмелерін аралап, тексереді. Заңсыз қамалған адамдар болса, оларды тез арада босатады. Бұл жұмыстың нәтижесінде биыл 8 айда 600-ден астам адам босатылды, - деді ол.

Бас прокурордың орынбасары заңға енгізілген өзгерістерге де тоқталды.

«Қазір Мәжілісте прокурорға азаптау істерін тергеу өкілеттігін беру туралы заң қарастырылып жатыр. Бүгін бірінші оқылымнан өтті. Ол түзетулерді күтпей, оны іске асыратын Бас прокурордың нұсқаулығын әзірледік. Жақында азаптауларды тергейтін прокурорларға арнайы семинар өткізу көзделіп отыр», - деді Әсет Шындалиев.

Сондай-ақ отырыста ол «Прокуратура туралы» Конституциялық заңның жобасын таныстырды. Мәжіліс депуттары құжатты мақұлдады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама