Ақтөбе облысында бірінші сынып оқушыларының 75 пайызы қазақ тілінде оқиды
Облыста 1-сыныпта 20 мыңға жуық бала оқып жатыр
Ақтөбе облысында жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа 19 753 бала қабылданды. Оның ішінде 74,8%-ы қазақ тілінді білім алады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Ақтөбе облысы білім басқармасының хабарлауынша, өңірде 404 мемлекеттік және 13 мектеп бар. Бұл мектептердің 1-сыныбына қабылданған 19 753 баланың 14 782-сі (74,8%) қазақ тілінде білім алады, 4 971 баланың (25,2%) ата-анасы орыс тілінде білім беретін сыныпты таңдаған.
Айта кетейік, 2021-2022 оқу жылында өңірдегі мемлекеттік және жеке мектептердің 1-сыныбында 19 367 бала оқыды. Оның ішінде 14 157 бала (73,1%) қазақ тілінде оқытатын мектепке барған. Қалған 5 210 бала (26,9%) орыс тілінде білім алды.
2022-2023 оқу жылында мемлекеттік мектептердің 1-11 сыныбында 165 793 оқушы білім алып жатыр. Оның ішінде 125 875 бала қазақ тілінде оқиды, 39 918 оқушы орыс тілінде білім алады.
Сондай-ақ Ақтөбе облысында 2 кешкі мектеп бар. Ол мектептерде 86 бала білім алып жатыр. Екі мектеп те облыс орталығында орналасқан.
Айта кетейік, 2022-2023 оқу жылында Атырау облысы бойынша 14 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын аттады. Қазақ сыныбына қабылданғандар саны – 11 925, орыс сыныбына қабылданғандар саны – 3 503 оқушы.
Маңғыстау облысында жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа қабылдауға 19 846 өтініш түсті. Оның ішінде қазақ сыныптарына 17 031 (85,8%) бала барады.